«ТӨҢКЕРІЛГЕН СЫНЫП» оқыту моделінің бүгінгі рөлі
Қазіргі таңда заманауи мұғалім – бұл үнемі оқытудың тиімді, қызықты әрі нәтижеге бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерін іздеп, қолданып отыратын тұлға. Бұл ретте компьютерлік технологияның көмегі орасан зор.
«Төңкерілген сынып» немесе «төңкерілген оқыту» моделі компьютерлік құрылғыларды мейлінше пайдалануға негізделген. Оның мәні студенттердің үйден шықпай-ақ бейнедәрістердегі материалды өз бетінше меңгеріп, дәстүрлі сабақта берілген тақырып бойынша жаттығу жасауына негізделген.
Оқытудағы мұндай жаңашыл көзқарас, яғни «кері сабақ» қалай пайда болды? 2006 жылы Колорадо штатында орта мектептің химия пәнінің мұғалімдері Джонатан Бергман мен Аарон Сэмс бос қалған (өтілмеген) сабақтардың орнын толтыру жолдарын анықтады. Олар өздерінің дәрістерін студенттер үй тапсырмасы ретінде көре алатын бейнероликтер түрінде жазып алып, сол арқылы тақырыпты меңгертуге болады деп шешті. Кейін мұғалімдер бұл форматты жаңа білім беру бағытына айналдыруға болады деген ойға келді.
Бергман «2007 жылдың көктемінде Аарон маған Power Point бағдарламасында слайд-шоуды, соның ішінде дауыстық және кез келген мәтіндік жазбаларды жасауға мүмкіндік беретін бағдарламалық өнім туралы мақаланы көрсетті. Содан кейін барлық нәрсе желіде оңай таратылатын бейне файлға түрлендіріледі. Бұл біздің студенттерге оқуды жіберіп алмай, сабақтан қалуға мүмкіндік беретінін түсіндік! Біз студенттерге қолжетімді болуы үшін дәрістерімізді желіде жариялай бастадық. Шынымды айтсам, біз өзіміздің дәрістерімізді өзімшіл себептермен жазып алғанбыз. Сабақтан қалып қойған студенттермен қайталау сабақтарын өткізуге негізсіз көп уақыт жұмсадық. Дәріс жазбалары біздің бірінші қорғану жолымыз әрі сәтті өніміміз болды», – дейді өз естелігінде.
Осынау жаңашыл «Төңкерілген оқыту» моделінің артықшылықтары неде:
1. Жеке көзқарас. Бейнедәрістерді көргенде оқушы материалды бүкіл сынып үшін емес, арнайы өзі үшін оқытып жатқанын сезеді. Сонымен қатар сабақта практиканы оқушының жеке ерекшеліктеріне қарай құруға болады, әр оқушының өз міндеті болады.
2. Жайлылық. Мұғалім сабақта тақырыпты түсіндіре отырып, уақытты босқа өткізбей, оқушыда сұрақ тудырған түсініксіз сәттерге ғана тоқталуы мүмкін. Оқушылар дәрістерді ыңғайлы уақытта және шексіз рет көре алады.
3. Жаттығу. Сабақ тек практикалық жаттығуларға (зертханалық жұмыстар, семинарлар және т.б.) арналған.
4. Әмбебап формат. Төңкерілген оқыту барлық сыныптар үшін қолайлы.
Әрине, жаңа «Төңкерілген сынып» моделінің кемшіліктері де бар:
1. Көптеген мұғалімдердің компьютерлік технологиядан хабардар болуының жеткіліксіздігі. Бейнедәрістерді дайындау және «тьютор-тәлімгердің» жаңа рөлі мұғалімдерден жаңа дағдыларды қалыптастыруды талап етеді.
2. Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеу, материалды өз бетінше меңгеруге дайындығын дамыту қажет.
3. Оқытудағы мұғалім рөлінің әлсіреуі орын алуы мүмкін.
4. Жаңа үлгіге көшу кезіндегі еңбек өнімділігі, өйткені оқу жоспарын қайта өңдеу, қажетті материалдарды, тесттерді және т.б. дайындау көп уақыт пен зейінді талап етеді.
Кейбір елдерде төңкерілген оқытуды енгізудің тиімділігіне қарамастан, қазіргі кезде қазақстандық мектептер білім беру жүйесін толығымен өзгертуге дайын емес екені рас.
Алғашында төңкерілген оқытудың құрылымы өте қарапайым болып көрінеді – студенттерге үйде бейне-дәрістер көру тапсырмасы беріледі және сабақтағы уақытты алған білімдерін тәжірибеде жүзеге асырып және талқылауға жұмсайды. Дегенмен мұқият қарасақ, аударылған сыныптың көптеген ерекше және қызықты формалары бар екен.
1. Стандартты төңкерілген сынып:
Студенттер алдын ала үй тапсырмасын алады, ол – келесі сабақтың тақырыбына байланысты бейнедәрістерді көру және оқу материалдарын оқу. Сабақта олар үйренгендерін тәжірибеде қолданады, ал мұғалімдердің тақырыпты жаттықтыруға, бекітуге көбірек уақыты болады.
2. Талқылауға бағытталған «төңкерілген» сынып:
Мұғалімдер дәрістік бейнероликтерді, сондай-ақ сабақ тақырыбына қатысты кез келген басқа бейне немесе оқуды (мысалы, TED Talks, YouTube бейнероликтері және т.б.) береді. Содан кейін сабақтағы уақыт талқылауға және жобалық әрекеттерге арналады. Бұл тарих, өнер немесе ана тілі, шетел тілі сияқты пәндерде әсіресе пайдалы тәсіл болуы мүмкін.
3. Үлестірмелі материалдарға бағытталған төңкерілген сынып:
Бұл әсіресе студенттерден әрекеттерді дәл есте сақтауды және қайталауды талап ететін пәндерде жақсы – мысалы, химия, физика, математика. Бұл модельде мұғалім өз әрекеттерін жазу үшін бағдарламалық құралды пайдаланады, содан кейін студенттер өз қарқынымен жұмыс істей алады.
4. Жалған төңкерілген сынып:
EducationDrive әзірлеген бұл идея нақты үй тапсырмасын орындай алмайтын студенттер үшін өте қолайлы. Бұл модель студенттерге дәріс бейнесін сыныпта өз қарқынымен көруге мүмкіндік береді және мұғалім кез келген жеке көмек көрсету үшін студенттен-студентке ауыса алады.
5. Топтық төңкерілген сынып:
Бұл модель студенттерге бір-бірінен үйренуге көмектесетін жаңа элемент қосады. Жаңа тақырып бойынша жұмыс үйдегі дәрістік бейнематериалдар және басқа да ресурстар арқылы әдеттегідей басталады, ал жаңа тақырып студенттер топ құрып, тапсырмаларды бірлесіп орындағанда басталады. Бұл формат білімгерлерді бір-бірінен үйренуге ынталандырады, дұрыс жауаптарды білуге ғана емес, серіктеске олардың неге дұрыс екенін түсіндіруге көмектеседі.
6. Виртуалды төңкерілген сынып:
Жоғары сынып оқушылары, магистранттар және студенттер үшін бұл аударылған сынып үлгісі дәстүрлі бетпе-бет оқыту қажеттілігін толығымен жоя алады. Мұғалімдер көру үшін дәрістік бейнелермен бөліседі, үй тапсырмасын береді және дайындарын жинайды — барлығы онлайн оқытуды басқару жүйелері арқылы жүзеге асады.
7. Төңкерілген мұғалім:
Бұл модельде төңкерілген сыныпқа арналған барлық бейнелер интернеттен алынбайды және оларды мұғалім емес, студенттер жасайды. Осылайша олар өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетеді. Бұл оқушы мұғалімнің рөлін алатын ойын, оның мақсаты мұғалімді оқыту.
Жоғарыда келтірілген төңкерілген оқытудың 7 формасымен таныстық– сіз үшін қайсысы тиімді, таңдау өз еркіңізде!
Гүлнұр МАДИМАРОВА, Үлгілі орта мектебінің химия пәні мұғалімі, магистр, Байзақ ауданы