«КІТАП – ҒАЖАЙЫП ӘЛЕМ»
Кітап - нәзік те, тұнық әлем. Кітап- білімнің түпсіз аспаны,терең бастауы. Ұлтымыздың мерейі мен деңгейі қоғам мен мемлекетіміздің өркенін өсіруде қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазына-кітап. 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні қарсаңында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы « Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы» және Д.А.Қонаев атындағы «Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы»ұйымдастыруымен «МАRT» сауда, ойын-сауық орталығында «Кітап ғажайып әлем» атты сиқырлы феерия өтті.
Ерекше форматта өткен феерияның мақсаты - оқырмандардың ертегілерді білу арқылы ойлау, сөйлеу қабілетін үйлесімді дамыту мен қатар халық ауыз әдебиетіндегі ертегілер менертегі кейіпкерлері туралы білімдерін кеңейту. Ертегілер арқылы балаларды адамгершілікке, мейірімділікке, адалдыққа және еңбек сүйгіштікке тәрбиелеп қана қоймай, ата-аналар арасында балаларға кітап оқудың қажеттілігін насихаттау.
Фестиваль барысында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының өнерпаздары флешмоб биімен көрермендерді бір серпілтіп тастады.Сонымен қатар, «Smart» өнер мектебі балалары «Марғаулар», «Малявки» билерін тарту етсе,«Қарақат» мектеп студиясының «Жетігеншілер» ансамблінің аспапта орындалған әуезді әнімен көпшілікті сүйсіндірді.
Салтанатты іс-шара барысында «Болашақ» мектеп-интернатының білім алушысы Алмат Жұматайұлы «Ассалаумағалейкум» әнін нәшіне келтіре орындап, көрермендердің көзайымына айналды.
– Әнге тоғыз жасымнан бастап дайындалдым. Шымкентте өткен «Жұлдызды шақ» байқауында осы әнді айтып бас жүлде жеңіп алдым.Арнайы вокалдық сабақ алып қана қоймай,түрлі ертегі кітаптар оқығанды жаным сүйеді, – дейді жас өнерпаз.
Рухани іс-шарада түрлі халық ертегілерінің кейіпкерлері – Жалмауыз кемпір, Ер Төстік, Қызыл Телпек, Алдар көсе, Босс Молокосос, Лол қуыршақтары бүлдіршіндермен түрлі ойындар ойнап көңілдерін көтерді. Жұмбақтар жасырып, логикалық сұрақтар қойып балаларға қызықты кеш сыйлады.
Ұйымдастырушылар мұндай кешті мейілінше жиі жиі өткізіп тұру керектігін айтты.
– Балалар әдебиетімен қатар жергілікті ақын-жазушыларымыздың кітаптарын насихаттап қана қоймай, оқырманды кітап оқуға шақыру басты мақсатымыз. Сонымен қатар,арнайы кештер өткізу – еліміздегі балалардың қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ –, дейді Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директор орынбасары Толқын Кузенова.
Кеш соңында кітапханашылар «Кел, досым кітапханаға!» әнін орындап, қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыстады.
Әнел Әшірқұл, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті
Келесі мақала