Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Адам баласының басты жауы – өз нәпсісі»

«Адам баласының басты жауы – өз нәпсісі»
ашық дереккөз
«Адам баласының басты жауы – өз нәпсісі»
Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы мұсылман қауымы үшін үздіксіз құлшылық жасауға арналған. 18 мың ғаламды жаратушы Алладан ғана дұға тілеп, оның тарапынан парыз етілген құлшылықтарға бой ұсыну – баршаға міндет. Жамандықтан тазарып, тек жақсылыққа бет бұратын берекелі айда мешіт имамдарының да атқаратын игі шаралары аз емес. Осы орайда Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы «Дәуіт ата» мешітінің бас имамы Қанат Тұмарбекұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Қанат Тұмарбекұлы, сіз имамдық қызмет етіп отырған Бурыл ауылындағы «Дәуіт ата» мешітінің қазіргі жай-күйі туралы айтып өтсеңіз? – 1996 жылы «Көне Меркі» медресесінен білім алып келген күннен бастап осы мешітте имамдық қызметтемін. Ауыл халқына ризамын. Ынтымағы, берекесі жарасқан ел бір-біріне өте қайырымды. Бурылдықтар, құмжоталықтар әрдайым жетім-жесірлерге көмектесуде мейірбандық танытып тұрады. Мешітімізде, ауылымызда рушылдыққа бөліну, дін алауыздығы, өзге секта өкілдері жоқ. Дәстүрлі Әбу-Ханифа мәзһабына бой ұсынатын жастар қатары көбеюде. Жалпы ахуал тұрақты, тыныш. Рамазан айында мешітте ауызашар беру рәсімі бізде жақсы қалыптасқан. Құмжота ауылының белсенді жастары осы елді мекеннен мешіт салуды жоспарлаған еді. Ол да өз шешімін тауып, Алла қаласа құрылысы басталғалы тұр. – «Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы», депті өз заманында ұлы Абай. Қазақтың бас ақыны меңзеген мәселе қазір де маңызды шығар... – Рас, баламыз «финпол» болды деп мақтанамыз. Ол бала 1-2 жылдан кейін парамен ұсталып, түрмеге түсіп жатады. Біз шариғатқа үрке қарағандықтан осындай келеңсіздіктер орын алады. Әлбетте, қай кәсіпте, қай салада жүрсеңіз де алдымен Алладан қорқу керек. Жалпы Абай атамыз болсын немесе Төле би бабамыз секілді ұлы адамдар «нәпсіні билеу» туралы аз ой айтқан жоқ. Олардың нақылын өмірімізге пайдаланбасақ, әрине, жетістікке жету қиын. – Қазіргі қоғамда көп мәселе тудырып жүрген хиджап туралы айтып өтсеңіз? – Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың «Еврейдің пиджагын киіп алып, мұсылманның хиджабын даттамайық» деп айтқаны бар. Ақын сөз еткендей, қыз-келіншектерімізге ұзын етекті, оюлы қамзол секілді дәстүрлі киімдерімізді кигізе алмай жүріп, олардың хиджап кигеніне неге қарсы боламыз? Мейлі хиджапқа қарсы болған күнде де өзіміздің қазақы нақыштағы ою-өрнекті киімдерімізді неге кимейміз? Аналарымызға, қыздарымызға қандай жарасымды болар еді. Қаракөздеріміздің тәнін жартылай жалаңаштаған шолақ матадан гөрі, денесін толықтай жабатын ұлттық киімдеріміз артық емес пе?! «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шешім осы. Бүгінде қалың бұқара арасында жиі дау тудырып жүрген бұл проблема имам ретінде бізге де көп салмақ салады. Өз тарихымыз бен дәстүр, шежіремізге, әдебиетіміз бен мәдениетімізге лайықты болсақ, алдағы уақытта бәрі өз орнына келеді деп үміттенейік. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дейді халық даналығы. Осы мақалдың соңын «Айларда да айлар бар, Рамазаны бір бөлек» деп жалғағым келеді. Себебі Рамазан айы мұсылманды нәпсіден тыяды. – Қанат Тұмарбекұлы, қасиетті айлардың сұлтаны Рамазан айы да кірді. Жалпы бұл ораза қадір-қасиетінен бөлек, тағы да несімен ерекше? – «Дін ислам болған кезде діңгектері, Бес уақыт намаз оқу міндеттері. Ассалаумағалейкум ағайындар, Мұхаммед Пайғамбардың үмбеттері», деп салауат айтатын бұл қасиетті ай –Аллаға ерекше құлшылық жасайтын кез. Қазір біреу «билікті өзгерту керек» десе, атойлайтын жамағатқа өзімізді өзгертейік десең дәл бұлай ұрандамайды. Мына қасиетті ай біздің ағзамызды тазартып қана қоймай, рухани жаңғыруға жетелейді. Асылында, дінде зорлық жоқ. Алла Тағала ешкімге артық ауыртпалық салмайды. Тек біз өзіміз қиындатып аламыз. Ол өзіміздің қу нәпсіміз. Сол нәпсімен күресуге келгенде әлсіздік танытамыз. Жаратушымыздың рақымы жауған қасиетті күндерде жан-жағымызды жақсылыққа бөлеп, жақындарымызға ізгі қайырымдылықтар жасағанымыз пайдалы. Алдымен өзімізді өмірге әкелген ата-анамыздың разылығын тауып, мол сауаптарға кенелуіміз керек. «Алма піс – ауызыма түс» деп жата бермей, жақсылыққа ұмтылуымыз қажет. Қазіргі таңда болмашы нәрсеге бола пайызы жоғары несиеге батқан адамдар көп. Қарапайым жылы үйлеріміз бүгінде келіндерге жақпай, несиеге белшеден батып, еуроремонтқа қыруар ақша кетіріп жүрміз. Соның кесірінен әлгі несиені төлей алмай, адал нәпақамызды еселеген пайызымен түрлі қаржы ұйымдарына беріп жүрміз. Мұның бәрі отбасылық жанжалдың тууына себепші. Ал Рамазан айы адамдарды қанағатшылдыққа, шүкіршілікке тәрбиелейді. Ысырапшылдықтан тыяды. Адамның ішкі жандүниесі түзелмей тірлігі де түзелмейді. Осы тазару, кешіру, мейірімділік айында Раббымызға жалбарыну керек. – «Болатын жігіт әуелі өз нәпсісін билейді, одан кейін ағайындарын, одан кейін аймағын билейді», деп Төле би бабамыз айтқандай, адам баласының басты жауы – өз нәпсісі. Сол нәпсі жайында тоқтала кетсеңіз? – Дана бабаларымыздың даналық сөздерінен ақылымызға дән іздесек, олардың айтары көп қой. Небір керемет нақылдарды бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Өз нәпсісін басқара білген адамда мін бар ма? Пайғамбарымыз айтып кеткендей, бүгінгі біздің күресетін басты жауымыз – өз нәпсіміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мақсат БЕГІЛДА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар