ЖАМБЫЛДЫҚ БАЛУАНДАР ЖАРАДЫ
Өзбекстанның астанасы Ташкентте жалауы желбіреген дзюдодан халықаралық «Grand Slam» турнирі аяқталды. Байрақты бәсекеге 51 мемлекеттен 400-ге жуық татами шебері қатысып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады.
Өкінішке қарай, халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы көңіл көншітерліктей нәтиже көрсете алмады. Ташкент төрінде ел намысын барлығы 24 спортшы қорғағанымен, 2 дзюдошы ғана жүлдеге қол жеткізе алды. Айта кетерлігі, турнирдің қос күміс жүлдесін еншілеп, мерейімізді өсірген Нұрқанат Серікбаев та, Данияр Шамшаев та Жамбыл дзюдо мектебінің түлектері. Облысымыздың, еліміздің мақтаныштары Ташкент төрінде де тосылмай, жасындай жарқылдады.
Жарыстың алғашқы күнінде 60 келіде белдескен Нұрқанат Серікбаев финалдық сынға алқынбай жеткенімен, бас жүлде үшін өткен бәсекеде кореялық Ким Вон Джинге есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Жерлесіміз турнирдің іріктеуінде әзірбайжандық Ровшан Алиев пен саудиялық Мутаз Хавджаны тізе бүктірсе, ширек финалда жарыс қожайыны Дильшодбек Баратовтан айласын асырды. Ал жартылай финалда грузиялық Лухуми Чхвимианиді жеңіп кетті.
Келесі күні Нұрқанаттың ізін ала 73 келідегі Азия чемпионы Данияр Шамшаев та финалдық сайысқа жолдама алды. Алайда бас жүлде үшін өткен белдесуде Шамшаев та қарсыласына жол беріп қойды. Отандасымыз ақтық сында жарыс қожайыны Муроджан Юлдошевтің осал тұсын таба алмады. Шамшаев бастапқы бәсекелерінде франциялық Аксус Бенджамин мен қырғыз Шыңғысхан Сагиналиевтің адымын аштырмаса, ширек финалда түркиялық татами шеберінің жолын кесті. Жартылай финалда швейцариялық Нилл Штамптан басым түсті.
Жамбыл дзюдо мектебінің даңқын тағы бір мәрте асқақтатып қайтқан жерлестерімізді жеңісімен құттықтап, Парижде өтетін Олимпиада ойындарында атой салуларына тілектестік білдіреміз.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала