КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ КӨҢІЛДЕН ШЫҒАДЫ
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында «Зерхат» және «Молдабек» шаруа қожалықтарының егістік алқабында болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.
«Зерхат» шаруа қожалығының төрағасы Ержан Мейірбеков қазіргі таңда тиісті дақылдарды отырғызу жұмыстары басталып кеткенін жеткізді.
– Біз «Молдабек» шаруа қожалығымен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Өткен жылы 30 гектарға пияз, 40 гектарға картоп, 10 гектарға бақша дақылдарын егіп, оған тамшылатып суғару әдісін пайдаландық. Биыл егістік алқап аумағын 150 гектарға арттырып, оның барлығына тамшылатып суғару технологиясын енгізіп жатырмыз.
Нақтырақ айтсақ, 50 гектарға қант қызылшасын, 20 гектарға картоп, 25 гектарға пияз, 55 гектарға бақша дақылдарын отырғызамыз, – деді Ержан Мейірбеков.
Сондай-ақ ол өздерінің қазіргі таңда төрт техникасы бар екенін айтып, тағы да техника алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы облыста су үнемдеу технологиялары 50,9 мың гектар жерге енгізілсе, оның 34,8 мың гектарына тамшылатып суғару, 16,1 мың гектарына жаңбырлатып суғару әдісі пайдаланылған. Ал биыл суды үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін 57,0 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Бұл тұрғыда қондырғыларды сатып алу және орнату құнының 50 пайызы мөлшерінде инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау қарастырылған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі