11,7 шақырым жылу желілері жөнделеді
Облыс бойынша жылыту маусымы ағымдағы жылдың 12 сәуірінде аяқталып, ұзақтығы 183 тәулікті құрады. Жалпы 9 жылу энергетика кешенімен жылыту маусымы кезеңінде 1 миллион 63 мың гигакалорий жылу энергиясы өндіріліп, 121 миллион 393 мың текше метр газ тұтынылды.
Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштер 51,8 мың гкал-ға және 6 мың текше метрге артқан. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты айтылды.
Басқосуда қысқы жылыту маусымының аяқталу барысы, алдағы жылыту маусымына әзірлік жұмыстары, жылыту жүйелерінің жағдайы, жылу қазандықтарын газға ауыстыру, «ЖЭС» кәсіпорнының инвестициялық жобалары секілді мәселелер қаралды.
Алғашқы болып баяндама жасаған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев өңірдегі 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық арқылы 1 737 әлеуметтік нысан, 1 650 көпқабатты тұрғын үй жылытылғанын жеткізді.
Тиісті кезеңде жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде 1 сипаттағы авариялық жағдайлар мен технологиялық бұзушылықтар тіркелмеген. Басқарма басшысы қазіргі таңда барлық отын-энергетика кешендерімен алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары бекітілгенін, биыл 11,7 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспарланғанын айтты.
Өз кезегінде аймақ басшысы алдағы жылыту маусымына жан-жақты сапалы дайындалу керектігін, ешқандай олқылыққа жол берілмеу тиістігін атап өтті.
– Жылытуға қатысты тұрғындардан түсетін шағым аз емес. Жылу берілсе де үйлердің суықтығы туралы жиі айтылады. Біз халыққа сапалы қызмет көрсетуге тиіспіз. Барлық жұмыстар осы тұрғыда бағытталуы тиіс. Жалпылама сөз, жауап қабылданбайды. Әлі де болса осыны түпкілікті түсіне алмай келеміз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі газға қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың қазандықтарын көгілдір отынға ауыстыру тапсырмасының орындалуын сұрады.
2021 жылы 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға қосу іс-шаралар жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге 50 нысанның қазандықтары газдандырылса, бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыру үшін 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілген. Соған сәйкес бірінші кезекте газдандыру қажет ететін 195 қазандықтың тізімі жасақталған. Осы жылы 36 нысан жоспарланып, бүгінгі күнге 25 жобалау-сметалық құжаттары әзірленген.
Сондай-ақ Құдайберген Қорғанбаев алдағы жылыту маусымына Тараз қаласының жылу желілерін сапалы дайындау үшін биыл толық 30 күнге ыстық судың берілуін уақытша тоқтатып, гидравликалық сынау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ұсынды.
Бұл ретте облыс әкімі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы алдын ала қала тұрғындарына хабарлап, ескертудің маңыздылығын сөз етті. Олардың қаншалықты түсіністік танытып отырғандығын саралауды тапсырды.
Кеңес барысында «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС бас директоры Жұмағали Сабалақовтың және Тараз қаласы мен бірқатар аудан әкімдерінің есептері де тыңдалып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.
Келесі мақала