Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік қызметшінің имиджі де, мәдениеті де көтерілуі керек

Мемлекеттік қызметшінің имиджі де, мәдениеті де көтерілуі керек
ашық дереккөз
Мемлекеттік қызметшінің имиджі де, мәдениеті де көтерілуі керек
Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының ұжымы облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауынан туындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.  Шара барысында БАҚ өкілдері аталған мекемелер орналасқан ғимараттағы ақпараттық ресурстық орталықты, конференция залын, мемлекеттік қызметкерлер мен жас мемлекеттік қызметшіні оқытатын кабинетті, кітапхананы аралап, мемлекеттік қызметшінің қанша күнде біліктілігі арттырылып, қанша күнде қайта даярлаудан өтетініне қанықты. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті өз саласында жұмысын мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармалары арқылы жүзеге асыратыны белгілі. Жұмысы үш бағыт бойынша жүргізілетін департаментте мемлекеттік қызметтің жай-күйіне мониторинг қалай жасалатыны, түскен шағымдардың қаралу заңдылығы, теріс қылық жасаған мемлекеттік қызметші ісіне зерделеу жүргізу сынды жұмыстардың реті бүге-шігесіне дейін таныстырылды. Бұдан кейін кездесу барысы БАҚ өкілдерімен болған еркін форматтағы жиынға ұласты. – Біздің мақсатымыз – ашықтықты барынша қамтамасыз ету. Қоғамдағы болып жатқан маңызды ақпараттарды жақсы жағынан таратуда сіздердің белсенділіктеріңіз өте маңызды әрі еңбектеріңіз зор. Біз Әдеп жөніндегі кеңес мүшелігіне де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосуды ұмытқан емеспіз. Одан бөлек кейінгі кезде Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері құрамының үштен екісін БАҚ өкілдері мен блогер, депутат секілді тәуелсіз азаматтардан жасақтауды қолға алдық. Мұнда да негізгі мақсат – Әдеп жөніндегі кеңес жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар жақында ғана төртжақты келісім жасау арқылы мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кейін театрға, концертке баруы арқылы мәдени орындардан рухани азық алуы үшін жағдай жасау да ойластырылды. Нақты айтқанда, ондай іс-шаралар бұрын көп жағдайда сағат 16:00-де, 17:00-де өткізіліп жүрсе, енді ондай мәдени жиындарды кешкі 19:00-ден кейін өткізуге ұсыныс бердік. Осы арқылы мемлекеттік қызметшілердің де театрға барып, қойылым көруіне мүмкіндік туғызбақшымыз. Өткен аптада облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасымен де үшжақты меморандумға қол қойып, мемлекеттік қызметшілердің бір мезгіл спорттық нысандарда спортпен шұғылдану, облыстағы жоғары оқу орындарымен біріккен зерттеу жұмыстарын жасау секілді өзге де игілікті істерді атқаруды қолға алып жатырмыз. Қоғамда өз жұмысын адал атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілер бар. Олардың атқарып отырған жұмысын көрсетуде бірігіп жұмыс істесек деген ұсынысымыз бар. Мәселен, Талас ауданындағы Берікқара ауылдық округінің Майтөбе ауылында ауылдық округ әкімі боранда 70 азаматқа жанкештілікпен көмегін тигізді. Сондай мемлекеттік қызметшінің азаматтығы тасада қалып бара жатқаннан кейін біз өзіміз бейнеролик жасап, әлеуметтік желіде жарияладық. Елдің мұндай мемлекеттік қызметшіге деген пікірі айрықша екенін аңғардық. Сондықтан оларды насихаттауымыз керек, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының басшысы Рауан Садырқұлов та өздерінің міндеті – мемлекеттік қызметшінің иммиджін көтеру екенін атап өтті. Ол соңғы уақытта жалпы жұртшылық мемлекеттік қызметшіні қаралауға дайын тұратынына алаңдайтынын білдіріп, оларды жақсы қырынан көрсету қажеттігіне тоқталды. Мемлекеттік қызметшінің дұрыс ақпарат беруі, журналистермен сұхбаттасуға машықтандыру тұрғысында арнайы студия ашу қарастырылып жатқанын айтты. – Сіздердің жұмыстарыңыз мемлекеттік қызметкерлерді жазалау емес, олардың қателікті қайталамауы жолында да алдын алу шараларын үздіксіз жүргізіп келесіздер. Бұған дейін де атқарған жұмыстарыңыз біздің серіктестікке қарасты облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «AR-AI» газеттерінде және «Jambуl info» ақпараттық агенттігінде тұрақты түрде жарияланып келеді. Алдағы уақытта сіздер ашқалы отырған студияны пайдаланып, ҚР Журналистер одағының облыстағы филиалы арқылы журналистердің де мемлекеттік қызмет тұрғысындағы біліктілігін арттыруды бірлесе қолға алсақ деген ұсынысым бар, – деді «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы Алпамыс Қазыбаев. Жиын барысында облыстық «Jambуl» телеарнасы мен «Taraz-24» интернетарнасының, «Аq jol», «Знамя труда», «AR-AI» газеттерінің бас редакторлары ұтымды ұсыныстарын айтты. Мәселен, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызметте істеген, осы істен хабары бар сақа журналистер дәріс оқыса, олардың дұрыс ақпарат беруіне қатысты білгенімен бөлісуін бірлесе жүзеге асырсақ деген ұсыныс жасалды. Мемлекеттік қызметшілердің редакцияларға хабарласып, өтінішпен мақала шығартатыны, өздері газетке жазылмай PDF нұсқа сұрайтыны мәселе ретінде көтеріліп, мемлекеттік қызметшілер газетке жазылса олардың дұрыс сөйлеу, мақала жазу, дұрыс ақпарат тарату мәдениеті қалыптасатыны тілге тиек етілді. Бұған қоса мемлекеттік қызметшілер дәстүрлі БАҚ-тан қандай да бір сыни ақпаратты жасырып қалғанымен сол ақпараттарды блогерлерге тарататыны, мемлекеттік қызметтегі бірінші басшылар ақпарат, пікір, сұхбат беруде істі орынбасары мен маманына немесе баспасөз хатшысына ысыруы салдарынан ақыр соңында мәлімет тек есеп күйінде берілетіні секілді басқа да мәселелер сөз етілді. Жалпы осы кездесуде мемлекеттік қызметшілер мен өңірдегі БАҚ арқылы қоғам игілігі үшін бірқатар тірлік тиянағын табатын болды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар