Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіпке бет бұрған көпбалалы ана

Кәсіпке бет бұрған көпбалалы ана
ашық дереккөз
Кәсіпке бет бұрған көпбалалы ана
Елімізде бірнеше жылдан бері еңбекке жарамды, бірақ бос жүргендердің өзгеге алақан жаймауы үшін оларды уақытша немесе тұрақты жұмысқа орналастыру, кәсіптік негізде оқыту, жеңілдетілген несиемен қамту, қайтарымсыз қаржы беру секілді бағыттарда сан түрлі бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мен жұмыссыздардың, көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерінің, денсаулық жағдайы еңбек етуге жарайтын мүмкіндігі шектеулілердің жұмысқа тұруы, өз кәсібін ашып немесе мамандық игеруі бүгінде жаңалық емес. Бұл бойынша халық «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының артықшылығынан толық хабардар. Дегенмен ел іші болғаннан кейін аяқ-қолы балғадай, денсаулығы келісті бола тұра әр нәрсені бір сылтау етіп, жұмыс істеуден басын алып қашатын жанаярлар да арамызда жоқ емес. Мұндай пиғылдағы адамдардың кейбірі тамақ ішу жағына келгенде жұмыс істеп жүрген отбасы мүшелерінің табысына ортақтасса, енді бірі бала-шағасының көптігін не басқа да жағдайды алға тартып, әлдебір жәрдемақыға малданып, мемлекет есебінен күн көруді қолайлы санайтынын жасырып қайтеміз? Тіпті жағдайы бар отбасылар да орайы келсе мемлекеттен жәрдемақы алуды ар санамаған кездер болған. Бұл сөзімізге кезінде көпбалалыларға берілетін 21 мың теңгеге шын мәнінде жағдайы бола тұра сол жәрдемақыны алуға ұмтылған отбасылардың пиғылы дәлел бола алады. Рас, ел ішінде ерекше жағдайларға байланысты еңбек етуге жарамай, мемлекет көмегіне мұқтаж болып отырғандар бар. Ал соларға арналған көмекке әдейі ортақтасу жақсы пиғыл емес. Мемлекет жоғарыда аталған бағдарламаларды текке қабылдаған жоқ. Бұл – «Шықпа жаным, шықпамен» күн көріп отырғандардың тығырықтан шығып кетуіне мүмкіндік беру, шын мұқтаждардың ішінде мүмкіндігі барлардың тәуір тұрмыс кешуіне септесу. Осы мүмкіндікті қалт жібермей, тұрмысын түзеуге талпынып жатқандар Тараз қаласында да бар. Мәселен, Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Динара Баянованың айтуынша, былтыр шаһар бойынша 56 көпбалалы ана және 15 атаулы әлеуметтік көмек алатын ана мемлекет беретін жәрдемақыдан бас тартыпты. Олардың әрқайсысы мемлекеттен 1 миллион теңгеден аса қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсіптерін ашқан. – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа өткен жылға бөлінген жоспар бойынша 434 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 539,6 миллион теңге қарастырылған болатын. Десе де аталған қаржы 439 адамға үлестіріліп берілді. Мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жұмыстары қаржыландыру жоспарына сәйкес толық орындалды. Мемлекет есебінен берілетін аталған грантқа қағида бойынша әлеуметтік осал топтар арасынан көпбалалы отбасылар санатымен 56 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатымен 15 азамат ие болды. Осы жылға мемлекеттік қайтарымсыз грантқа бөлінген жоспар саны – 183 адам. Бұл жоспарды орындау 4 лектен тұрады. Қазіргі таңда бірінші лек өтті. Яғни бірінші лек бойынша 728 үміткерден өтінім келіп түсті. Үміткерлердің барлығы тәуелсіз комиссия отырысына шақырылып, оның ішінде 638 үміткердің бизнес-жоспарлары таныстырылды. Қалған 90 үміткер мүлдем келмеді. Тәуелсіз комиссия отырысында таныстырылған 638 үміткердің ішінен 45 үміткердің бизнес-жоспарына мемлекеттік қайтарымсыз грант тағайындалды. Бірінші лектің қорытындысы бойынша 45 азаматтың ішінде көпбалалы отбасылар саны 25, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар санаты бойынша 3 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алды, – дейді Динара Бақытқызы. Биыл қайтарымсыз қаржы алғандарға грант қаражатын алған күннен бастап 3 айға дейін өз кәсібін ашу керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Қазір олар өздері ұсынған бизнес-жоба бойынша құрал-жабдықтарын алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден өтіп жатқан көрінеді. Былтыр көпбалалы ана ретінде мемлекеттен грант алған тараздық тұрғынның бірі – Эльмира Дербісәлі. Ол қайтарымсыз қаржыны ортопедиялық аяқкиім тігу үшін алған. Қазіргі таңда арнайы цех ашып, «Мыңбұлақ» ықшамауданы маңындағы «Жібек жолы» сауда орнында өз өнімдерін саудалауда. Кейіпкеріміз 45 жаста. Ол кезінде қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Былғары бұйымдарының технологиясы және конструкциялау» мамандығын игерген екен. Күйеуі Сәкен Теңізбаев та Тараз қаласындағы аяқкиім тігу және жөндеумен айналысатын «Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде етікші болып еңбек етіпті. Екеуі ақылдаса келе осы кәсіппен айналысуға бел буып, өз кәсіптерін ашқан. – Қазіргі заманда әркім жанталасып еңбек етпесе, нәпақа табуға талпынбаса, онда оның тұрмыс жағдайы түзелмек тұрмақ, жағдайы күн өткен сайын нашарлай беретіні анық. Мемлекет халықтың тұрмыс жағдайының түзелуі, әл-ауқатының көтерілуі қамын жасап-ақ жатыр. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырыстық. Бұрын қандай да бір мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант алмағанымыз ескеріліп және жобаның өміршеңдігі арқасында мемлекеттен былтыр 1 миллион 225 мың 200 теңге грант алдық. Өз кәсібімізді оған дейін де баяу қарқынмен бастаған болатынбыз. Ең алғаш күйеуімнің жеке жұмысы екі аяғы жоқ бір мүмкіндігі шектеулі азаматтың тізесіне үйден тізерлеп жүргенде жанына батпайтындай бұйым тігіп беруден басталды. Одан кейін біртіндеп тапсырыс түсе бастады. Оның ішінде балтырында ісігі барларға қонышы кең қыстық етік тігу, аяғының мөлшері өзгеше адамдарға табаны үлкен аяқкиім тігу секілді тапсырыстар қабылдай бастадық. Балалардан бастап үлкендерге дейін ортопедиялық және өзге де үлгідегі ерлер мен әйелдер қауымына арналған аяқкиім үшін тапсырыс қабылдаймыз. Олардың бағасы 10 мың теңге мен 35 мың теңге аралығында. Біз кейде клиенттерімізді танымай қаламыз. Мәселен, жақында бір тұтынушы келді. Ол бізге осыдан бірнеше жыл бұрын аяқкиім тіктірген екен. Сондықтан клиенттер бірнеше жыл аралатып барып тапсырыс береді. Мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржыға осы қаладағы сауда орындарынан аяқкиім тігуге арналған құрылғы сатып алдық. Былғары, меринос қойдың жүнінен жасалған ішкі астар, жіп секілді шикізаттарды Алматы қаласынан алып келеміз. Қазіргі таңда шикізат шығынын алып тастағанда үйге айына шамамен 200-300 мың теңге кіріс кіріп тұрады, – деді Эльмира Серікбайқызы. Оның отбасында төрт бала бар. Тұңғышынан кейінгі үш бала мектеп жасында. Бұған дейін «Жібек жолы» сауда орнында аяқкиім тігу және жөндеуге арналған цех үшін айына 10 мың теңге төлеп келген болса, бүгінде ол жерде құрылыс жұмысы жүріп жатыр екен. Жаңа нысаннан орын алу үшін 5 миллион теңге қажет көрінеді. Ол мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие берілсе, кәсіп аясын кеңейтуді, заманауи автоматты құрылғылар алып, өзгелерді жұмыспен қамтуды көздеп отырғанын айтты. Бүгінде кәсіп ашып, жағдайымды түзеймін деген адам талпынса жерде қалмайтынына осындай кейіпкерлеріміздің ісі үлгі болатыны анық. Эльмираның жәрдемақыға малданбай, өз ісін ашуы да оның уақыт ағымына ілесе алуының бір көрінісі. Бастысы кез келген іске ниет пен қабілет болса, қалғаны еңбекпен келеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар