Балалардың бос уақыты сапалы ұйымдастырылуы керек
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов шығармашылық және спорттық тапсырысты жүзеге асыру аясында жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесінің орындалуына байланысты тұрғындардың шағымы бойынша кеңес өткізді. Онда спорттық және шығармашылық тұрғыда жеткіншектердің үйірмемен жеткілікті деңгейде қамтылуы сөз болды.
Облыс әкімідігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы берген мәлімет бойынша, өткен жылы мемлекеттік спорт тапсырысына 142,3 миллион теңге бөлініпті. Барлығы 17 спорт түрі бойынша 119 спорт секциясы жұмыс істеген. Нәтижесінде аталған үйірмелер арқылы 10 590 бала спортқа тартылған. Ал мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы берген мәліметке сүйенсек, былтыр мемлекеттік тапсырысқа 135,5 миллион теңге қаралса, бұл бағытта 8560 баланы қамтыған 239 шығармашылық үйірме тіркелген екен.
Жиында аталған басқарма басшылары 2021 жылдың қазан-қараша айларында тапсырыс берушілер мен қатысушы балалардың саны күрт артқанын атап өтті. Жұмыс істеп тұрған үйірмелер мен секциялардың қызметтеріне ай сайынғы шығындарды ескере отырып, қосымша қаражат бөлу қажет етілсе керек. Бюджет қаражатының болмауына байланысты, қазіргі уақытта қызмет көрсетушілерден өтінімдерді қабылдау және балаларды тіркеу тоқтатылыпты.
– Бағдарламалар әкімшілері-мәдениет, спорт басқармалары мемлекеттік тапсырыстың барлық жеткізуші-орындаушыларымен меморандумға қол қоюы тиіс. Үйірмелер мен секциялардың қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізу қажет. Олар нақты қанша бала қатысатынын анықтауы керек. Сондай-ақ ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сындарлы диалог орнатқан дұрыс, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ауыл, қала, аудан әкімдеріне, мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«ArtSport» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер мәдениет үйлерін немесе спорт кешендерін жалға алған. Бұлай болмауы керек. Одан да осы ұйымдардың штат санын көбейту туралы ойлану керек. Жыл сайын жаңа мәдениет және спорт нысандары ашылуда. Соларды ұтымды пайдалана отырып, алдымен біз өз күшімізбен балалардың бос уақытын сапалы ұйымдастырып, содан кейін ғана кәсіпкерлердің мүмкіндігіне жүгіну керекпіз, – деп түйіндеді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала
Біз үшін жобаның сапасы маңызды
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету басты назарда
- авторAR-AY
- 19 қараша, 2024