Солақай саясаттың сызын тартқанда
XX ғасырдың басы қазақ тарихындағы қиын-қыстау кезеңнің бірі екені белгілі. Сол кезеңдегі билік басындағылардың ұстанған озбыр саясаты қазақ халқының ұлттық рухын жаншып, ел ішінде өзара алауыздық тудыруға бағытталған болатын.
Ф.И.Голощекиннің қазақ ауылдарына «Кіші Қазан» орнатамын деген қисынсыз идеясы жүзеге асып келе жатты. Осыған орай 1928 жылы 27 тамызда оның аса ірі байларды тәркілеу туралы декреті жарияланды. Құжат «Байлардың шаруашылығы мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» деп аталды. Осы заңнамадан соң ел арасында жаппай байларды тәркілеу мен қудалау қызу жүргізілді. Шынтуайтында, қазақтың сол кездегі қолының кірі барларының барлығы бірдей қатыгез әрі дүниеқоңыз болмаған. Негізі қазақ ауылындағы байдың рөлі өзгеше болған. Бай тек өзін ғана емес, бір әулеттің, ауылдың асыраушысы еді. Сол ауылдың малымен қоса, адамына жауапты, елге сөзі өтімді азаматы еді. Сондықтан да қазақтың байын тәркілеу – қазақты аштыққа ұшыратудың тікелей жолы болды. Осындай жымысқы ниеттегі кеңестік жүйе өзінің астыртын саясатының орындалуына ден қойып, жазалаушылардан барынша қатыгез болуды талап етті. Жаппай саяси қуғын-сүргін посткеңестік кеңістіктің барлық республикасын қамтыды.
Мұрағатта сақталған құжаттарға үңілсек, өзіміздің облыста қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 5 мыңға жетіп, 1928 жылы 57 ірі бай тәркіленіпті. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандаған кеңестік жүйе қолшоқпарлары тарапынан шектен тыс қатаңдық байқалды. Бай санатына жатпайтын 500-ге жетер-жетпес ұсақ малы бар шаруаларды да ірі байлардың қатарына жатқызу орын алды. Орта шаруаның өзін бай санатына қосып, жер аударту фактілері көптеп кездесті. Мұның бәрі қазақ арасында жіктік бөлінуді тудыру үшін жасалып отырған еді.
Облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлының айтуынша, «Конфискация басталар алдында байлар басқа да қулықтарды ойлап тапты» деген хабарламалар өрбіген екен.
– Саясаттың ұзын құрығына ілікпеу үшін халық арасында жан сақтаудың түрлі тәсілдері пайда бола бастады. Бірі бай саналмау үшін кәмелетке толмаған балаларын үйлендіріп, оларға малын бөліп берген. Ал көп жар сүйген байлар әйелдерімен заңды ажырасып, малы мен мүлкін бөліп алып, аман қалған. Мысалы, Әулиеата ауданының тұрғыны, ұзақ жылдар болыс қызметін атқарған Дербіс Қалабаев партия мүшелігіне кірген ұлдарына мал-мүлкін бөліп беріп, тәркілеуден құтқарған. Соның өзінде тәркілеушілер малдың жұттан қырылғанына сенбей түрлі себептер тауып, жала жапқан жағдайлар көптеп кездескен. Оған дәлел, Әулиеата өңіріндегі Байелі Бейсев атты шаруаның қорасынан көп мал таба алмай, «пара беріп, анықтаманы сатып алдың» деген айып таққанын айта аламыз, – дейді С.Зейнуллаұлы.
Әулиеата өңірінен тәркіленген ірі байлар қатарына Тұрғынбек Зәуірбеков, Бошай Мойнақов, Бұралқы Сұлтанбеков, Шолпанқұл Мәдеров, Түсіпбек Ықыласов, Қарабай Тәжиев, Мешітбай Өмірбеков және тағы басқалар жатады. Қудаланғандар арасында атақты күйші Ықылас Дүкенұлының Шәкі деген тарақты қызынан туған тұңғышы Түсіпбек Ықыласов та бар. Түсіпбек Ықыласов – қобызы арқылы мал жиып, байыған кісі. Байларды тәркілеу кезеңінде Сарысу ауданынан айдалып кетіп, Орал түрмесінде көз жұмған екен.
Саяси қудаланғандардың бір тобы Тұрар Рысқұловтың есімімен байланысты. «Рысқұловтың құйыршығы» деген жаламен жазықсыз айыпталып, қуғынға ұшыраған Жақаш Мамыровты айтуға болады. Ол кісі революцияға дейін Меркіде «Қазақ жастары одағын» Тұрар Рысқұловпен бірге құрған екен. Жақаш Мамырұлына «халық жауы» деген жала жабылып, 1938 жылы атылып кетеді.
Меркі өңірінен қудаланған Т.Рысқұловтың «демеушісі», жиырма бес жыл болыстық қызметте болған Бектен Медеров тәркіленуге ұшыраған. Бектен болыстың Сұлтанқұл, Шолпанқұл атты ұлдары да бай ретінде тәркіленген.
Архив құжатында байлар бастарын сауғалап, шекара асып, жан-жаққа көшкені жөнінде де жазылған. Мәселен, бір ғана Меркі ауданының байлары Биғазы Қонысбаев, Сейітжаппар Ибрагимов, Қойбай Көкталов, Қарабай Әділбеков, Қадырбек Құсбеков, Әулиеата ауданынан Бұралқы Сұлтанбековтың басқа жаққа қашуға мәжбүр болғандығы айтылады. Билік олардың отбасын қамауда ұстағаны жөнінде де деректер бар. Қашқындарды ұстап, жазаға тарту деректері де кездеседі. Жуалылықтар Ергөбек Жұмағұлов пен Бердалы Тәжіұлының милиция оғынан опат болғаны туралы ел аузында әңгіме қалған.
Қудаланғандар арасында қарапайым малшы, шаруалар да көптеп кездеседі. Мысалы, Сарысу ауданындағы «Қылша» шатқалында малшы болып еңбек еткен ағайынды Нарымбай Әуесбеков пен Қоңырбай Әуесбеков мерзімді жылға сотталғандар қатарына кіреді. Бұдан халық арасында дәулетті болмаса да, «бай» деген айып тағылып, жазықсыздан-жазықсыз қудаланғандар да болғанын байқаймыз.
Бір сөзбен айтқанда, халық арасында байларға деген таптық көзқарастың болмауы байларды тәркілеу саясатын тудырды деп қорытынды жасауға болады. Дегенмен өкіметтің озбыр саясаты өз дегеніне жетті, елді жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Ұлттық мұрамызды, санаға сіңген дәстүр-салтымызды, тілімізді, тарихымызды жоққа шығарғысы келді. Осы мақсатты орындау үшін өз халқын шын сүйіп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылығымызды сақтауға тырысқан халық жанашырларын асқан қатыгездікпен, жала жабу арқылы қуғындауға ұшыратты. Бұл келтірілген мысалдар тек бізге белгілері ғана.
Архив сөрелерінде шаң басып, ақтауды күтіп жатқан талай боздақтың құжаты бар екені шүбәсіз. Болашақта тарихымызды қайта аршып, жазықсыздарды ақтап алу біздің қасиетті борышымыз болуы керек. Өңірде негізсіз қудалауға ұшыраған, бар мақсаты өзінің туып-өскен жерін сақтап, ұлттық құндылығын жоғалтпауды жалау еткен жазықсыздар қоғамнан әділ бағасын алуы керек деп ойлаймын.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала