Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Перзентхана алдындағы даңғазалық

Перзентхана алдындағы даңғазалық
ашық дереккөз
Перзентхана алдындағы даңғазалық
Бос мақтангершілік пен даңғаза – бүгінгі өмірдің айқын көрінісі болып тұр. Асыра мақтангершілік адамды тура жолдан тайдырады. Бай туысымен, бастық күйеу баласымен, миллионер құдасымен, алған көлігімен, өзінде ештеңесі болмаса да айдаладағы біреумен мақтана беретін бізге бос мақтанудың дарақылық екенін ұқтыра алмай тұр. Адамзатқа өмірлік бағдаршам берген ұлы Абайдың өзі мақтангершілік, ысырапшылдық кеселдерден аулақ бол деп кеткен жоқ па? Тақырыпқа тұздық ретінде «Facebook» әлеуметтік желісіндегі қызу талқыланған жазбаға тоқталайын. Маңғыстау облыстық перинатальді орталығы тұрғындарға маңызды өтініш жолдады. Олар перзентхананың кіреберіс алдындағы сәбиді үйге шығару рәсімінің шоуға айналғанын жеткізді. «Күнде сағат 14.00-ден бастап жұмыс аяғына дейін орталық алды тойдағыдай у-шу, қып-қызыл би, қымбат көліктер, шоу бағдарламалар, түрлі аниматорларға толып, тума-туыс, дос-жаран кішігірім той жасайды. Қанша ескертсек те қарапайым халық та, аниматорлар да түсінер емес. Думан-тойдың тоқтайтын түрі жоқ. Тұрғындар жаңа босанған ана мен өмір есігін ашқанына бір жеті де толмаған сәбиге ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра, баян, домбыра, әншілерді, аниматорларды жалдап, дрон ұшырып, өлең айтып, концерт ұйымдастыруды үйреншікті әдетке айналдырып отыр» деп жазды орталық басшылығы. Сондай-ақ бұл мекеменің ең алдымен медициналық мекеме екенін, мұнда тек қуанышты жайттарды ғана емес, сонымен қатар бала өлімі болып тұратынын немесе жансақтау бөліміне түскен сәбилер күтімі жайлы, екі үш айлап оңалтуда жатқан ана мен баланың көңіл күйін де ойлап қою керектігімізді ескертті. Шындығында, мәдениетті түрде жеткізілген хабарламаның мазмұнын барлық қалалардан көруге болады. Тура сол көрініс. Облыстық, қалалық перинатальді орталықтың алды тура осылай той-думанға айналғалы қашан. Нәрестенің дүниеге келуі, әрине, үлкен қуаныш. Алайда сол қуаныштың лебін медициналық мекеменің алдында жасамай, үйде-ақ тойлатуға болмай ма? Кейбіреулер заман талабы деп гүлін, шарын көтеріп, аниматор, лимузин, әнші жалдап, дақпырт қылып барша әлемге баласының туғанын жария етуде. Ал біреулер көлігіне «Адай еліне бір ару», «Қоңыраттың қозысы туылды», «Байыс еліне +1 ұл» деген секілді жазып қойып, көше-көшеге бипылдатып, қуаныштары қойындарына сыймауда. Осыған орай ың-шыңсыз 15 бала дүниеге әкелген алтын құрсақты ана Сайлаукүл Өміралиева: «Бақыт тыныштықты сүйеді. Баяғыда қанша баламыз бар екенін жасырып қоюшы едік. Тіл бар, көз бар, сөз бар дегендей. Перзентхана алдында тойлатқанымен қоймай, бүгінгі жастар ғаламторға да балаларының бет-жүзін, санын көрсетіп сала беретін болыпты. Жаңағыдай лимузинмен шығару деген болмапты. Өзіміз-ақ шаруадан қолы босамаған күйеуді күтпей келе беретін едік. Мейлі, қазір XXI ғасыр. Түсінеміз. Қуанышқа ортақпыз. Бірақ даңғаза ету, жариялылық не керек», деп түйді. Сырт көзге мақтанамыз деп, керісінше абыройдан айырылып жатқан жоқпыз ба? Бес күн жейтін асты бір күнде тауысып, перзентхана алдына спирттік ішімдіктер апарып, тойлау, дабырайту – әбестік. Кейбір аналардың қымбат көлікпен, аниматорлармен шығуға жағдайы жоқ. Көңілге кірбің келтірер осындай тұстарды ескерсек екен. Әлеуметтік желіге жүктелген материалға көптеген пікірлер жазылуда. Шолпан Рақымқызы атты оқырман «Әркім өз ауласында, өз есігінің алдында тойласын. Қошеметті үйде жасаңыздар» деген пікір қалдырды. Ал шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы «Шынында мынандай даңғазаға заңмен тыйым салу керек. Перзентханада тек қуаныш қана емес, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан аналар да бар. Кейде жаңа туған нәресте шетінеп кететін жағдайлар да болады» деп жазды. Қуанышты тойла, қазақ, алайда көрінгенге болма мазақ! Қоғамда болып жатқан мақтангершілікті ізін суытпай газет беттерінде саралап беріп тұру керек деп шештік. Бұл ненің не екенін ажырата алмай жүргендерге де сабақ болар еді. Мақтанудан бұрын арды ойлайық!

Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар