АҚША АШПАЙТЫН ҚҰЛЫП ЖОҚ
Отбасының әл-ауқаты, қаржылық жағдайы әрқашан өзекті мәселе. Отбасылық өмір тек махаббат пен сыйластықтан ғана тұрмайды, материалдық жағдайға да тәуелді болады. Үйлесімді қарым-қатынас дегеніміз романтика ғана емес, шығын шығаруды қажет ететін күнделікті күйбең тіршілікке негізделген.
Отбасылық бюджетті әркім әрқалай басқарады. Бір үйде бес адам жұмыс істесе де кейде қаржыны жеткізе алмай жатады. Ал кейбір үйде екі-ақ адам жұмыс істесе де берекесі тасып, ішіп-жемнен тарықпайды. Негізі тапқан табысты тұрмыстық қажеттілікке артығымен жеткізудің екі жолы ғана бар. Ол – ай сайын тым қомақты қаржы табу немесе қолда барды үнемдеу. Осының ішінде үнемдеу – ең ақылға сыйымды және кез келген адамның қолынан келетін іс. Ал «Ақшаны қалай үнемдейміз?» деген сауалға келсек, оның да неше түрлі жолы бар. Біріншіден, «жеңілдігі бар екен» (акция) деп аса қажеттілігі жоқ тауарды сатып алудан бас тарту керек. Одан бөлек жол жүруге қатысты қалта шығынын да бір жүйеге келтіруге болады. Өйткені қазіргі кезде кез келген қалада қоғамдық көлік жолақысын төлеудің электрондық жүйесі қолданысқа енген. Мәселен, Тараз қаласында «TulparCard»-ты пайдалансаңыз, жолақы үшін 85 теңге төлейсіз. Аталған төлем картасы болмаған жағдайда жолаушының қолма-қол 130 теңгемен есеп айырысуына тура келеді.
Қаржыны түскі астан үнемдесе де болады. Жұмыс орнына жақын маңдағы асхана, дәмханадан тамақтанған адам бір айда айтарлықтай қаржы жаратып қояды. Ал түскі тағамын үйден дайындап әкелген адам біршама қаржы үнемдейді.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, еңбекақысын алған күні адам өзін аса бай әрі бақуатты сезінеді екен. Дәл сол күні адамдар ақшасын бейберекет жаратып қоюға құштар болады екен. Кейде пенде болғаннан кейін бір ай еңбектеніп тапқан жалақысын бір күнде жаратып тастап, қарап отыратындар да бар көрінеді. Қаржы мамандарының айтуынша, қолға түспеген ақшаға алдын ала жоспар жасауға болмайды. Мәселен, «айлықақым түссе, пәленшеге қарызымды қайтарамын немесе осы жолы мына затты аламын» деген секілді жоспар құрудан аулақ болу керек. Ақша түскен соң ғана жоспарлап, үнемдеп жаратқан жөн екен. Алдымен депозиттерге ақша салып, өзіңе қор жинаған дұрыс. Содан кейін ғана несие жабу, балабақша мен коммуналдық төлем төлеу, пәтерақысын беру секілді қаражатты орнымен жұмсау қажет. Ал көп отбасында жалақы түскен күні-ақ жоқ болады. Бір ай тағы қарызданып өмір сүру керек болады. Еңбектің бейнетін тартқаннан кейін оның рақатын көру, отбасы қажеттілігіне молынан жететіндей етіп өмір сүру үшін бірнеше нұсқаларды қарастырып көрейік.
Ең біріншіден, есеп кітабын жүргізу қажет. Қалың дәптер ме, әлде блокнот арнайсыз ба, кіріс пен шығысты реттетіп отыру керек. Бұл туралы бізге Тараз қаласында орналасқан «Kaspi Bank»-тің Әйгерім Төлеутаева есімді маманы айтып берді.
– Өз ақшаңды үнемдеудің ешқандай ұяты жоқ. Бүгінде смартфоныңызға «Копилка», «Дзен-мани», «Monefy и Бюджет» секілді мобильді қосымшаларды жүктеп алып, осы электрондық кестені пайдаланып көруге болады. Қосымшалар өте ыңғайлы. Шығындарды телефонға жазып отыру блокнотқа жазудан жеңілірек. Кірістер мен шығындар бөлігі бөлек-бөлек жазылады, жалпы отбасылық бюджет туралы есеп жүргізгенге өте қолайлы. Ай сайын тұрғын үй және коммуналдық төлемдерге қанша қаражат жұмсалды? Несие төлеуге қанша қаржы кетті? Күнделікті азық-түлікке қанша ақша жұмсалды? Киім мен жеке гигиеналық заттарға қанша қаражат кетті? Сыйлық, тойхана, серуен құруға және автобус, такси қызметтері секілді түрлі қажеттіліктерге қанша қаражат жұмсалды? Осының бәрін ретімен жазып отырсаңыз сізге әжептәуір түсінікті болады. Келесі айда бекерге ақша шашпайтын боласыз. Ұмытпаңыз, үнемшілдік сіздің өміріңізге көлеңке түсіріп, көңіл күйіңізге кері әсер етпеуі қажет. Үнемдеу – өмірді жеңілдету, – деп жауап берді ол.
Ал ақшаны қалай сақтау керектігі жайлы экономист, қаржы маманы Айсана Тымбаева: «Ақша ұқыптылықты ұнатады. (50/20/30) қағидасын ұсынар едім. Ай сайынғы табыстың 50 пайызы тамақ, көлік, кредит секілді «міндетті шығынға» жұмсалады. Ал 20 пайызын депозит ретінде сақтап қойған дұрыс. Қалған 30 пайызы өзіңіз үшін, яғни достармен көңіл көтеру, сұлулық салондарына бару, мейрамхана-дәмханадан тамақтануға жұмсалуы керек. Ақша жинауды мақсат еткен кез келген адамға ай сайынғы табысын осылай бөлуге кеңес бергім келеді. Сосын карточкадағы ақша тез жаратылып кетеді. Әр адамда кем дегенде төрт-бес банктік карточкасы болады. Соның ішінен нақты жалақы алатын карточканы қалдырып, қалғанын жауып тастау керек. Себебі ол карточкаларда да қолданғаныңыз үшін пайыз жүреді. Үйде «копилка» ұстаған жөн. Бұған «ескілік» деп қарайтындар бар. Дегенмен бұл әдіс пайдалы.
Сыйақы, қосымша табыстан тиындай әрі қағаз ақшалай салып отырсаңыз керегіңізге жарайды. Бүгінде депозиттердің түр-түрі бар. Ақшаны соған жинап көрсе де болады. Бір немесе үш жылға дейін жаратуға болмайтын, үстіне әжептәуір пайыз ақша қосылатын депозиттер әр банкте бар. Айлық алғанда 20 000 теңгені жоқ деп есептеп, депозитке салып қойыңыз. Саяхатқа, үй алуға, көлік алуға осылай қаржы жинауға болады», деді.
Енді «Баспанаға қалай ақша жинауға болады? Қанша уақытта, қандай бағытта үйлі бола аламыз?» деген сұрақпен «Отбасы банкінің» облыстағы филиалының кеңсесіне бардық. Аталған қаржы ұйымының «Клиенттермен жұмыс» бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірмановамен тілдестік. Түсінуімізше, мемлекеттік бағдарламаларға атында бес жылға дейін үйі болмаған азаматтар қатыса алады. Біріншіден, олар банктен депозит ашады және оны ай сайын толықтырып отыруы тиіс. Сонда ғана жыл соңында мемлекеттік сыйақыға қол жеткізеді. Егер салымшы баспана үшін үш жыл бойы тоқтамай қаржы жинаса, жұмыс орнын растамай-ақ үй ала алады. Атында үйі бар жандар баспана құнының 50 пайызын банкте жинайды. Қалған 50 пайызын банк береді. «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы бойынша үйлі болған жандар өте көп. Рано Күзенбаева да осы бағдарламаның арқасында баспаналы болған. Ол 15-ықшамауданнан 2 бөлмелі пәтер алыпты.
– Бұл бағдарламамен үй алып жатқандар көпбалалы отбасы, ерекше қажеттілігі бар жан, жалғызбасты ана секілді халықтың белгілі бір санатына жататындар. Пайыздық мөлшерлемесі де өте тиімді. Бастапқы жарна үшін 500 мың теңге жинадым. Аталған бағдарламаға жалғызбасты ана ретінде қатыстым, – деді қуанышы қойнына сыймай.
Қазақ «Өз үйім – кең сарайдай боз үйім» деп бекерге айтпаса керек. Демек, өз үйіңе ақша жинаудың алғашқы іргетасы депозит ашудан басталады. «Отбасы банк» мамандары салымды «Отбасылық пакет» ретінде ашқан жөн деп есептейді. Яғни жұбайыңызға, өзіңізге, анаңызға, балаңызға деген секілді отбасы құрамына да үш-төрт депозит ашып, бір айда бәріне қаражат салып тұрсаңыз, жыл соңында бәріне дерлік мемлекет тарапынан 200 айлық есептік көрсеткішпен 20 пайыз сыйақы беріледі. Үш жылдан соң бәрін біріктіріп, тамаша үй алуға болады. Ең бастысы, ақша жинауға деген ықыласыңыз болса болды.
Кейбір азаматтарды ақшаны қай валютада сақтаған жөн деген сауал қызықтырады. Қаржы мамандары берген кеңеске сүйенсек, қаржыны ұлттық валютада сақтау ең тиімді жол екен. Депозит ашу мен ашпауды, ақшаны шашу мен үнемдеуді әркімнің өз еншісіне қалдырамыз. Алайда қай валюта болса да қаржыны депозитке салу – бүгінгі заманда ең ұтымды жол. Сол жол арқылы адам діттеген мақсатына жете алады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала