Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар неліктен үйден қашады?

Балалар неліктен үйден қашады?
ашық дереккөз
Балалар неліктен үйден қашады?
Жыл басынан бері облыстағы полиция органдарына кәмелетке толмаған 80 жасөспірімнің үйінен және уақытша болу орындарынан өз бетінше кету деректеріне қатысты 75 хабарлама келіп түсті. Олар қысқа уақыттың ішінде табылып, үйлеріне қайтарылып отырды. Полиция қызметкерлері іздеу іс-шараларын жүзеге асыра отырып, жоғалған кәмелетке толмаған баланың орналасқан жерін анықтау бойынша шаралар қабылдап қана қоймай, баланың үйден кету себептерін анықтайды және талдау жасайды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің басым бөлігі үйінен шығып кетсе, тек 5 жағдайда ғана әлеуметтік мекемелерден кетіп қалған. Негізінен қыздардың қашып кетуі жиі орын алады, ал ұлдардың кетуі сирек. 2023 жылы кейбір жасөспірімдермен бір емес, бірнеше рет үйден қашып кету дерегі орын алған. Полицейлер кәмелетке толмағандардан кету себебін сұрағанда олар серуендеу үшін шығып кеткендерін айтқан. Көрші елді мекендерге, сауда орталықтарына жол-жөнекей көліктерді тосып барған және көшеден жаңа таныстар тапқан. – Әлеуметтік мекемелерден кетулеріне түрткі болған себептері туралы айтатын болсақ, жасөспірімдер көбінесе мекеме режимін сақтағысы келмей, бостандық пен еркіндікке ұмтылғандарымен түсіндірген. Үйден ата-анасынан қашқан балаларға келетін болсақ, олар үй шаруасымен айналысқысы келмеген немесе оқуға көбірек уақыт бөлуіне байланысты туған жанжалдан кейін үйден кетіп қалған. Ал басқалай себептері – туыстарының сенімі мен өзара түсіністігінің болмауы, олардың немқұрайдылығы салдарынан болған. Бала адасып немесе ұзақ күнге ойнап, уақытты жоғалтып, аналары ұрсады деп үйге барудан қорқатын кездері де болған. Кетіп қалудың тағы 6 дерегі жасөспірімдердің психикалық ауытқуларынан туындады, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Манас Әбдікәрімов. Кейде балаларды үйден қашуға ата-аналардың әдепсіз мінез-құлқы да итермелейді. Өйткені олар алкогольдік ішімдікті асыра пайдаланады, «бөтелкелестерін» үйге кіргізіп, жақындарына үнемі дөрекілік көрсетеді және қорлап, кейде қол көтеруден де тайынбайды. Жасөспірімдер айтқан мұндай дәлелдерді полиция қызметкерлері мұқият тексереді және егер кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-аналардың орындамау немесе тиісінше орындамау дерегі анықталса, ата-аналарды (заңды өкілдерді) әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселе қаралады. Айта кету керек, биыл ата-аналардың әдепсіз мінез-құлқына байланысты балалардың үйден кету жағдайлары анықталған жоқ. Дегенмен барлық ата-ана балаларын өздерінің айнасы және өмірінің жалғасы екенін есте ұстауы керек. Баланың бір кездері үйренгенінің бәрі (жақсы да, жаман да) сізге байланысты. Өйткені сіздің балаңыз кәмелет жасына толғанға дейін оған толық жауапты боласыз. Облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған жасөспірімнің үйден кетіп қалуы қадағалаусыз жүріп-тұруға, қауіпті ықпалға оңай түсіп, көбінесе қылмыстық және азғындық әрекеттерге тартылуына, сондай-ақ өздері де қылмыстың құрбаны болуы секілді ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар