Жалақы уақытында төленуі тиіс
Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы – облыстағы еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының орындалуын бақылайтын бақылау-қадағалау функциясы бар мемлекеттік орган. ҚР Еңбек кодексінің 192-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау – басқарманың негізгі міндеттерінің бірі.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер жоспардан тыс және профилактикалық бақылау болып бөлінеді. Жоспардан тыс тексерулерге жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары және прокуратура органдарының тапсырмалары негіз бола алады.
Осыған байланысты тек ресми тіркелген (еңбек шарты бар) жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік бар.
Жалақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жүргізілуі қажет. Осы баптың талабына сәйкес жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемiнде бiр рет, келесi айдың бiрiншi онкүндiгiнен кешiктiрiлмей төленуі тиіс. Жалақы төленетiн күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көрсетілуі тиіс.
Алайда былтыр облыстағы 14 кәсіпорында 852 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде олар толығымен жойылып, 3 430 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Сондай-ақ басқармаға өткен жылы «Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы «Тараз» кәсіпқой футбол клубы» КММ-нің 25 жұмыскерінен 10 арыз түскен.
Барлығы 1 401 775 теңге көлемінде 4 айыппұл салынып, жұмыскерлерге тиесілі 35 966 266 теңге қарызы анықталып, оның 15 566 199 теңгесін өндіріп берді. Ал 459 450 теңге көлеміндегі айыппұлды және жалақы мен жұмыстан босатылғаннан кейін жұмыскерлерге тиесілі 20 400 067 теңге мәжбүрлі түрде сот орындаушыға жолданып, орындалды.
Осы жылдың қаңтар айында Тараз қалалық прокуратурасының ұсынысына сәйкес «Тараз» кәсіпқой футбол клубы» бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында заңбұзушылықты жою бойынша нұсқама беріліп, 345 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде 149 қызметкердің 370,4 миллион теңге айлық жалақысы толығымен төленді.
Осындай заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша күн сайын мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтарды қабылдап, консультациялық көмек көрсетеді.
Нүркен СЕЙДАЛИЕВ, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары