Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бос жұмыс орындары бос болмауы керек

Бос жұмыс орындары бос болмауы керек
ашық дереккөз
Бос жұмыс орындары бос болмауы керек
Қоғамда қандай да бір жұмыссыздық белең алса, оның соңы әлеуметтік дағдарысқа, тіпті қақтығысқа ұласуы мүмкін. Сол секілді жұмыс күші де тапшы болса, ол да қоғамның алға жылжуына кедергі келтіреді. Биыл облыста «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 54 156 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады деп жоспарланып, ол бойынша 13,7 миллиард теңге қаржы қаралған екен. Ал осы істі жүзеге асыру, елді әлеуметтік қамсыздандыру қай деңгейде? Біз осыған назар аударған едік. Жыл басынан бері 5 782 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, бұл жыл аяғына дейін межеленген жоспардың 10,7 пайызы екен. Ал осы жылы жұмысқа орналастырудың жоспары – 45 253 орын болып белгіленсе, оған орналасқаны – 4 615 адам. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының жоспары – 31 746 болса, бұл бойынша 1 526 адам екі қолға бір күрек тапқан. Осы жылы облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 12,1 миллиард теңге қарастырылыпты. Субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 13 507 адамды тарту жоспарланып, жыл басынан бері 3 мың 89 адам тартылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 855 адамды, жастар практикасына 3 мың 44 өренді, ақылы қоғамдық жұмыстарға 8 247 азаматты, «Алғашқы жұмыс орнына» 574 тұрғынды, «Ұрпақтар келісім шартына» 29, «Күміс жас» жобасына 747, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс орындарына 11 тұрғынды тарту көзделген. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов облыстың өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес осы жылы 67 968 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланғанын айтады. Бірақ кейбір ауданда бос жүргендерді жұмысқа орналастыру қарқыны сылбыр. – Биыл жұмысқа орналасуы тиіс азаматтардың 4 229-ы ұлттық жобалар аясында, 13 507-сі субсидияланатын жұмыс орындары бойынша, 1 054-і мемлекеттік қайтарымсыз грант алу арқылы, 347 жас 2,5 пайызбен берілетін несие, 3 631-і ауылшаруашылық басқармасы тарапынан берілетін шағын несие, 31 746-сы бос жұмыс орындарына, 13 454-і жеке бастамалар аясында жұмыспен қамтылады. Өңірлік карта аясында облыста жұмысқа тартылғандардың саны 9 769 адамды құраса, оның ішінде белсенді шаралар арқылы жұмыспен қамтылғандардың саны – 6 145. Олар жұмысқа орналасқанымен зейнетақы қорына бүгінде тек 45,3 пайызының міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Аймақта бос жұмыс орындарына 2 637 адам орналасса, оның да 48,5 пайызының ғана міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Облыстық көрсеткіштен Тараз қаласы мен Сарысу, Жуалы аудандары едәуір төмен болып отыр. Тұрғындардың жұмысқа орналасқаны олардың міндетті зейнетақы жарналары зейнетақы қорына аударылғанда ғана анықталатынын ескерсек, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Электрондық еңбек биржасында облыс бойынша биыл 452 жоба енгізіліп, ол бойынша 4 229 жұмыс орны ашылуы тиіс еді. Бүгінгі күнге электронды биржаға 10 жоба енгізіліп, 157 жұмыс орны жарияланды. Жарияланған бос жұмыс орындарына тек 97 адам орналастырылған. Атап айтатын болсақ, Тараз қаласында жарияланған 128 бос жұмыс орнына 84 адам ғана орналастырылса, Т.Рысқұлов ауданында жарияланған 10 жұмыс орнына және Жуалыда 6 жұмыс орнына бірде-бір адам орналаспаған, – деді Е.Келесов. Осы орайда біз облыстық көрсеткіштен төмен тұрған аудандар ішінде 40,2 пайызбен көш басына «жайғасқан» Мойынқұм ауданы әкімдігі жұмыспен қамту орталығының басшысы Жайдар Жазықбаевпен тілдестік. Ол зейнетақы қорына жұмысқа тұрушылардың зейнетақысы неліктен аударылмағанын түсіндіріп берді. – Бұл жыл басындағы екі айға ғана қатысты мәлімет. Іс жүзінде де, қағаз жүзінде де кемшілік жоқ. Бар мәселе жұмыссыздар жұмысқа орналасса да айлықақысы әр айдың 1-і мен 10-ы аралығында берілетіндігінде. Бізден жоғары тұрған орган есепті әр айдың соңында жүргізетін болғандықтан еңбекақысын келесі айдың басында алатындардың зейнетақы қорына аударатын жарнасы есепке алынбай қалды. Бар мәселе осында, – деді Ж.Жазықбаев. Т.Рысқұлов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Сапар Құлманов электрондық еңбек биржасында жарияланған тұрақты жұмыс орны емес, 10 уақытша жұмыс орны екендігін айтады. Ол айтқан мәліметке сүйенсек, Көгершін ауылында былтырғы жылдан өтпелі мәдениет үйінің құрылысын биыл жалғастыру керек болған. Соған 10 уақытша жұмыс орны жарияланған екен. Бұл да ақпан айында, яғни күн жылынғанша мердігер компания жұмысын бастамай тұрғандағы ақпарат болып шықты. – Қазіргі таңда біздің мекеме арқылы Көгершін ауылына 10 адам жолданып қойды. Бұдан басқа ауданда былтырғы жылдан өтпелі 3 ауылда бір-бір спорттық кешен салынып жатыр. Ол жаққа да уақытша жұмыс орны жарияланып, қажетті адамдар жұмыс басталғанда жіберілетін болады. Негізі қандай да бір құрылыс нысаны салынғанда алдымен уақытша жұмыс орны жарияланады. Құрылыс бітіп, нысан пайдалануға берілгенде ол мекеменің басшысынан бастап қарауылына дейінгі тиісті штаттық бірлік бекітіледі. Міне, осы кезде ғана жаңа жұмыс орындары жарияланады. Биыл ауданда 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның 70-80 пайызы жол құрылысы саласына қатысты болып отыр. Сондықтан ондағы жұмыс орындарының да дені уақытша жұмыс орны болып отыр, – деді Сапар Тілеубердіұлы. Жуалы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Зиятхан Бүрлібаевпен тілдескенімізде ол жұмыспен қамту саласына қатысты қоғамда орын алып жатқан біраз жайттың бетін ашқандай болды. – Айтсақ жамандағандай боламыз. Аудан тұрғындарының ішінде кейбіреулерінің санасына масылдық пиғыл әбден сіңіп қалған. Жағдайы жоқ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы жұмысқа жарамды азаматтарға бос жұмыс орнын ұсынсақ, «мен кәсіппен айналысқым келеді, ондай болса, грант аламын» деген уәж айтады. Ондай масылдық пиғылдағы адамдардың еркіне салсаң мемлекеттен АӘК алып күнелтіп отыра бермекші. Мысалы, ауданда іргелі кірпіш зауыты бар, соған серіктестік жұмысшы таппай жүр. «Бурный сыр зауыты» ашық акционерлік қоғамына да жұмысшы керек. Сол секілді өзге де шаруа қожалықтар қойшы, бақташы, сауыншы таппай жүр. Жүк тасушыға да сұраныс бар. Ондай қара жұмысқа барғандар көп өтпей қайтадан жұмыстан шығып кетіп жатыр. Негізі жұмыссыз отырғандар ауыр жұмысқа барғысы келмейді, жеңіл жұмыс іздейді. Қай жұмыстың болса да еңбекақысы 120 мың теңгеден кем емес. Бүгінде бос тұрған 6 жұмыс орнының екеуіне адам жібердік, қалған бос орын бойынша да жұмыссыздарды орналастыру ісі жүргізіліп жатыр, – деді З.Бүрлібаев. Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Бекболат Айтқұлов жұмысқа тұрған азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасы уақытылы аударылып жатқанын айтады. – Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 897 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Аталған азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарының 41,2 пайыз болу себебі, қаңтар айында тұрақты жұмысқа орналастырылған 350 азаматтың зейнетақы жарнасы ғана көрсетілген. Қалған 547 азаматтың жарналары тек наурыз айында аударылады. Осы жылы Тараз қаласында ұлттық жоба аясында жұмыс орындарын құруға жоспарланған 56 жоба бойынша 988 тұрақты, 487 уақытша, барлығы 1 475 жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда жоғарыда аталған 128 жарияланған бос жұмыс орны бойынша тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстары толыққанды жүргізілуде және ақпан айында тұрақты жұмысқа орналастырылған 105 адамның міндетті зейнетақы жарналары наурыз айында түседі деп күтілуде. Сонымен қатар облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты 2 жоба аясындағы 110 жұмыс орны бүгінгі таңда интеграциялық картаға енгізілмеген және 3 жоба (олар мектеп құрылысы) көрсетілген. Сол бойынша ашылатын 598 бос жұмыс орындарының (562-сі тұрақты, 36-сы уақытша) орындалмай қалу қаупі туындап тұр. Себебі құрылыс басқармасы құрылыс жұмыстары осы жылдың соңында аяқталатындығын жеткізді. Яғни мектеп құжаттарының (лицензия) рәсімделуі және ашылатын жаңа жұмыс орындары 2024 жылға өтпелі болуы мүмкін. Сондай-ақ құрылыс басқармасына қарасты 40 жоба 387 жұмыс орындарының құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаражаттың уақытылы аударылмауына байланысты бұл да сәуір айынан басталады деп күтілуде. Осы жылға межеленген жоба ішінде білім саласындағы аталған үш жобадан басқасы жыл аяғына дейін орындалатын болады, – деді ол. Бір айта кетер жайт, жоспар бойынша межеленген қандай да бір жоба уақытында жүзеге аспаса, онда оның әсері өңірде айтарлықтай байқалып, жұмыссыздар саны өсе беретіні хақ. Өйткені мұндай әрбір жобаның жүзеге асуы жұмыс күшіне тәуелді. Сондықтан халықты еңбекпен қамту ісіндегі ырғақты жүрісімізден жаңылмауды есте мықтап ұстауымыз керек. Одан бөлек үйінде босқа қарап отырып, ұсынылған жұмыстан бас тартатындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алу да артықтық етпейді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар