«Ұлттың тірегі де, тілегі де – жастар»
Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде облыс әкімінің орынбасары студенттермен кездесу өткізіп, дәріс оқыды. Жиынды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды.
Еркін форматта өткен дәрістің алғашқы кезеңінде Еркін Құлымбайұлы өзінің мемлекеттік қызметтегі функционалдық міндетіне қысқаша тоқталып, өңірдегі жастар саясаты шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
– Ұлттың тірегі де, тілегі де – жастар. Олар қоғам ісіне белсенді араласып, мемлекеттің дамуына, өркениет жолында ұстанған бағытына қызығушылық танытуы тиіс. Еліміз үшін маңызды шараларда үн қатып, белсенді бола білген жастардың өсе келе ел ісіне араласуда тәжірибесі болады.
Қазіргі таңда облыста 351 138 жас бар. Бұл облыс тұрғындарының 30,5 пайызын құрайды. Жастардың 217 350-і ауылдық елді мекенде, қалғаны қалада тұрады. Ағымдағы жылы облыс бойынша жастар саясатын жүзеге асыруға 1 миллиард 932 мың теңге қаржы қарастырылды, – деді Е.Үйсімбаев.
Спикер облыстағы өрендерге қолдау көрсететін бағдарламалар жайлы баяндады. Оның ішінде өңір жастарына арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасының талаптарын, баспана үшін жеңілдікпен берілетін несиенің артықшылығын әңгімеледі.
– Биыл бағдарлама аясында 150-ге жуық жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланды. Жастарға 13 миллион теңге дейін ипотекалық несие берілсе, оны өтеу уақыты – 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме мен бастапқы жарна – 5 пайызды құрайды. Сонымен қатар бүгінде «Отбасы банк» тарапынан қосымша қаржыландыру көлемін 1,5 миллиард теңгеге ұлғайту жұмыстары қарастырылды, – деді Еркін Құлымбайұлы.
Өз кезегінде студенттер де қалыс қалмай, облыс әкімінің орынбасарына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Еркін Үйсімбаевтың бала күнгі арманы мен студенттік шағында басынан өткерген қызықты оқиғалармен бөлісуін сұрады.
– 5 жасымда дүкенде сатушы боламын деп ойладым. 12 жасымда әскери қызметкер, 17 жасымда инженер, 22-23 жасымда мемлекеттік қызметкер болғым келді. «Арманым орындалды» деп айта аламын. Бірақ жас келген сайын адамда жаңа арман пайда болады. Қазір балаларға дұрыс тәрбие беріп, еліміздің жақсы азаматы болса екен деп тілеймін, – деді Е.Үйсімбаев студент қойған бір сұраққа жауап беру барысында.
Сондай-ақ, спикер жастарды аталған жоғары оқу орны тарапынан ұйымдастырылатын жаңа жобамен таныстырды. Айтуынша, жоба бойынша «Химия» мамандығының студенттеріне арнайы қаражат бөлініп, грант беріледі екен. Бұл жаңалықтан құлағдар болған жастардың жүзінде қуаныштың табы ойнады.
Жиын соңында облыс әкімдігінің орынбасары студенттерге жылы лебізін жеткізіп, жастармен естелік үшін суретке түсті.
Аяулым ЖАМАНҚАРА