Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Амал келді, жыл келді!

Амал келді, жыл келді!
ашық дереккөз
Амал келді, жыл келді!
Ертедегі қазақтың наным-сенімі бойынша Ұлыстың ұлы күні наурыз айының 14-інен басталады. Сол күні көктем келеді деп сенген. Әрі бұл күнді «Амал» немесе «Көрісу» күні деп атап, арнайы мереке ретінде тойлайтын болған. Олай дейтін себебі, осы айда даланың қары еріп, мұзы кетеді. Жер қарайып, жол ашылады. Міне, сол кезде көшіп-қонып жүретін қазақ көктеулікке дайындалып, ауылы алыс ағайындарды іздеп барып, көрісіп, қыстан аман шыққандарына шүкірлік айтып, бір-біріне мейірімін төгетін болған. Сондықтан бұл айда аға-бауыр, жегжат-жұраттың бәрі де бір-бірімен кездесіп, мәз-мейрам болады. Мұны хакім Абай өз өлеңінде «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп суреттеген. Бүгінде ұлы ақын суреттегендей, облысымыздың түкпір-түкпірінде «Көрісу» күні тойланып жатыр. Бұл үлкеннің батасын алатын, ағайынның арасындағы араздықтың жоқ болатын ұлық күні. Қазақ бұл айды Самарқанның көк тасы жібиді деп есептеген. Әрі ұрпақтарын тасбауырлыққа емес, мейірімділікке тәрбиелеген. Халқымыз жыл басы деп санаған әз-Наурыздың алғашқы күні де осы «Көрісу» күнінен басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Қазақстан халқын осы мерекемен құттықтады. «Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі. Жыл берекелі болсын, ағайын», деп, өзінің ыстық сәлемін жеткізді Президент. Шығыс күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызының тууына байланысты болады. Мұндағы амал сөзі ескіше парсы тілінің «хамал» сөзінен алынған. Наурыз айын парсыша «Хамал» айы деп атауы себепті, қазақ тілінде «Амал мерекесі» аталып кеткен. Аталған мерекенің мерейін асыруға күллі ел болып атсалысты. Аймағымыздың түкпір-түкпірінде айтулы күннің құрметіне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында Көрісу күні аталып өтті. Аталған іс-шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысты. Халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын Көрісу күніне орай Жамбыл облысының барлық аумағында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Барлық аудандық мәдениет үйлерінде түрлі форматтағы шаралар өтіп, ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталып, қыстан аман шыққан жұртшылық арқа-жарқа көрісіп, амандық айтысты. Айталық, Қордай ауданының өнер жұлдыздары бүгіннен бастап барлық елді мекендерді аралап, ән мен жырды сағынған ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлайтын болады. Мерекеге орай аудандағы Ноғайбай атшабарында ұлттық ат спорт түрі – көкпардан жарыс ұйымдастырылды. Сарысу ауданында мекемелер және кәсіпорындар, қала тұрғындары ұлттық киімдерін киіп, бір-бірлеріне арнайы барып көрісті. Бауырсақ, қымыз, шұбаттан дәм татты. Ақсақалдар ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, Амал мерекесінің мәні тереңде екенін атап өтті. Мерекелік шара Талас ауданында кең көлемде ұйымдастырылды. Қатысушыларға ыстық бауырсақтар мен Наурыз көже таратылды. Бұдан бөлек арқан тарту, үстел теннисі және дойбыдан жарыстар ұйымдастырылды. Айта кетейік, облыста 22 наурызға дейін түрлі бағыттағы мерекелік іс-шаралар легі жалғасатын болады.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар