Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕСТЕН КЕТПЕС ЭТНОДУМАН

ЕСТЕН КЕТПЕС ЭТНОДУМАН
ашық дереккөз
ЕСТЕН КЕТПЕС ЭТНОДУМАН
Кеше Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні» мерекесіне орай «Наурыз-думан, Наурыз-ән» атты этнодуман кеші өтті. Баршамызға белгiлi, наурыз мейрамы көрісу күнінен бастау алса, 16 наурыз Наурыз тойының онкүндігі аясында тойланатын күннің бірі – тарихқа тағзым ету күнi.

Наурыз – тек көктемгі жаңару ғана емес, сонымен қатар тарихымызды танып, ұлттық құндылығымызды құнттауға мүмкіндік береді. Бұл күні жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сiңiру және Отан тарихын терең білу арқылы өз елi мен жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру,өнерді дәріптеу мақсат етілген. Кеш барысында кітапхана ардагерлері Майра Алишева, Перизат Әбітайқызы арнайы конақ болды. Оған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гуманитарлық əлеуметтік ғылымдар» факультетінің 2-курс студенттерi қатысып, бір топ жігіт ортаға шығып наурыз тойы жөнінде жар салды. Аружан Нұрпейісова мың бұрала би биледі. Кітапхана кызметкерлері Алтынай Абдраймованың, Жазира Базарбаеваның орындауында «Наурыз», «Желдірме» әндері орындалды. Сондай-ақ жастардың сауықтары саналатын «Беташар» салтынан театрландырылған көрініс қойылды. №30 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Нариман Сембай мен №11 мектептің 1-сынып оқушысы Айлин Төлепберген өздерінің әншашуларын арнады. Кеш соңында келген қонақтарға наурыз көже таратылып, бата берілді.

Наурыз тойы қазақ халқы үшін киелі де берекелі мереке. Бұл күні күн мен түн теңесіп, табиғат оянады. Жер бетінде өзгеше серпіліс пайда болып, айнала жанданады. Наурызда қыстан аман шыққан халық наурыз көже жасап, араз болған адамдар бірбірімен татуласады. Елдің аузы аққа, малдың аузы көкке тиіп, жұртшылық жаңа жылды жоғары көңіл күймен қарсы алады. Наурыз тойын қазақ елі ежелден тойлап келген. Десе де Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деген желеумен тоқтатылды.

Бірақ осы дәстүрдің сақталып қалуына Қазақстанның кейбір өңірлерінде мереке жасырын атап өтіліп, наурыз көженің таратылуы себеп болды. 1988 жылдан бастап Алматы қаласында, еліміздің көптеген аймағында наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Содан бері Наурыз тойы қазақ даласында жыл сайын асқан думанмен аталып өтіп келе жатыр. Мұны сөз етуіміздің себебі – бір кездері қазақтың ұлттық дәстүрі де қағажу көргенін жас ұрпақ біліп өссін деген ой.

Әмина ЕСКЕРМЕС, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар