Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СОЛТҮСТІКТЕН СОҚҚАН ЖЕЛ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН РУБЛЬ ДЕВАЛЬВАЦИЯСЫНА ДАЙЫН БА?

СОЛТҮСТІКТЕН СОҚҚАН ЖЕЛ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН РУБЛЬ ДЕВАЛЬВАЦИЯСЫНА ДАЙЫН БА?
ашық дереккөз
СОЛТҮСТІКТЕН СОҚҚАН ЖЕЛ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН РУБЛЬ ДЕВАЛЬВАЦИЯСЫНА ДАЙЫН БА?
Биыл Ресей рублі тұрақтылығының соңғы жылы болуы тиіс. Себебі Ресей ақшасының болашағын модельдеу оның 2024-2025 жылдары девальвацияға ұшырайтынын көрсетіп отыр.  «Ингосстрах-Инвестмент» 2024 жылға қарай 1 АҚШ долларының құны 100 рубльден асады, ал 2025 жылы доллар 200 рубль тұратын болады деп болжайды. Ресейде осы «Ингосстрах» валюталық моделі басқаларға қарағанда анағұрлым дәлірек жұмыс істейді деп айтар едім. Себебі олар 2014 жылдың аяғындағы рубльдің құнсыздануын да, оның былтырғы кенеттен күшеюін де алдын ала білген болатын. Рубльдің құлдырауы мен Ресей экономикасының айтарлықтай әлсірейтінін нақты факторларға сүйеніп, сезіне аламыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Ресей бюджетінің табысы 35 пайызға төмендеген, ал шығыны керісінше 59 пайызға артқан. Ал биылғы бір айдағы бюджет дефициті 2 триллион рубльді құрап отыр. Бұл қазіргі курспен 11,5 триллион теңге. Сонда Ресейдің бір айдағы дефициті біздің бір жылдық бюджет дефицитінен 3 есе көп. Біздің жылдық дефицит 4 триллион теңге немесе 692 миллиард рубль деп бағаланады. Ресей осы дефицитті жабуды ірі бизнестің мойнына ілмек. Кәсіпорындар салықтан бөлек, қомақты соманы бюджетке беруге міндеттелетін болады. Бұл бизнестің болашақ инвестицияға деген қаржысының жоғалып, өндірістің және іскерлік белсенділіктің біржолата құлдырайтынын білдіреді. Табиғи және адами ресурс бойынша да Ресейдің халі мүшкіл. Табиғи ресурс бойынша айтсақ, Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебінше, қаңтарда Ресейдің мұнай мен газдан түскен кірісі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 40 пайызға құлдыраған. Яғни Ресей бір айда 18,5 миллиард доллар ғана экспорттық пайдаға шықты. Бұған дейін Ресей мұнай-газдан айына 40 миллиард доллар тауып келген еді. Және табыстың азаюы 18 миллиардпен тоқтамайды дейді сарапшылар. Ол айына 10 миллиард долларға дейін құлайды деп күтілуде. Адами ресурстар бойынша да Ресей үлкен дефолтқа ұшырап отыр. Ресейдегі халық саны биыл 1 миллион адамға кемиді. Ал 2024 жылы тағы 1,4 миллион адамға азаяды. Демек, жыл сайын оларда Саратов, Волгоград сынды қалалардың халқы жоғалып кетуде. Мысалы, Ресейде биыл 800 мың бала дүниеге келеді деп күтілсе, Қазақстанда 400 мың бала өмірге келеді деп болжанып отыр. Біз Ресейден 7,5 есе кіші болғанымызбен, олардан екі есе ғана аз бала туамыз. Қазақстанға не істеген дұрыс? Халық қолда бар рублінің барлығынан құтылуы қажет. Және бір қызығы, халқымыз бұл тапсырманы орындап қойды. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, өткен қаңтар айында адамдар валюта айырбастау пункттерінде рубльді көбірек сатқан. Ал рубльді сатып алу мүлдем тоқтаған. Осы теріс айырмашылық 7,3 миллиард теңгені көрсетіп отыр. Рубль құлдыраса және Ресейден азық-түлік импорты арзандап, бізге келетін легі көбейсе, онда біздің инфляцияны дереу жеңіп кетуге мүмкіндік бар. Менің ойымша, Ресейдің азық-түліктік импортына еш шектеу қоймау керек және өмір бойы жылай беретін, субсидияға, масылдыққа үйреніп қалған кейбір отандық аграрийлердің «Ресей тағамдарына тыйым салайық» деген жалаң ұрандарына құлақ асудың қажеті жоқ. Рубль құлаған уақыттан бастап түрлі қауымдастық, одақтар (сүт одағы, ет одағы, май дақылдары одағы, астық одағы, тағы басқа) импортты шектеу бойынша Үкіметке шантаж жасай бастайтын болады. Рубльдің құлдырауы теңге бағамына әсер ете ала ма? 2022 жылдың төртінші тоқсанында теңге мен рубль арасындағы паритетті байланыстың үзілу процесі толық аяқталды деуге болады. Биылдан бастап теңгенің өз өмірі бар, рубльдің өз өмірі бар. Теңге енді мұнай бағасына көбірек байланған. Және Қытайдан келетін импульстерге де сезімтал бола түсті. Ресейдегі экономикалық құбылыстар бізге әсер етпейді деп айтуға болмайды. Бірақ Қазақстан алды-артын жақсы болжай алатын ақылды мемлекет. Рубль каналын әлсірету, рубльдің біздің қаржы жүйесіндегі массасын азайту, Ресей импортын 41 пайыздан 35 пайызға дейін түсіру, импорттық-экспорттық бағыттардың диверсификациясы – осының барлығын еліміз өткен жылы тыныш, үндемей ғана жасап қойған болатын. Сондықтан бізде дауыл болмаса, ол дауыл жоқ деген сөз емес. Біздің Үкімет дауылға дайын болып, мәселені кеше шешіп қойғандықтан сіз бен біз ештеңе сезбейтін боламыз.

Айбар ОЛЖАЕВ, журналист, экономика сарапшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар