Мәселе біртіндеп шешіледі
Шөлдала ауылының тұрғындары сол маңнан бір емхана салынуын қажет етеді. Ал қызылабадтықтар «Жаңа мектеп қашан салынады?» деп шулап жүр. Осы аумақтағы мектеп пен медпунктке газ кіргізілмеуі де көпті қынжылтып жүр. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін шешу де өз алдына бір әңгіме. Жол салынғанымен оның жиегіндегі арық көміліп қалыпты.
Осы аталған ауқымды мәселелер облыс әкімі Нұржан Нұржігітов №11 аумақтық округ тұрғындарымен кездескенде көтерілді. Кездесу «Көлтоған» ықшамауданындағы №57 орта мектепте өтіп, онда «Жиделі», «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «Шаңырақ», «Қызыл-Абад» ықшамауданының тұрғындары жиналыпты. Жиында Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмайл қаланың 2023-2025 жылдарға арналған үшжылдық даму жоспарын таныстырды.
– Шаһарда 1 388 көше мен бұрылыстардың 378-і жарықтандырылды. Ал осы жылы жергілікті қала бюджеті есебінен 680 көшені жарықтандыруға 500,3 миллион теңге бөлу жоспарланды. Дәл қазір №11 аумақтық округінде 7 тұрғын алқап, 55 көше бар. Мұндағы халық саны – 25 322 адам. Бұрнағы жылы бұл округте жаңа қосалқы станса салынып, тұрғындар жаңа электр жүйесімен қамтамасыз етілуі тиіс еді. Алайда осы жұмыстардың жоспарланған мерзімде жүргізілмеуіне байланысты халық мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр. Ал қазіргі таңда тұрғындардың қарызы 11,4 миллион теңгені құрап отыр. Бұл өз кезегінде жаңа желіге қосылуға кедергі келтіріп отыр, – деген Қайрат Әбілханұлы округке қажетті әлеуметтік нысандар салуға тиісті қаражат қарастырылып отырғанын жеткізді.
Бұдан соң тұрғындар алма-кезек сөз алып, көкейіндегі сұрақтарын қойды. «Шөлдала» ықшамауданының тұрғыны Динара Ғабитжанова «емхана салынса екен» деген өтінішін жеткізді. «Салтанат» ықшамауданындағы Тараз қалалық №2 емханаға барып жүргендіктерін, ол жаққа қатынау қиын екенін айтып мұң шақты. Тұрғындар сөзіне сүйенсек, ол жаққа сабылып, талон алып, дәрігерге көрінемін дегенше бір күн уақыт жоғалатын көрінеді. Бұл мәселе ұсыныс ретінде тіркелді. «Қызыл-Абад» ықшамауданының тұрғындары «жолға ең болмаса тас төсеп берсінші» деп өтініш білдірді.
Жалпы Тараз қаласы бойынша 1 388 көше бар. Оның 40 пайызына асфальт төселмеген. Орайы келгенде облыс әкімі мәселенің барлығы бірден емес, біртіндеп шешімін табатынын айтты.
«Шаңырақ» ықшамауданы тұрғыны Талғат Дүкенбайұлы №11 аумақтық округке көгілдір отын тартылғанына алғыс білдірді. Ол мұнда қоғамдық көлік қашан өз кестесімен жүретінін, автобус саны қашан көбейетінін білгісі келді. Тұрғындар тал-дарақ егейін десе мал көктетпейтін көрінеді. Ағын су мәселесі де көпшіліктің жырына айналған. Бұл аумаққа №9 бағыттағы автобус қатынайды. Бұл бағыттағы автобус саны жақын арада артып, соның есебінен көліктердің жүру кестесіндегі арақашықтық қысқарады.
Нұржан Молдиярұлы көшеттерді малдан қорғау секілді ұсақ-түйек жұмыстар тұрғындардың өздері шешетін мәселе екенін, бүгінде мемлекет тарапынан балабақша салынбайтынын, оны жекеменшік балабақша ашқысы келген азамат болса, мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде бірлесе жұмыс істеуге болатынын түсіндірді.
Бірнеше жыл мектепте ұстаздық етіп, сол мектептің директоры болған қария Ережепбай Бекеев «Қызыл-Абадтағы» №58 мектептің бүгінгі жай-күйін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, мұндағы балалар Ыбырай Алтынсариннің дәуіріндегі кепеде білім алып жатқандай.
– Өзім барып арнайы көрдім. Ені 2,5 метр, ұзындығы 4,5 метр болатын сыныпта балалар сабақ оқып жатыр. Тақта бір шетке қойылған. Балалар қыли болатын болды. Күлетін жағдай емес. Алақандай мектепте 400 баланың білім алуы ойланарлық жайт. Бала санын да ерінбей есептеп шықтым, – деді ол.
Н.Нұржігітов облыс бойынша дәл осындай жағдайда 39 мектеп бар екенін, дәл қазір нақты уәде бере алмайтындығын, үшжылдық жоспар бойынша бұл аумаққа мектеп 2025 жылы салынатынын, алайда реті келсе, бір жыл ерте салуға мүмкіндік қарастыратынын айтты. Аталған білім ошағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады екен. Кездесу соңында әрбір ұсыныс-тілек ескерусіз қалмайтыны айтылды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала