Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"БІЗ СӘБИ ИІСІН АҢСАҒАНДАРДЫҢ 95-98 ПАЙЫЗЫН БАҚЫТТЫ ЕТЕ АЛАМЫЗ"

"БІЗ СӘБИ ИІСІН АҢСАҒАНДАРДЫҢ 95-98 ПАЙЫЗЫН БАҚЫТТЫ ЕТЕ АЛАМЫЗ"
ашық дереккөз
"БІЗ СӘБИ ИІСІН АҢСАҒАНДАРДЫҢ 95-98 ПАЙЫЗЫН БАҚЫТТЫ ЕТЕ АЛАМЫЗ"
"Оқшау ой" айдарының бүгінгі қонағы Қр Президенті Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, "Экомед" клиникалары желісінің жетекшісі Салтанат Байқошқарова. Қзақстанда алғаш денеден тыс ұрықтандыру зертханасы – "Экомед" адам ұрпағын өрбіту клиникасы 1995 жылы 18 сәуірде Алматы қаласында ашылды. Осы жолмен құрсаққа біткен алғашқы сәби 1996 жылы 31 шілдеде дүниеге келді. Елімізде алғаш рет бұл саланың негізін қалаған, биология ғылымдарының докторы Салтанат Берденқызымен экстракорпоральді ұрықтандыру тақырыбына қатысты өзекті мәселелер бойынша әңгіме өрбіттік. – Салтанат Берденқызы, бедеулік бізде бұрыннан бар ма әлде осы заманның дерті ме? – Бедеулік бұрыннан бар, атамзаманнан келе жатқан дерт десек болады. Дүниежүзінде әрбір 5-6 отбасы осындай мәселемен бетпе-бет келіп жатады. Біреу бір перзентке зар болады, тағы бірі бірінші баладан кейін көтермей қалады, енді бірі бесінші сәбиден кейін босана алмай қалып жататын жағдай өмірде көп. Бедеуліктің екі түрі бар, ол біріншілік және екіншілік деп бөлінеді. Біріншілік ол ешқашан бала көтермеген әйелдер. Ал екінші бедеулік деген бір рет болсын жүкті болып, шарананы алдырып тастау, әлде түсік тастау салдарынан бала көтеру қабілетінен айырылуға қатысты айтылады. Ер адамның бедеулігі мен әйел адамның бедеулігі бірнеше тармаққа бөлінеді. Оның себептері де әртүрлі. Сондықтан бұл үлкен тақырып. – Сізге қайырылушылардың көбі қай ұлттың өкілдері? – Біз Қазақстанда тұрған соң, бізге келушілердің көбісі қазақтар. Мен сондықтан қазақ дәрігерлерді дайындағанды құп көремін. Өйткені бізге келген өз қандастарымызға қазақы, қарапайым түсінікпен жеткізу маңызды. Одан бөлек қан қанға тартады ғой бәрібір, сондықтан қазақ қазаққа жанашырлықпен, ауылдың түсінігімен қабылдата алады. Бізде ұлты орыс дәрігерлер де бар. Өйткені бұл проблема басқа ұлттарда да көп кездеседі. Оларға да қызмет бірдей көрсетілуі керек. Кейбір замануи жастар қазіргі таңда ерте қимылдап, тым асқындырмай жас кезінде экстракорпоральды ұрықтандыруға (ары қарай ЭКҰ) жетпей жүкті болуға әрекеттенеді. Біздің репродуктолог мамандарға келіп, ЭКҰ-ға жүгінбей бала көтеруге тырысады. Өкінішке қарай кейбіріміз қазақбайшылыққа салынып, кешігіп жатамыз. Жұбайлардың көбісі уағында көтермесе анау әулиеге түнеп, мына тәуіпке жүгініп немесе жергілікті дәрігерлерге барып уақытын өткізіп алып жатады. Сондықтан бірден репродуктолог дәрігерлерге баруға кеңес беремін. – Репродуктолог дәрігерлер дегеніміз кімдер? Акушер-гинеколог мамандарынан айырмашылығы қандай? – Акушер-гинекологтар бала туғызады не аяғы ауыр әйелдерді есепке алып, жүктілікті жүргізеді. Сонымен бірге гинекологиялық ауруларды емдейді, гинекологиялық ота жасайды. Ал репродуктолог дегеніміз – бедеулікті зерттеудің, емдеудің маманы. Олар да гинекологтар, бірақ оларға арнайы білім беріледі. – Дәрігер мамандарға ертерек барып, көрінген дұрыс деп қалдыңыз, тұрмысқа шыққан әйел қай уақытта репродуктологқа бару керек? – Тұрмысқа шыққанда жасыңыз 35-ке дейін болса, 1 жыл күтіп көруге болады. Егер 1 жылдың ішінде жүкті болмасаңыз, онда дәрігер-репродуктологқа баруыңыз керек. Егер жасыңыз 35-ке келіп, күйеуге шықсаңыз жарты-ақ жыл күтуіңіз керек. Өйткені 35 жастан кейін шауқат өте аз болады, сапасы нашарлайды. Әйелдің бойындағы ұрық азайғаннан кейін жүкті болу мүмкіндігі де азаяды. Бедеулікті тек ЭКҰ-мен емдемейміз. Емдеудің басқа түрлері бар. Мысалы, дәрімен, гормондық стимуляция, ультрадыбыстық зерттеумен әр 3-4 ай сайын бақылап отырып, фолликулдің дамуын, жатырдың ішіндегі эндометридтің дамуының бәрін тексеріп отырып, дұрыс дәрі беріп отырса, ЭКҰ-ға бармай жүкті бола алуға мүмкіндік бар. Сол үшін біз еліміздің бірнеше орталығынан осындай орталық аштық. Оның әрқайсысында небары 2-3 дәрігерден ғана бар. Себебі жергілікті халықтың санына қараймыз. «Экомед» жекеменшік клиника болғандықтан тегін қызмет көрсете алмаймыз. Бізге мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Бізден ақылы ем алуға кейбір азаматтардың қалтасы көтермейді. Сондықтан біз жиі-жиі осындай тегін қабылдаулар жасаймыз. Кейбір әйелдер осындай тегін 1 қабылдаудың өзінен көтеріп жатады. Мұнда бастысы – сенім ғой. Егер әйелдің іш құрылысы қатты бүлінбей, жатыр түтікшелерінде өткізу қабілеті жақсы істеп тұрғанымен, психологиялық тұрғыдан қысым көрген әйелдер де бедеулікке ұшырауы мүмкін. Мәселен, үйінде күйеуінен немесе ата-енесінен «Неге бала тумайсың?» деген сыңайда ұрыс естіп жатады. Сондайда ол әйелге психологиялық тұрғыдан сенім, күш-жігер берсең, 1 қабылдауға келіп-ақ аяғы ауыр болып жатады. Осындайда еске түседі. Қателеспесем, осыдан он-он бес жыл бұрын күндіз-түні лабораториядан-лабораторияға шапқылап, жолдан шаршап келе жатып, шопырыма қалжыңдап былай дедім: «Берік, айналайын, осы біз екеумізге не керек? Мынаншама құрал-жабдық, осыншама маман дайындап, күндіз-түні дамыл таппай, жұмыс істеп келеміз. Одан гөрі ел сияқты залды жинап алып, мотивация берсем, сол жерге жиналған 100 әйелдің жиырмасы көтерер еді. Сен жақсылап шоу-бағдарлама ұйымдастыр. Мен «Ақ ана» кейпімен елдің алдына шығайын» деп күлген едік. Расында, кейбір пациенттерге сөзбен қолдау білдіріп, сендер былай жасаңдар, олай жасаңдар, қолдарыңнан келеді, сендерде болады деп жігерлендірсең, бағдарлама қоя білсең (медицинада нейролингвистикалық бағдарламалау деген бар) солардың біразы бір қабылдаудан соң көтереді. – Расымен, неге өйтпеске? Енді «Ақ ана» болып шығу міндет емес қой. Сіздің өмірлік, медициналық тәжірибеңіз мол. Әйелдің психологиясын да жақсы білесіз. Неге әйелдерге солай мотивация бермеске? – Мен негізі солай істедім. Солай болғанда тура солай емес. Бір жолы Маңғыстау облысына барып, тегін кеңес бермек болдым. Кездесуге 400-ге жуық әйел келді. Ол жерде УДЗ-ге, басқаға қарауға мұрша жоқ. Алдын ала жазылу дегеннің реті де келмеді. Жұрт мені қабырғаға ықтырып, жабыстырып қойды десем де болады. Әйелдер бірінің үстіне бірі мініп кеткен. Мені сұрақтың астына алып жатыр. Түсіруге келген БАҚ өкілдерін де «Біздің уақытымызды алады» деп итеріп, маған жолатпайды. Сөйтіп алдыма келген әрқайсысы тағдырын айтады да, қолыма қағаздарын береді. Менің оны оқып тұруға уақытым жоқ. Қысқаша сұрақ-жауап түрінде әңгімелесіп жатырмыз. Ол жерде ешкім-ешкімнен ұялып, қысылып жатқан жоқ, әйтеуір маған жетіп, ақыл-кеңес алып қалу керек мақсаттары. Өзіме керекті сұрақтарды қойып алып, оларды дәрігерге, УДЗ-ге, отаға жолдау дегендей әрқайсысына тиісті кеңестерімді беріп жаттым. Сол кездесуден кейін біраз уақыт өткен соң бір әйел телефоныма қоңырау шалады. «Мен сол кездесуден соң бірден көтердім, қазір екі балам бар. Үшінші рет көтерген балам шетінеп кетті. Сіз енді біз жаққа тағы қашан келесіз?» дейді ғой. Яғни бір рет қабылдау жасағаннан солай болған. Одан кейін тағы бір әйел келді. «Ойбай, сіздің бір қабылдауыңыздан көтеріп, босанып алдым. Енді туысымды алып келдім» дейтіндер де кездеседі. Сол секілді жағдайлар көп. Тағы бірде, бір кісі Арқалықтан хабарласты. «Сізге бір рет барған едік. Содан қыз туып алдым. Атын Салтанат қойдым. Соған сізге бір соғым жіберейік» деп едік дейді. Таңғалдым. Мұнысы несі деп, бір-екі күн жауап бермедім. Екі күннен кейін сұраймын ғой, «Кімсіз, қалай болып еді?» деп. Ол кісі айтты. Мен біздегі тізімнен қарасам, ол кісі жайлы мәліметтер тұр екен. Алматыда өткен 1 ғана қабылдауға келген екен. Ол кісі де бірден қызды болыпты. Сонда пәлен жыл көтермеген әйелді лапороскопия жасатуға отаға жіберіппін. Егер одан болмаса қайта келесіз деппін. Айтқанымды орындаған бойда 2 айдан соң көтерген. Енді сол әйел күйеуін ертіп, қызын алып, пойызбен тағы келді. Қызы үшке келіпті, тағы көтермей қалыпты. Содан тағы қарап, бірнеше кеңес берген едім, көп ұзамай тағы қыз босанып алыпты. Дұрыс бағыт беру, дұрыс кеңес беру – біздің ең негізгі мақсатымыз. Дәрігер-репродуктологтың басты міндеті сол. Қаптаған аппараттың арасында отырып, түк істей алмауы мүмкін. Егер дәрігер өте сауатты, заманауи білімді болса, сол УДЗ-бен тексеріп, ақыл-ойымен меңгеріп отырып, әйелдің циклын байқап отырып, жүкті қылуға болады. Бүгінде Қазақстан бойынша 4 ірі орталығымыз бар. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында. Қалғандары кішігірім орталықтар. Мамандарды мықты етіп дайындағанбыз. Олардың көмегі өте зор. – Салтанат Берденқызы, көрші Ресей, Қырғыз, Өзбек елдерімен салыстырғанда техника, тәжірибе, білікті маман жағынан біз қай деңгейдеміз? – Ресейліктер бұл жағынан осал емес. Мен Ресейде білім алғанмын. Өйткені олар 1986 жылы осы ЭКҰ арқылы ең алғашқы баланы дүниеге әкелді. Мен он жылдан кейін 1996 жылы Қазақстанда аштым. Яғни біздің арамыздағы алшақтығымыз 10 жыл. Бірақ біз қуып жетіп, ең үлкен Ресейдегі клиникалар деңгейіне шықтық. Ол үлкен жетістік. Қырғыздарда ЭКҰ дамыған жоқ. Бірнеше клиника ашты, оны қайтадан жапты. Бірақ сол күйінше қалды. Кейін ол жақта кореялық клиника ашылды, ол да аса дамыды деп айта алмаймын. Бір жылдары Қырғыз еліне жиналысқа бардым. Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрінен осы ЭКҰ жайлы сұрадым. Ол кісі әйтеуір дамыта алмағанын, мамандардың тапшы екенін айтты. Маман Қырғыз Республикасында ғана емес, біздің елде де тапшы. Биологтардан эмбриолог шығару, сапалы маман табу қиын. Барлық жақта гинекологтар бар, бірақ олардың арасында репродуктологияға бейімділері аз. Өйткені оған талаптар көп. Білімнен бөлек жанашырлық сезім, тілтабысу, сөйлесу секілді қабілеттер керек. Кейбір кісілер бір дегеннен көтермейді, ол үшін 1-1,5 жыл уақыт керек. Көтермесе бірден «Мен неге тез көтермедім, үйдегілер ұрысып жатыр. Ажырасайын деп жатырмын. Енем айтып жатыр» деп келіп тұрады. Соның бәріне жауап беретіндей, қайтадан күресуге күш беретіндей маман болу керек. Бұл да бір өмірлік соғыс. Оған қаражат, сабыр керек. Яғни сол талаптарға сай, күресуге бейімді дәрігерлер аз. Өзбекстанда жаңа Президент келгелі жаңа заңдар қабылданды. Ол жақта соңғы екі жылда бұл сала жақсы дами бастады. – Шетелден де келушілер көп пе? Қазақстан қазынасына шеттен ақша тартып жатырсыздар ма дегенім ғой... – Біздің Шымкенттегі емханаға денеден тыс ұрықтандыру әдісі бойынша кіл өзбек ағайындар келеді. Қазір шекара ашылды деп жатыр, енді көбейе бастайды. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, оларда ЭКҰ енді-енді дамып жатыр. Бізге 27 жыл болса, оларда денеден тыс ұрықтандыру әдісі бойынша қарайтын емханалардың ашылғанына 1 жыл. Бір жағынан жаңа орталықтарға әзірге халық аса сенбейді және бір қызығы ол жақта ЭКҰ жасау бізден әлдеқайда қымбат. Біздің аймақтағы емханаларға қырғыздар да, өзбектер мен тәжіктер де келеді. Яғни «Экомед» орталығы Орта Азия бойынша Қазақстанда алғашқы зертхана болғандықтан бізге деген сенім жоғары. Кейде Ресейден, Германия, Америка және басқа шет мемлекеттерден келетіндер де бар. Бірақ бізде барлығы бірдей емес. Қазіргі таңда еліміз бойынша 27 клиника бар десек, оның тек жартысы ғана дұрыс жұмыс істейді. Кейбір майда-шүйделері жабылып қалып жатыр. – Тәжірибе мен технологияларды қай елдерден аласыздар? Мамандарды жіберіп білімін, деңгейін көтеріп тұрасыздар ма? – Мен Ресейде оқыдым деп айтып кеттім ғой, сол білімімді бүкіл дәрігерлеріме үйреттім. Одан соң біз үнемі шетелмен байланыстамыз. Шетелге көп шығамыз. Конгрестерге қатысамыз. Бүкіл дүниежүзінің білім деңгейін ұстауға тырысамыз. Америкаға, Жапонияға болсын тәжірибе алмасу мақсатында бармаған жеріміз жоқ. Кейде өз мамандарымызды жинап алып, өзіміз оқытамыз. – «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы туралы айтыңызшы, бір жылдан бергі нәтиже қалай болып жатыр? – «Аңсаған сәби» бағдарламасы халыққа да, мамандарға да үлкен серпіліс әкелді. Бұрын 2010 жылдан бастап 100 квота, одан кейін 300, 600, 800 квотаға дейін беріліп, 2020 жылы 1000 квотаға жеткенбіз. Сол 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 1000 квотаның орнына 7 мың квота береміз деп қуантқан болатын. Былтыр сол жеті мың квотаны игердік. Оған Қазақстан бойынша 19 клиника атсалысты. Ал биыл 15 клиника қабылдап отыр. Сонымен 7 мың квотаның 4 мыңын «Экомед» емханасының 4 орталығы алды. Байыпты бағдарламаның жалпы нәтижесі осы жылдың қараша айына таман белгілі болады. Оның өзінде жалпы статистиканың 90 пайызы ғана берілуі мүмкін. Мәселен, біз ең соңғы эмбрионды 31 желтоқсанда салсақ, соның нәтижесінде аяғы ауырласа ол 9 айдан кейін ғана босанады. Яғни күзге қарай босанады. «Балапанды күзде санайды» дегендей нәтижеге көз жеткізуге әлі біраз уақыт керек. Біз Еуропада ЭКҰ-ның тіркеуіне қатысамыз, өзімізді басқа елдермен салыстыру мақсатында. Сонда олар бізден биылғы жылы 2019 жылдың есебін сұрады. Олар асықпай есептейді.1 жылдан кейін бірден есебін беру дұрыс емес. ЭКҰ жасаған пациенттердің бәрі бірдей алғашқы талпыныстан бала көтеріп кете алмайды, ол жаратылыстың заңы. Бір жақсысы, бір квота аясында бірнеше мүмкіндікпен ЭКҰ жасауға жағдай қарастырылған. Көбінесе бағдарлама аясында бірнеше эмбрион алып, криоконсервация жасауға болады. Яғни алғашқы талпыныстан жүкті бола алмаған әйелге осындай эмбриондарын бір-екі айдан соң салса, оң нәтиже алуға болады. Ол созылмалы процесс. Бір ақпараттан, бағдарлама нәтижесі бойынша осы уақытқа дейін 800 бала өмірге келгенін оқып қалдым. Оның анық не анық емес ақпарат екенін білмедім. Егер расымен солай болса, бұл деген өте жақсы нәтиже деген сөз. Өйткені 7 мың квотадан шамамен 2 мың, екі жарым мың сәби күтіп отырмыз. Осы жылы аталмыш бағдарлама аясында тағы да 7 мың квота берілді. Тағы да қызу жұмысқа кірістік. Алғашқы жылы берілген квоталарды игеру оңай болған жоқ. Әрбір клиниканың күші әртүрлі. Әрқайсысы әртүрлі әдіспен жұмыс істейді. Жергілікті комиссиялар да квотаны қай клиникаға қалай береміз деп бастары қатты. Сол берілген жеті мың квотаның өзі елдің бәріне жете бермейді. Ол жерде де талаптар болуы керек. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бар. Соған сай квота кімге берілуі мүмкін деген мәселелер шықты. Кейбір әйелдер 4-5 баладан соң бедеу болып қалып жатады. Солар квота алғысы келеді. Кейбіреулері алып қойып та жатыр. Сонымен қатар кезекте тұрғандардың арасында бір перзентке зар болып жүргендер бар. Меніңше соларға бірінші кезекте квота берілуі керек деп есептеймін. Әділ емес пе?! Ол кісілердің ең болмаса бір баласы жоқ, заманы өтіп жатыр, ұрығы таусылып жатыр, жылдан-жылға жасарып жатқан жоқ. Одан кейін жалғыз баласы барларға да берілуі керек.Осылай кезегімен квота артылып жатса, екі баласы барларға үш балалы болуға талпынғандарға берсе жарайды. Мысалы, Израильде бір отбасыда екі бала туғанша тегін ЭКҰ жасалады, ал Қазақстанда 3-4, кейде 5-6 баласы бар әйелдер квота алғысы келеді. Өзінде ұрығы аз. Түк шықпайды, яғни балалы болмайды. Ондайлар босқа мемлекеттің ақшасын жаратады. Содан мен өткен аптада Шымкентте болған конференцияда жергілікті комиссияларға ескерту жасадым. Мен тіпті «Instаgram»-да тікелей эфирде отырғанда да пациенттеріме осы мәселені қозғаймын. «Кішкене ұяттарыңыз болуы керек қой. Кіндігінен бір ұрпақ тарамаған, қиналып жүрген кісілерге жолдарыңызды берсеңіздерші» деп батырып айтамын. Кейбіреулер түсініп жатады. Жалпы, «Аңсаған сәби» бағдарламасы өте жақсы бағдарлама. Бірақ елдің бәріне бірдей 100 пайыз беруге мүмкіндік жоқ. Ал статистика жағын айтсақ, статистика біздің елде толық емес. Өйткені бізде бірыңғай электрондық ақпаратты жүйе толық енгізілмеген. Оны біз министрлікке ескертумен келеміз, бірақ әлі жасалған жоқ. Қазір Қазақстан бойынша квотаға 17 мың әйел кезекте тұр дейді. Ол мемлекеттік емханалардың ресми есебі. Оның өзі талаптарға сай бедеулігі бар әйелдер. Жалпы, еліміз бойынша қанша бедеу әйел бар екені белгісіз. Өйткені көбісі мемлекеттік емес, жекеменшік емханаларға барады. Егер бірыңғай электрондық ақпараттық жүйе жасалса, олардың нақты саны, қайда жүргені белгілі болар еді. – Осы уақытқа дейін елімізде ЭКҰ арқылы қанша сәби дүниеге келді? ЭКҰ көмегімен өмірге келгендердің өздері ата-анасы секілді осы әдіске жүгініп жүрмейді ме? – Неге дені сау ата-аналардан осыншама ұрпақсыз ұрпақ туып жатыр? Оның себептері көп қой. Оның бәрінің аналық ұрығы жоқ емес, абсолютті ұрпақсыздық емес. Олардың көбісі жатыр түтікшесі бітеліп қалған, отаға түскен, киста, миомамен мәселелері болған кісілер. Сондықтан ұрпақты адамдардан ұрпақсыздық шығып жатыр. Біз сәби иісін аңсағандардың 95-98 пайызын ұрпақты ете аламыз. Ең бірінші Алланың қолдауымен және біздің медицинаның себепші болуымен. Олардың болашақта ата-аналарының тағдырын қайталауы мүмкін деп айтуға болмайды. Мүмкін көбісі табиғи жолмен балалы болады, кейбірі ЭКҰ-ға барар. Дүниежүзінде 10 миллион бала ЭКҰ-мен дүниеге келді. Қазақстанда 25 мыңнан асық бала пробирка арқылы жарық дүние есігін ашты. Дүниежүзілік ЭКҰ-ның 44 жылдық тарихы бар. Қазақстандыкі 27 жыл. Алғашқы балалардың барлығы дүниежүзінде де, Қазақстанда да табиғи жолмен балалы болып жатыр. Алғаш мәрте Луиза Браун деген сәби 1978 жылы ЭКҰ арқылы профессор Роберд Эдвардстың бақылауымен босанды. Содан 32 жыл өткен соң ғана Роберт Эдвардсқа Нобель сыйлығын берілді. 32 жыл бойы ЭКҰ арқылы дүниеге келген балалардың денсаулығы тексерілді. Осы әдістің адамзатқа қандай үлес қосқаны зерделенді. Алғашқы балалар үйленіп, табиғи жолмен жүкті болып, балалы болып жатты. Сондықтан бұл тұрғыда қорқатын ештеңесі жоқ. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар