ӘР ТҰТЫНУШЫ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛГЕН ЖӨН
Бәріміз де түрлі тауарлар мен қызметтерді тұтынып жатамыз. Біз – сатып алушымыз, пациентпіз, жолаушымыз, клиентпіз, оқырманбыз, демек, тұтынушымыз. Әрбір адам сауатты, өркениетті тұтынушы болу, сондай-ақ тұтынушылық құқығы мен мүддесін қорғай алу үшін қажетті білімге ие болуы керек. Өкінішке қарай, еліміздің тұрғындары тауарларды сатып алу мен қызметтерді пайдалану барысында сапасыз тауарларға немесе сатушы мен қызмет көрсетуші тарапынан болатын жауапсыздыққа ұрынып жатады. Бұл – тұтынушы құқығы жиі бұзылады деген сөз. 15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күніне орай «Облысымызда тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр? Өз құқығымызды білеміз бе?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Тарихқа сүйенсек, Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні АҚШ Президенті Джон Кеннедидің 1962 жылы өткен конгресте сөз сөйлеуінің құрметіне бекітілген. Себебі Джон Кеннеди өз сөзінде тұтынушының негізгі төрт нәрсеге: қауіпсіздікке, ақпаратқа, сондай-ақ таңдауға және уәжін естірте алуға құқығы барына назар аудартты. Кейіннен оларға шығынды өтеп алу, базалық қажеттіліктерді қанағаттандыру құқығы қосылды. Сондай-ақ тұтынушылар өз құқықтарын білуге ұмтылып, білімдерін жетілдіріп отырды.
Бұл күн алғаш рет 1983 жылдың 15 наурызында аталып өтіп, сол кезде мерекелік даталардың халықаралық күнтізбесінде Тұтынушылар құқығын қорғаудың дүниежүзілік күні болып бекітілген.
Біздің елде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама 1990 жылдары пайда болды. Осыған дейін азаматтардың қажеттілігін қанағаттандыру бойынша қарым-қатынастарды реттеу көбінесе азаматтық заңнамамен жүзеге асырылып отырған.
Ал қазір тұтынушылар 2010 жылдың 4 мамырында жарияланған ҚР «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңына сүйенеді. Былтыр оған да өзгерістер енгізіліп, кейбір тауарлардың қайтару тәртібі өзгерді. Атап айтсақ, айырбастауға және қайтаруға жатпайтын тауарлар тізіміне ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы енгізілді.
Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Байқадам Дүйсенбаев бізге тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзгертулер, қайтарып беруге жатпайтын тауарлар тізімін айтып берді.
Департамент басшысының айтуынша, қазіргі таңда ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа Заңның қабылдануымен жүйенің тиімділігі артады деп үміттенеміз. Мұның бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін инстанциялар саны азаяды. Екіншіден, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның стратегиялық серіктесі болатын мемлекеттен тыс қуатты институт құрылатын болады, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қазіргі проблемаларды Мемлекет басшысына тікелей жеткізетін омбудсмен болады. Сонымен қатар заңнамадағы айтылған проблемалар жойылады. Үшіншісі – тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ескі заңнамадағы нормалар қалпына келтіріледі.
ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп тиісті талаптарды енгізу арқылы өз құқықтарын қорғау мәселелері бойынша білім беру және құқықтық сауаттылықты арттыру жөніндегі іс-шаралар да әзірленеді, – деген Байқадам Еркінбекұлы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен іс-шаралар жайын да баяндады.
Департаментке өткен жылы тұтынушылардан 443 өтініш-шағым келіп түскен. Бұл 2021 жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға төмен. Оның ішінде 315 өтініш толығымен қанағаттандырылған. Тұтынушыларға 10 179 070 теңге қайтарылған және 78 тұтынушыға сапасыз тауары айырбасталып берілген. Сондай-ақ департамент 85 тұтынушының өтініштері бойынша түсіндірме жұмысын жүргізіп, 14 өтініш басқа мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде қарау үшін жолданған. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 63-бабы бойынша арызданушыларға 6 өтініш қайтарылған.
– Осы кезеңде жоспардан тыс 10 ірі және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізілді. Сонымен қатар шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты департамент субъектіге бармай 9 профилактикалық бақылау жұмысын жүргізді. Оның қорытындысы бойынша анықталған құқықбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс хаттар жолданған. Өткен жылдың мамыр айында Тараз қаласындағы «Барысхан» алқабы тұрғындарының шағымы негізінде тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсететін «Медина и К» жеке кәсіпкерлігіне қатысты департамент облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріп, тұтынушылардың қойған талап арызы сотпен толық қанағаттандырылды, – дейді департамент басшысы.
Сонымен қатар департамент тұтынушының жеке кәсіпкердің «Пинта» кафе-барына қойған талап-арызы бойынша Тараз қалалық сотында үшінші тұлға ретінде тұтынушының мүддесін қорғап, сот процесіне қатысуда.
Былтыр департамент тарапынан бірқатар ақпараттық жұмыстар атқарылған. Айталық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы түрлі мәселелер бойынша 48 мақала жарияланып, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшасында 584 материал «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау құралдары» және «Сұрақ-жауап» айдарында жарияланған.
Айта кету керек, жаңадан іске кірісетін омбудсмен халық пен қоғамдық бірлестіктердің дауысы ретінде қызмет ететін болады. Ол тұтынушылардың құқықтары бұзылған салалардың қазіргі проблемаларын мемлекеттік биліктің бірінші тұлғаларына тікелей жеткізеді.
Тұтастай алғанда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға ұсынылатын түзетулер тұтынушының қанағаттанушылығын қамтамасыз етіп, әлеуметтік тепе-теңдікті қалыптастыруда оң нәтиже береді деген сенім бар. Әзірленген өзгерістер мен толықтыруларды заңнамалық тұрғыдан бекіту тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін неғұрлым сапалы деңгейге көтермек.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала