Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«БІЛІМ ӘЛЕМДІК БОЛҒАНЫМЕН, ТӘРБИЕ ҰЛТТЫҚ БОЛУ КЕРЕК»

«БІЛІМ ӘЛЕМДІК БОЛҒАНЫМЕН, ТӘРБИЕ ҰЛТТЫҚ  БОЛУ КЕРЕК»
ашық дереккөз
«БІЛІМ ӘЛЕМДІК БОЛҒАНЫМЕН, ТӘРБИЕ ҰЛТТЫҚ БОЛУ КЕРЕК»
«Ғылым қартайып барады» деген пікірді соңғы жылдары жиі естиміз. Мүмкін рас та шығар. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Шетелдік үздік жоғары оқу орындарынан алған білімімен, халықаралық өндіріс орындарынан жиған тәжірибесімен отандық ғылымның көкжиегін кеңейтіп жүрген жастар да аз емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің докторанты Көркемжан Бақытжанқызы да дарыны мен қарымы келіскен, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалымдардың бірі десек, еш қателеспейміз. Жуырда талапты жаспен сұхбаттасып, ғылым-білім саласы төңірегіндегі ойларына құлақ түріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. – Көркемжан Бақытжанқызы, студент кезіңізден облысымыздағы белсенді, көшбасшы жастардың қатарында келе жатырсыз. Түрлі іс-шаралардың бел ортасынан сізді көретінбіз. Кейінгі жылдарда белсенділігіңіз бәсеңдеп қалған сыңайлы. Көп көзге түспейтін болдыңыз. Әлде жастар саясатынан іргеңізді аулақ салдыңыз ба? – Бүгінгі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде докторантурада оқып жатырмын. 2020 жылы бакалавриатты үздік тәмамдап, сол жылы магистратураға оқуға түстім. Ғылыми-педагогикалық бағытта жоғары оқу орнынан кейінгі білімімді шыңдап, 2022 жылы докторантураға құжат тапсырып, бүгінде гранттық негізде білім алып жатырмын. Ғылым шамын қолыма ұстап, жаһандық мегатенденция шеңберіндегі ғылыми ізденісімді педагогикалық әдістеме саласымен байланыстырып келемін. Алайда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасымен байланысым үзілген жоқ. Басқармамен бірлесе отырып облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырып жүрміз. Жалпы жастар саясаты саласымен байланысым студенттік өмірімнің ең алғашқы жылында-ақ басталды. 2016 жылы оқуға қабылданып, тұлғалық даму тұғырына аяқ басқан сәттен қоғамдық белсенділігімді дамыта бастадым. Қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының «Ұшқын болмай, от тұтанбас» деген аталы сөзі бекер айтылмаса керек. Неге десеңіз, көзімдегі ұшқынды байқаған сол кездегі филология факультетінің деканы Айсұлу Нұрдынқызы қазіргі облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Әділбекқызымен таныстырды. Осылайша Арайлым Әділбекқызының себепкер болуымен түрлі кездесу, шараларға қатысып, өңір жастарымен етене тығыз байланыс орната бастадым. Алғашында белгілі тұлғалардың қатысуымен өтетін кездесулер мен жиындарға қатысып, сұрақ қойып жүрсем, кейінірек спикер, модератор болып, жауапкершілігімді еселедім. Салтанатты жиын, мерекелік шара, ғылыми конференция, волонтерлік қызмет, әлеуметтік желідегі белсенділік және басқа да түрлі бағыттағы біршама іс-шараларды тізгіндеп, рухани өсіп, таным көкжиегімді кеңейтуге мол мүмкіндік ала бастадым. Сәйкесінше 2019 жылы «Жыл студенті», 2021 жылы облыс әкімі тағайындайтын «Әулиеата үміті» жастар сыйлығының жеңімпазы атанып, көзайым болған жайым бар. Қазіргі таңда облыс әкімдігі жанынан құрылған ақын-жазушылар, ғалымдар кеңесінің мүшесімін. – Өзіңіз секілді студент кезінен жастар саясатының қазанында қайнап, кейін түрлі басшылық қызметтерге тағайындалып жатқан жастар жетерлік. Бірнеше жыл отымен кіріп, күлімен шыққан жастар саясаты саласында бағыңызды сынап көрмей, ғылым жолын таңдауыңызға не себеп болды? – Бәлкім, студенттік кезеңде үлкенді-кішілі іс-шаралардың басы-қасынан жиі көргендіктен осындай сауалдың тууы қалыпты шығар. Дегенмен жастар саясаты саласынан алыстадым дей алмаймын. Мамандығым – педагог. Бүгінгі таңда мамандығым бойынша өз білімімді жетілдіріп келемін. Докторантура – ғылыми шығармашылықты, ізденісті талап ететін сала. Бұған дейін бос уақытым магистрлік диссертация жұмысымен айналысумен өтсе, бүгінде докторлық диссертация жазуды күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде қарастырып отырмын. Дегенмен ғылыммен айналысуым жастар басқармасымен тізе қосып жұмыс істеуіме кедергі емес. Керісінше, жас ғалым ретінде атқарып жүрген потенциалды бастамаларыма демеу болып, тұрақты қолдауын ұсынып келеді. Ұлттық руханиятымыздың «ұрпақтар сабақтастығы» деген саф үлгісі ретінде бір кездері мен танытқан студенттік белсенділікті бүгінде ізімізді өкшелей басып келе жатқан студент жастар алмастырып отыр. Мұндай құбылыстың орын алуы – заңдылық, әрине. – Ғылым саласына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөліне бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылдан-жылға ғылымға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Мемлекеттің қолдауын өзіңіз секілді жастар қаншалықты сезініп жүр? – Абайша айтқанда, «Ғылым – дүниенің көрінбеген тұсын тану» дейтін болсақ, ғылыммен айналысудың өз әдебі болатынын айтқым келеді. Дәуір келбеті ғылыми-техникалық революцияны басынан кешіріп жатқанда ғылымға көңіл бөлмеу әбестік болар. Сондықтан да мемлекетіміз жас ғалымдарға барынша көңіл бөліп жатқанын баса айта кету қажет. Сөзімнің дәлелі ретінде бакалавриат пен магистратурада білім алып, «Президенттік шәкіртақы» иегері, облыс әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығының «Жас ғалым» номинациясының лауреаты, қос бірдей авторлық құқықпен қорғалатын ғылыми туындының авторы болуымды алға тартамын. Ғылыммен айналысамын дейтін кез келген жас зерттеуші үшін ғылымның әр саласында мүдделі тарап бар екенін айтқым келеді. Мемлекетімізде ғалымдарға қолайлы жағдай туғызудың тетіктері жыл сайын артып, жаңа дем ашылып келе жатқандығы ақиқат. Айталық, «Тәуелсіздік ұрпақтары» сынды бірнеше гранттық қолдаулар жас ғалымдарды қанаттандырды десем болады. – Егер отандық ғылым саласын қарқынды дамытамыз десек, бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, ғалымдарды қолдаумен ғана шектелмей, ғылыми жобаларды коммерцияландыру ісіне де басымдық берген жөн секілді... – Дұрыс айтасыз. Ел мен елдің арасындағы айырмашылықты ғылымы арқылы бағалауға болады. Себебі ғылым – бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын басты индикатор. Әлбетте, ғылыми ахуалды арттыру үшін қаржыландыруды да назардан тыс қалдырмау қажет. Бүгінгі таңда инфрақұрылымдар, баламалы қуат көздері, робототехника, цифрлы технология, барлығы дерлік ғылыми қолдаудың нәтижесінде жүзеге асып отырған процестер. Дегенмен тоқмейілсіп отыруға да болмас. Ғылым межесі биік мемлекеттермен иық тірестіру үшін қыруар қажыр-қайраттың қажеттігі анық. «Талпынғанның тоқпағы тасқа шеге қағады» деген ұстаныммен бүгінде елімізде ғылымды қаржыландыру да, жобаларды коммерцияландыру деңгейі де бұрнағы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. – Жоғарыда «Авторлық құқықпен қорғалатын ғылыми туындының авторы болуымды алға тартамын» деп қалдыңыз. Осы жобаларыңыз туралы айтып өтсеңіз... – Иә, қазіргі таңда екі авторлық куәліктің иегерімін. Атап өтер болсам, дипломдық жоба жұмысын жазған уақытта әзірлеген «7 Qyr» мобильді қосымшасы және магистрлік диссертацияның негізінде дайындалған «Б.Момышұлы шығармаларын оқытудың әдіс-тәсілдері мен технологиялары» атты веб-сайт. Қос бірдей жоба оқытуды цифрландыру мақсатында дайындалған. Онда айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым сынды төрт тілдік дағды қамтылған. Сондай-ақ көркем шығарманы талдаудың жаңа техникалық үлгісі ұсынылған. Бүгінде аталмыш жобалар пилоттық режимде Тараз, Қызылорда және Алматы қалаларындағы білім беру ұйымдарында қолданылуда. Алдағы уақытта екі жобаны да үш тілге (қазақ, орыс, ағылшын) аударып, ауқымын кеңейту жоспарлануда. Себебі «7 Qyr» мобильді қосымшасын туристік бағытта да өрбітуге мүмкіндік бар. Нақтырақ айтқанда, мобильді қосымша мәзірінде ұлттық брендтер (атқа міну мәдениеті, аң стилі, ежелгі металлургия, Алтын адам, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны, түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы) ұсынылған. Платформаны «Рlay Мarket» қосымшасы арқылы жүктеп алуға болады. Ал «Б.Момышұлы шығармаларын оқытудың әдіс-тәсілдері мен технологиялары» атты веб-сайт орта және жоғары мектептерде әдебиетті оқытуда қолданылатын әдістемелік құрал. Мұнда автордың ғұмырнамасы, шығармашылығы, автор туралы мерзімді басылымдар мен зерттеулер, мұражайы мен сирек ұсынылатын фотосуреттер мен бейнекөрсетілімдер топтастырылған. – Білім-ғылым қуған дарынды, талантты жастар мүмкіндік болса шетел асып кетеді. Біржолата қалып кетіп жатқандары аз емес. Шетелге барып, білім алып, тәжірибе шыңдау ойыңызда жоқ па? – Ғылым ұлтқа бөлінбейді. Десе де мен «Білім әлемдік болғанымен, тәрбие ұлттық болу керек» деген ұстанымды ұстанамын. Әлбетте, тәжірибе үшін шетелге барып, біліктілікті арттырған дұрыс. Бірақ алған білімің мен біліктілігіңді өз еліңнің игілігіне жұмсау негізгі миссия болу қажет деп санаймын. Хакім Абайдың «Нағыз адам барлығын білетін адам емес, білгенімен бөлісе білетін адам» деген пікірін қос қолдап қолдаймын. «Мен білсем болды, өзім үшін ғана» деген эгоистік шеңберді бұзып, ұлттық мүдде үшін еңбек етуге тәрбиеленген дұрыс. Докторантурада білім алу кезеңінде педагогикалық тәжірибе, ғылыми-зерттеу тәжірибесі және шетелде ғылыми тағылымдамадан өту міндеттеледі. Бүгінде университеттегі Халықаралық ынтымақтастық орталығы Түркиядағы Bolu Abant İzzet Baysal университетімен келісімшарт орнатты. Бұйырса, зерттеу тақырыбым, бағытым бойынша тәжірибе алмасып келуді жоспарлап отырмын. – Жастардың ортасында жүрсіз. Бірге жұмыс істедіңіз, әлі де істеп жүрсіз. Қазіргі жастардың ғылымға қызығушылығы туралы не айтар едіңіз? – Ғылымға жатырқай қарайтын жастар легінің бар екені жасырын емес. Бұл қалыпты құбылыс. Себебі ғылыммен айналысу үшін оған бейім мен дағды, қызығушылық пен төзім қажет. Ғылыммен тек көзілдірік тағып, орта жасқа келген жандардың айналысуы шарт емес. Ішінара «әттеген-ай» дейтін тұсымыз болса да барынша позитивті ойлауға шақырамын. Ой жеткен жерге қол да жетеді. «Ғылым қартайып барады», «біз дамымаймыз», «сыни ойлау қалыптаспаған», «зияткер ұлт болуға әлі қайда» деген жаттанды тіркестерді айта бергенше әрекет етсек, ұтарымыз көп болмақ. Шүкір, қазір ғылымдағы жастардың белсенділігі, аяқ алысы әлсіз емес. Тіпті әлем мойындаған бірқатар жетістіктеріміз бар. Сондықтан мәселелерді атап көрсете бермей туындау себептерімен күрескеніміз жөн. Сонда отандық ғылымында «ұлттық бренді» қалыптасқан мемлекет атанарымызға сенемін. Сөз соңында айтарым, Ілияс Жансүгіровтің: «Жас мұраты, білім, тәлім – талабы... Өнер, оқу – жастықтың қару-жарағы» деген әдемі афоризмі көптеген жастың ұстанымына айналса деймін. Бұл ретте жастың қару-жарағын қамдап, баптайтын ұстазы болуы да маңызды рөлге ие. Осы орайда маған тұсбағар болып, өзім ізін өкшелей басып келе жатқан ұстазым, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарың докторы, профессор Тұрсынай Рыстайқызына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Себебі ғылымның қыр-сырына кез келген жас зерттеуші өз жетекшісі арқылы қол жеткізеді. Егер ғалым өзіне шәкірт тәрбиелесе, жастардың ғылыми иммунитеті артып, жаңа деңгейге көтерілетініне бек сенемін. Сондай-ақ жастарымызды жарыса ғылыммен айналысуға үндеймін. Себебі біз – аманат арқалаған ұрпақпыз! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар