Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қайраткер құрмет құшағында

Қайраткер құрмет құшағында
ашық дереккөз
Қайраткер құрмет құшағында
Саналы ғұмырын қазақ баспасөзінің дамуына арнаған, ұзақ жылдар бойы Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметін атқарған азамат, қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлының өмір жолы өшпес өнеге, таусылмас тағылым. Өз уақытында басылымның беделін көтеріп қана қоймай, қаншама ізбасар шәкірттер тәрбиелеуі, бүгінгі Ш.Мұртаза атындағы баспасөз үйінің Тараз қаласының қақ төрінен орын алуына ықпал етуі – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Көкейге түйгені, көңілге тоқығаны көп қария күні кеше 95-көктемін қарсы алды. Абыз ақсақалды осынау айтулы белесімен облыстық ардагерлер кеңесінің, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы, Тараз қаласының әкімдігі мен Баттал Жаңабайұлының шәкірттері құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Ақ дастарқан басында емен-жарқын әңгіме өрбіп, әсерлі естеліктер айтылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев кеңестік кезеңде баспасөздің ықпалы зор болғанын, осынау жұмыстарды ұйымдастыруда Баттал Жаңабайұлы алдыңғы қатардан көрінгенін, білімі мен біліктілігін газеттің мазмұнын арттыруға аянбай жұмсағанын тілге тиек етіп, туған күн иесінің иығына шапан жауып, отбасына естелік сыйлық тапсырды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қазыналы қариялардың қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, ізгі тілегін арнады. Баттал Жаңабайұлының шәкірттері – облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, ардагер журналист Мақұлбек Малдарбеков еңбектегі ұстаздарының ерекше қасиеттері туралы әңгімелеп, ілтипат білдірді. Қайраткер қаламгерге «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының тарапынан да құрмет көрсетіліп, зерлі шапан және ақшалай сыйлық табыс етілді. Облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, журналист Есет Досалы бірінен кейін бірі сөз алып, аға буыннан жас толқынның үйренері көп екенін жылы лебіздерімен жеткізді. Жүздесу барысында Баттал Жаңабайұлы өзін арнайы құттықтап келген азаматтарға ақ батасын беріп, алғысын айтты.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар