Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көзкөрім жердегі көгілдір отын көпке жетпей тұр

Көзкөрім жердегі көгілдір отын көпке жетпей тұр
ашық дереккөз
Көзкөрім жердегі көгілдір отын көпке жетпей тұр
Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет» концепциясын жүзеге асыру жолында редакциямыз бір кісідей-ақ атсалысып, үн қосып келеді. Мемлекет саясатын халыққа жеткізу және оны жүзеге асыруға, билік пен халықтың арасына алтын көпір болып келе жатқан редакциямызға жақында Талас ауданына қарасты Майтөбе ауылының тұрғыны ауылдағы ел атынан арыз айтып қайырылған еді.  Оның айтуынша, ауыл маңынан газ құбыры өтіп жатқанымен ауылға әлі күнге дейін газ кіргізілмепті. «Осы келеңсіздіктің өзі-ақ ауыл жастарының қалаға сабылуына жол ашты», дейді ол. – «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп ақын жырлағандай, біздің көкейімізде өзіміздің өскен ауылымыз мәңгі жұмақ болып тұратыны анық. Алайда сол ауылдың қиыншылықтары жұмақ деген атқа лайық емес. Егер ауылда жастарға барлық жағдай жасалса, заман жетістігі көгілдір отын жүйесі үйге кіріп тұрса, су құбырлары жүріп тұрса ауылдан кім кетер дейсіз. Қалаға адам қажеттіліктің артуынан, жағдайын жасау үшін жұмыс іздеп кетеді. Ал ауылда сол жағдайлардың бәрі жасалған болса, онда ешкім де ауылдан алысқа кетпес еді. Мысалы, біздің ауылға осыдан сегіз-он жыл бұрын газ кіретін болды деп қуанып, біраз жылымызды өткіздік. Алайда мұның бәрі де құр сөз бен ертегі болып қалды. Көгілдір отын қасымыздан өтіп жатса да ауылға кірмейтінін білген соң ауылдан біз де кеттік. Алайда апта сайын болмаса да айына бір ата-анамызға барып тұрамыз. Барған сайын сол баяғы өзгермеген тіршілікті көреміз. Олар да қартайғанда отын тасып, күл шығармай жақсы ғұмыр кешсе екен деймін. Әлі күнге дейін іргедегі газдың кірмей тұруы шынымен де адамды қынжылтады. Қазір «Жаңа Қазақстан» құрылды деп жатырмыз ғой. Бұйырса, біздің ауыл да жаңарса екен деген тілегіміз бар. Өйткені өзіміз сол ауылда туып-өскеннен кейін ауылдағы елдің жағдайының жақсы болғанын қалаймыз. Егер газ жүйесі жүргізіліп, жағдай жасалса өзіміз де ауылға қайта баруға дайынбыз, – дейді Абдуалибек Жаңбырбек. Әрине, қайнаған тіршіліктің қайнар көзі – отын мен су. Онсыз ауылда да, қалада да ісіңіз оңға басып, мандымайды. Алайда біз еліміз дамыған 30 елдің қатарына кіреді деп мақтанғанымызбен әлі күнге дейін қасындағы құдықтан су іше алмайтын, іргесіндегі көгілдір отынның игілігін көре алмай келе жатқан ауылдар аз емес. Міне, біз жазып отырған ауыл да сондай елді мекендердің бірі. Қазіргі таңда Майтөбе ауылының тұрғындары әлі күнге дейін пешіне қи қалап, отын тасып жағады. «Қақаған қыстың бел ортасында отын таусылса үсіп өлер ме екенбіз?» деп шошып отыратыны да бар. Ең қызығы сол, қасынан өтіп жатқан газ құбырына қосыла алмай, көгілдір отынды көксеумен ғана күн өткізіп жатыр. – Мен 17 жасымда Майтөбе ауылына келін болып, босаға аттадым. Жаз бойы ағаш жарып, отын дайындаймыз. Газды баллонмен сатып алып қолданамыз. Ал қыстың көзі қырауда ағаш, көмір тасып дамыл таппаймыз. Ас-ауқатты баллондағы газға немесе тоқ плитасына дайындаймыз. Ауылда «Берікқара» деген бет қаратпайтын дауыл бар. Кейде оның соққысы екі-үш күнге ұласады. Әсіресе сондай сәтте отын тасу қиынға соғады. Ауыл көркейсе – ұлт көркейеді. Біздің ауыл тұрғындары, қарты, жасы мен жасамысы бар қашанғы отын арқалап күнелтпек?! Қысқасы мына қым-қуыт тіршілігі көбейген қарбалас заманда күл шығарудан шаршадық, – дейді Майтөбе ауылындағы көпбалалы ана Айткүл Бубеова. Бүкіл әлем күн энергиясынан жылу алып, от жайлы ойламайтын кезге жеткенде ауылдағы ағайынның әлі күнге дейін ауласына келіп тұрған газдың игілігін көре алмауы бізді кері кетірмесе, әрине, алға жетелемейтіні анық. Олар бүгін рақатын көрмеген отынның ертең жылуының керегі жоқ екенін де әбден біледі. Ауыл болған соң оның іші-сыртында не бар, не жоғын, не жететінін, не жетіспейтінін уақытында біліп отыру – нағыз Жаңа Қазақстан әкімдерінің парызы. Сондықтан біз аттың басын ауыл әкімі Ербол Смайыловқа бұрып, газдың не үшін әлі күнге дейін келмей жатуының себебін сұрап, енді қашан келетінінің жауабын алған болатынбыз. – Осы халықпен бірге көгілдір отынды біздің де күткенімізге 30 жыл болды. Біз өз тарапымыздан жыл сайын өтетін жиналыстарда бұл мәселені көтереміз, осы уақытқа дейін сұраныс хаттың да түр-түрі жазылды. Бірақ бұл мәселе ылғи да кейінге шегеріліп қалып кетеді. Себебі көгілдір отын ауылдың қасынан өте жоғары қысымды магистраль арқылы өтіп жатыр. Сондықтан газды одан бөліп шығару үшін Билікөл автоматты газ реттеу стансасы салынуы керек болды. Қазіргі таңда бұл стансаның құрылысына бюджеттен 1 миллиард 100 мың теңге бөлініп, Билікөл автоматты газ реттеу стансасы толығымен салынып бітті. Енді содан бері қарай Берікқара ауылдық округіне 25 шақырым қашықтықтан газ құбырын тарту мәселесі қалып отыр. Негізі газ кіргізу жұмысы бағдарлама аясында 2024-2025 жылдар аралығына жоспарланған. Десе де биыл газ құбыры ауылдық елді мекендерге тартылса, келер жылы ішкі жұмыстар, яғни әр үйдің іргесіне дейін құбырлар тарту жұмысы жүргізіледі. Ауылдық округ құрамында екі елді мекен, үш қыстақ бар. Округ орталығы Майтөбе ауылына дейін тартылатын магистральды құбыр осы қыстақтарды басып өтетін болғандықтан, оның барлығы газбен қамтамасыз етілетін болады. Ол ауылға дейін газ құбырын тарту және ішкі жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, сараптамаға өткізілді. Сараптамадан оң шешім алынған күннен бастап, жұмыс қызу жүргізілетін болады, – дейді Майтөбе ауылдық округінің әкімі Ербол Смайлов. Мәселе шешілмесе, оны көтергеннен пайда жоқ. Біздің парызымыз – халықтың мұңын мінбердегілерге, ауылдағы елдің дауысын ауданға, аудандағы жұрттың жұмысын қалаға, қаладағы қауымның тілегін қалам арқылы болса да облысқа жеткізу. Оның үстіне еліміздегі әрбір ауыл тұрғынын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назар аударып отырған басым бағыттарының бірі. Сондықтан қидың қызуы мен көмірдің шоғына жылынатын уақыт келмеске кеткен мына заманда ауылдастарымыздың көгілдір отын игілігін тез көруін біз де қалаймыз.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар