ЕРТЕГІ АЙТАТЫН ӘЖЕ ҚАЙДА?
Ертегі баланың ертеңін қалыптастырады. Әжелер айтқан ертегі арқылы бала жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды, мейірімділік пен жауыздықты, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуды үйренеді, тілі жаттығады, ойы толысады.
Ертегі, аңыз-әңгімелердің кейіпкерлері олардың басынан өтетін оқиғалары арқылы күнделікті нәрселерді талдай білуді және әлемді түсінуді үйренеді. Иә, дәл солай. Десе де заманның ағымына сай бүгінгінің балалары ертегі тыңдамай ма, әлде ертегі айтатын әже қалмады ма белгісіз, «Ерте ерте, ертеде» деп басталатын ертегілер желісін ешқайдан естімейтін болдық. Көк жәшіктің түрленбей тұрған уақытында радиодан «Зәмзәгүл әженің ертегілерін» тыңдаушы едік. Ғаламторды түрлі видеолар жаулап алғалы теледидардан көрсетілетін «Балапан» телеарнасының ғибратты мультхикаялары да жайына қалып, көрермен саны азайған. «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» деген екен даланың дара ұстазы атанған Ыбырай Алтынсарин. Алайда біз осы алтын қағиданы қаншалықты пайдаланып жүрміз? Ең қызығы сол, ертегі айтып отырған әжені көрсек таңғалатын болыппыз. Бұл қалыпты жағдай секілді көрмегендіктен болар.
Мектеп кітапханаларындағы кітапханашылардан сұрасақ, ертегі кітаптардан гөрі бастауыштың балалары жан-жануарлар, құрт-құмырсқалар, робототехника сынды кітаптарды көбірек алып оқиды екен.
Қазіргі балалардың білетіндері ұялы телефоннан көрген «А 4» тобының блогы, «YouTube»-те қаралым жағынан бірінші орынға шыққан «Маша мен аюдың» мультхикаялары және Ча-ча, Бум-бум болып ән салатын 25 миллион кішкентай көрермені бар қырғызстандық «D Billions» атты ән тобының бейнебаяндары. Олар туралы кішкентайлар бәрін біледі. Ал қандай ертегі білетінін сұрасаң кейбіреулері ғана «Мақта қыз бен мысық», «Алдар көсе» ертегілерін көргендерін айтады. Бірақ кітаптан, журналдан оқымаған. Тіпті үлкендердің аузынан да тыңдамаған. Дегенмен осыған да ішің жылып сала береді. Ал кейбіреулері ертегіні мүлде білмейді.
Оқырман Райма Абдрахманованың жасы 60-та. «Баяғыда өз әжеміз ертегі айтып беретін. «Заманына қарай адамы» демекші, немерелеріміз ертегі тыңдамайды. Көргені смартфон. Күндіз балабақшада. Рас, балабақша тәрбиесі ата мен әженің берген тәрбиесіне жетпейді. Ата-әженің тәрбиесін көрген бала көпшіл, тілі жатық, өз пікірі бар, өзгелермен емен-жарқын сөйлесе алатын, батырлар жыры мен ертегілердің түр-түрін білетін, сөздің парқын түсінетін бала болады. Балабақшада бірдей жаттау, бірдей ұйықтау, бірдей тәртіп, яғни жалпыға ортақ үйретіледі. Оларға да өкпе жоқ. Бөбекжай деген ата-ананың жұмысбасты болуынан соң, қажеттіліктен пайда болған мекеме ғой. Кейбіреулерде ата-апа жоқ. Жұмыс істеу қажет. Екі адам бірдей жұмыс істеп, нәпақа таппаса дымға да жетпейтін заман болды. Тіпті қазір үйде бос отыратын ата мен апа жоқ. Олар да тиыннан теңге құрап, тірлікке байланған. Өз басым немерелеріме сенбі-жексенбі күндері қараймын. Қалған күндері олар балабақшада. Күн сайын қарауға денсаулық жарамайды», дейді ол.
Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», деген екен. Даңқты батырдың айтқаны айдай келіп, шындығында, Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Тазша бала, Күнікей қыз, Толағай, Ер Төстік, Құйыршық сынды ертегілерді білетін бала аз. Есесіне XXI ғасырдың танымал тиктокерлерін, блогерлерін, жаңа шыққан сериалдарды жақсы біледі.
Ертегінің өзі түрлерге бөлінеді. Қиял-ғажайып, әдеби ертегі деген секілді. Мәселен, әдеби ертегінің авторы болады. Әр халықтың ертегілер желісі бар. Осының өзін нақышына келтіріп түсіндіретін ата-ана да, әже де аз боп тұр ғой. Әже деген сөздің өзінің салмағы қандай, шіркін! Тесік шалбар киіп, басына ақ жаулық салмаған адамды әже деуге аузың бармайды. Үстінде қамзолы, басына ақ шағалалы кимешегі жарасқан, қалтасы құрт пен кәмпитке толып жүретін, қолында ұршығы бар, жүзінен мейірім есіп тұратын адамды әже десе болғандай-ақ. Әлде бұл біздің қиялымыздағы бейне ме екен? Рас, ауылда өскен соң мұндай әжелерді көп көрдік. Осындайда жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Нағыз әже қайда?» деген әңгімесі еске түседі. Тәлімі мол шығармасында өзі үшін өмір сүретін қазіргінің әжелері мен бұрынғы ақ әженің келбетін анық келтіреді. «Шашы келте қиылған, тырнақтары сояудай, сәнді киінген апаларды көргенде бұрынғының әжелерін сағынасың» деп қала мен қыр қазағының әжелерін салыстырады.
Зейнеткерлікке шықса да немере бағып, соларға ертегі, аңыз айтып беретін әжелер өте сирек кездеседі. Бірі «сендердің әкелеріңді бақтым, енді немере бағуым керек пе?» десе, енді бірі «қалған өмірімді өзіме арнаймын» деп шешкен әжелер. Бәлкім, олардыкі де дұрыс шығар. Ертең біз қандай әже боламыз? Құдай біледі. Балабақшаларға да кіріп сұрадық. «Алтын сақа» балабақшасының тәрбиешісі Қымбат Досболова: «Ертегі айтып отырсаң ешкім тыңдамайды. Балалар шулап кетеді. Видео түрінде көрсетеміз. Тыныш отырып көреді», дейді.
Өкінішке қарай, балалар әжелер мектебінен емес, ғаламтордан сусындап отыр. Әженің мейіріміне қанып, өнегесін көріп, әсерлі әңгімесін естіп өскен балалар зерек болады ғой, шіркін. Әже тәрбиесін көріп өскен ұрпақ көбейсе екен!
Эльмира Байназарова
Келесі мақала