Атадан мал қалғанша, тал қалсын
Шу қаласындағы «IQ URKER SCHOOL» мектебінде Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» атты ағаш отырғызу шарасы өтті. Жекеменшік мектеп басшылығының ұйымдастыруымен өткен игі шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков және аудан өмірінің түрлі саласында еңбек етіп жүрген аға буын өкілдері қатысты. Сонымен қатар аталмыш шараға үлес қосудан осы мектептің ата-аналары мен оқушылары да тыс қалмады.
Жаңадан құрылған мектепішілік «Балауса» экологиялық тобының ашылуы да аталмыш шараның өткізілуімен тұспа-тұс келді. Жаңадан ашылған топтың мақсаты – күнделікті тәрбие жұмысын ата-аналармен бірлікте жүргізу арқылы балаларды бастауыш сыныптан бастап елжандылыққа, туған жерін сүюге, оның әрбір белгісін қастерлеп, табиғатты қорғауға баулу еді.
Аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
– Бұл шара өскелең ұрпақ үшін үлкен тәлім-тәрбиеге толы іс және осындай өнегелі іске сіздер ұйытқы болып отырсыздар. Бұл үшін мектеп басшылығына алғысымды білдіремін. Осы ортадан білім алып жүрген оқушыларыңыз келешекте ел сенімін ақтайтын білімді, іскер азаматтар болып өссін, – деп атап өтті Б.Жәнібеков.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Е.Өмірәлиев пен қалалық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы М.Бисимбаев «Балауса» экологиялық тобының лентасын қиды. Ал ата-аналар атынан Қаратбай ата жаңа бастамаға орай бата беріп, ізгі ниеттің орындалуына тілектестік білдірді. Осы тұста мектеп бүлдіршіндері еңбек туралы тәрбиелік мәні зор тақпақтарын айтып, көпшілікті қуантты.
Осындай салтанатты сәттен соң, барлық қонақтар мектеп ауласына және ауланың сыртқы маңайына тал егіп, мектеп қызметкерлері ағаштар жайқалып өсіп, өнсін деген қазақы ырым-ниетпен жаңадан егілген жас талдардың түбіне ақ құйды. Бұл «Ана – Жер – Ана» деген ұғымның маңыздылығын арттыра түскендей болды.
Осылайша, аудан басшысы мен аға буын өкілдері бастап берген тал егу рәсімін әрі қарай мектеп оқушылары мен ата-аналар және қызметкерлер жалғастырып, бұл күні жалпы саны 220 түп сәндік ағаш көшеттері мектеп ауласына отырғызылды.
«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» атты тал егу рәсімі әрі қарай қонақтарды мектеп тынысымен таныстыруға ұласты.
Әрі қарай қонақтар мектеп оқушылары дайындаған мерекелік сазды бағдарламаны тамашалап, ұлттық салт-дәстүрге негізделген көріністердің куәсі болып, ақ дастарқаннан дәм татты.
Келесі мақала