Жаңалықтар
Президент министрге азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуді тапсырды
- author AR-AY
- 13 наурыз, 2023
- 160
Президент министрге азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуді тапсырды
Бүгін мемлекет басшысы Әділет министрі Азамат Есқараевты қабылдады. Президентке әділет органдары қызметінің нәтижелері және алдағы кезеңге арналған жоспары туралы есеп беріліп, реформа жүргізілетін бағыттар таныстырылды, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Министр Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді тексерудің аяқталғанын мәлімдеді. Осы ретте мыңнан аса бап пен 1200 ұсынысқа талдау жүргізілді. Нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелерін ескеретін және бизнесті негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермейтін тиісті заң жобасы әзірленді.
Азамат Есқараевтың айтуынша, заңнаманың сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, заң жобасы қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын жандандыру, ғалымдарды кеңінен тарта отырып, заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету, реформаларды ақпараттық тұрғыда қолдауды күшейту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру көзделген.
Сонымен қатар, президент Әділет министрлігіне қарасты мәселелер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру шараларын қамтитын 12 жобамен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке жүктелген міндеттердің сапалы іске асырылуының маңыздылығына назар аударып, заңнаманы одан әрі жетілдіруге және азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Келесі мақала