Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Станса 10 мың үйді жарықпен қамтуда

Станса 10 мың үйді жарықпен қамтуда
ашық дереккөз
Станса 10 мың үйді жарықпен қамтуда
Әулиекөл ауылы маңындағы «Айша күншуақ» электр стансасы жарты жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір онда 50 мегаватт электр қуаты өндірілуде. Жобаның инвесторы – «Unigreen Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, операторы – «АЕС Аsa» ЖШС. Жобаның жалпы құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда республикада өндірілетін электр қуатының 20 пайызы Жамбыл облысына тиесілі. Жуалы ауданындағы «Бурное солар» күн электр стансасынан кейінгі үлкен күн электр стансасы «Айша күншуақ» стансасы. Жалпы облысымызда күннен, желден және судан энергия өндіретін 327,6 мегаваттық 18 станса жұмыс істеуде. 2021-2030 жылдар аралығында электр қуатын өндіретін стансалар санын 32-ге жеткізіп, 1 251 мегаватт электр энергиясын өндіру жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, жақында ғана пайдалануға берілген «Айша күншуақ» стансасының құрылысын украиналық «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. 110 гектар аумақты алып жатқан стансаға 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панельдер күннің шығуына байланысты қозғалып отырады. Панельдердің бір артықшылығы – екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс мезгілінде жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панельдер Ресей мен Қытайда шығарылған. Стансаның басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасын салуға аудан аумағынан жалпы 300 гектар алқап берілген. Бүгінде 110 гектарына күн панельдері орнатылған. Онда 15 адам еңбек етуде. – Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы – қозғалмалығында. Орнатылған панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартады. Сонымен бірге қатты желге де төтеп бере алады. Биыл қазан және қараша айларында облысымызда орын алған қатты дауыл кезінде панельдер өзінің төзімділігі мен ыңғайлылығын дәлелдеді. Сондай-ақ панельдер секундына 40-50 жылдамдықпен соғатын дауылға төтеп беретіндей етіп есептелген. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді, – дейді Жандос Райбекұлы. Стансаның құрылыс жұмыстарының жобалық құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Күніне 50 мегаватт электр қуаты өндіріліп, «KEGOK»-тың біртұтас энергия жүйесіне берілуде. Мұнда өндірілген қуат көзі 10 мыңнан аса үй мен өндіріс ошақтарына жетеді екен. Сондай-ақ серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салуды жоспарлауда. Оның мегаватын кезең-кезеңімен көбейту үшін Жамбыл ауданы аумағынан 300 гектар жер телімін алған. – Компанияның атқарып жатқан жұмысы ауданның ғана емес, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы елімізде табиғаттың мол мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындауда. Қолдан келіп тұрғанда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнімді ұлғайтуға тиіспіз. Осының барлығы да біздің болашағымыз үшін жасалып жатыр, – дейді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, аудан әкімінің баспасөз хатшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар