Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘППАҚ ҚЫЗ

ӘППАҚ ҚЫЗ
ашық дереккөз
ӘППАҚ ҚЫЗ
Күз... Тып-тыныш қала... Бұл мезгілде Тараз ерекше кескінге енетін. Төле би даңғылының бойын жағалай өскен ағаштар, саябақтар, скверлер бейне бір «иранбақтай» көздің жауын алады. Жаймен ғана талдан үзіліп түскен жапырақтар көшеге алтындай төселіп жатыр. Әдемі әуезбен орындалған Орталық мешіттің азан дауысы көңіл сарайыңды ашады. Осыдан бір жыл бұрын Заман осындағы бұрынғы педагогикалық институттың «Театр және мәдениет» мамандығына түскен болатын. Институттың «Өнер» факультеті аталатын №8 корпусы Жамбыл даңғылында орналасқан. Қақпасынан кіргеннен-ақ ашық терезелерден екінші қабаттағы пианиноның әсем үні естіледі. Ал сыртқы орындықтарда қаз-қатар жайғасқан өнерлі студенттер... Бірі гитара, бірі домбыра тартса, ал енді бірі әуелетіп ән салып отыр. Есігінен ішке енгеннен көретінің талшыбықтай мың бұралып билейтін бишілер, қылқаламмен ақ параққа жан бітірген суретшілер, ине-жіппен киімнің сан үлгісін тігетін дизайнерлер... Ол осында бір жыл оқыды. Десе де табиғатынан иә әншілік, иә бишілік өнерден алыс Заман бұл ортада өзін бөтен сезінді. Ары-бері ойлана келе құжаттарын алып, өзге мамандыққа тапсырды. Заман осылай қыркүйек айын жаңа ортада бастады. Әзірге бөтендеу. Арлы-берлі өтіп жатқан бейтаныс апайлар, ағайлар, студенттер. Бар танитыны осындағы танысқан бірен-саран жаңа курстастары. Бірде үшінші қабаттың терезесіне арқасын тіреп тұрған. Кенет бір жанды байқады. Анадайдан байсалды қадам басқан арудың тұла бойы тым ерекше. Мыңдаған қызыл раушан гүлінің арасындағы жалғыз ақ раушан қалай өзгешеленіп тұрса, бұл ару да сондай өзгеше. Жарасымды киінген, ақшыл өңді, әдеміше келген бұл қыз өзінен төрт бес қадамдай-ақ жерге тоқтады. Жанындағы құрбысы мұның курстасының танысы болса керек. Өзара аз ғана уақыт әңгіме-дүкен құрып тұрған бұлардың тыныштығын лекцияның басталуы бұзды. Студенттер аудиторияларға тарасты. Кешкісін әдеттегідей қолына смартфонын алып, әлеуметтік желіні парақтады. Қайдан екені белгісіз, «Instagram»-ның ұсыныс бөлімінен бір парақшаға көзі түсті. Жабық парақша екен. Десе де кіп-кішкене аватаркасында бүгін ғана оқу орнында көрген арудың фотосуреті тұр. Жүрегі бүлк ете қалып, соғысы жиілей түсті. Асықпай әлеуметтік желінің «Достық» ұсынысын жіберді. Енді жауабын тағатсыздана күтіп жүр... Күнделікті сабақ, күйбең тіршілікпен уақыт зулап жатты. Қылышын сүйретіп қыс та жетті. Бұл өлкенің қысы жұмсақ. Талас өзенінің бетіне жұқалап қана мұз қатады. Институттың терезесінен көрініп тұратын Қырғыз Алатауының ұшар басын аздап қар шалады. Заман әнебір күні көрген аруды бұл уақытта ұмыта бастаған. Бәлкім, ол сол аруды осы аралықтан қайтадан кезіктірмегеннен болар. Әлдебір уақыттан кейін «Instagram»-ына бір хабарлама келді. Арада үш ай өткен соң әлгі ару достық ұсынысын қабылдапты. Парақшасында бір ғана фотосы бар екен. Онда да шарфпен бетін бүркеп түскен. Қалай жүрекше басқанын байқамай қалды. Оны алғаш көрген кезі есіне түсіп, жаймен ғана күлімсіреді. Заман сұрастыра келе, ол қыздың филфактың студенті екенін білді. Өзімен дос ретінде араласатын бір қыз жақсы таниды екен. «Тап саған лайықты қыз» дегенді де айтып қалды. Мұны естіген Заманның қызығушылығы енді сезімге ұласа бастады. Қызды көру үшін ол оқитын факультет маңынан арнайы өтіп, парақшасын үнемі бақылаумен болды. Тіпті фотосының астына әдемі пікірлер жазып, онымен әлеуметтік желі арқылы байланыс та орнатты. Кей уақыттарда қоғамдық көлік ішінде көріп қалып жүрді. Әне-міне дегенше көктем де келіп жетті. Бұл қаланың көктемінің жауын-шашынды күндері көп. Заманға осындай ауа райы ұнайтын. Себебі мөп-мөлдір жауын тамшылары шабытына қанат бітіретін. Оның ең керемет өлеңдері ақ жауынның астындағы серуенде туатын. Жыл сайынғы дәстүр ме, белгісіз, әйтеуір Тараздың көктемі айтыспен басталатын. Төле би даңғылында орналасқан «Баласағұн» орталық концерт залында үлкен республикалық айтыстың болатыны аялдама афишаларына ілінді. Айтыс болатын күні Заман қара костюмін киіп, концерт залына барды. Үстіңгі қабатқа, яғни балконға жайғасқан ол өзі қатарлы айтысқа үйір студенттердің қарасының көптігін байқады. Жан-жағына көз жүгірткен ол өзіне дәл қарама-қарсы орын тепкен әппақ қызды байқады. Жүрегі зу ете қалды. Ол болса, әдеппен езу тартты. Айтыс тартысты өтті. Бірақ Заман айтыс аламанынан гөрі анадайдағы әппақ қыздың күлкісін бағумен болды. Қыркүйек айынан кейінгі аралықтағы бес-алты айда оны сыртынан бес-алты рет қана көрген-ді. Ал әлеуметтік желіде лүпіл басып, суреттеріне жақсы пікір қалдырып жүрген бұл жігітті әппақ арудың бірінші көруі еді. Бұрындары да көрген болар, десе де назар салып байқап тұрған беті осы. Бұл жылы Рамазан айы мамырдың бесінші жұлдызына келді. Қасиетті айды жақсы ниетпен бастамақ болған Заман мешіт жанынан ашылған дүкенге келді. Әппақ қызға сыйлық жасағысы келген. «Екі бейтаныс» бұл уақытта «жақсы дос» болып үлгерген-ді. Сөредегі көзге түскені зәмзәм суы болды. Жанына иран құрмасын қосып, бұл сыйлыққа «Әр күніңді әсемде» атты кітапшаны жұптады. Әдемілеп орап, жатақханаға келді. Десе де әлі бетпе-бет кездесіп көрмеген Заман жатақхана маңында аздап қобалжып тұрды. Әппақ қызға қоңырау шалып, сыйлығын табыстауға жүрегі дауаламады. Ары-бері жүріп, болмаған соң сыйлықты таныс қыздан беріп жіберді. Әуелден ауыл баласының қызға қырсыз, ұяң келетіні бар. Осылайша Заман пәтеріне келді. Аздап тынығып алды. Кешкі тыныштықты смартфонына келген әдемі хабарлама бұзды. «Рақмет» деген қып-қысқа хабарлама ол үшін бүкіл әлемнен артық болды. Батылданған ол ізін суытпай әппақ қызды кездесуге шақырды. Қызбен алғашқы кездесуі болғандықтан ба, күн кешкірген сайын қатты қобалжыды. Сөреден қара костюмін шығарды, әдемі жасыл жейдесін үтіктеп, туфлиін барынша жылтыратты. Досының қымбат иіссуын сеуіп, кездесу белгіленген уақыттан сәл ертерек саябаққа жаяулатты. Саябақтың кіреберісіндегі үстелге жайғасып, әппақ қызды күтумен болды. Байқағаны, бүгін саябақта адам қарасы көп көрінді. Қалың көпшілік арасынан таныстарын да кезіктірді. Сағат тілі 22:00-ді көрсетті, бірақ әппақ қыз көрінбеді. Біресе қол сағатына, біресе саябақ қақпасына кезек-кезек елеңдеумен болды. Бір уақытта әдемі көйлек киіп, жанына құрбысын ерткен әппақ қыз бұған қарай адымдап келді. Көңілі жайланған Заман күлімсіреп қолын созды. Қыздың қолын он сегіз жылдық ғұмырында алғаш ұстағаны еді. Денесінен тоқ жүріп өткендей болды. Одан әрі саябақты аралады. Заман да, Әппақ қыз да ұяң. Бір-біріне ашылып әңгіме айтпады. Саябақтағы жағалаудың бас жағына барғанда аққуларды көрді. Ішінен санаған Заман олардың жетеу екенін байқады. Қызға бірнәрсе айтқысы келді де тосылып қалды. Дегенмен сұрағын қойды. – Осы аққулар өз жұбынсыз өмір сүре алмайды деуші еді, сол рас па екен? – Иә, шығармалардан аққулар жұпсыз өмір сүре алмайды дегенді естуім бар. Қос аққудың бірі мертіксе, жұбы көктен өзін жерге тастап жанын пида етеді дегенді оқығанбыз. – Ә-ә, солай ма… Сізге сұрақ қойсам бола ма? – Әлбетте. – Неге мына айдындағы аққулардың саны жетеу, неге сегіз емес? Олар әрдайым жұбымен жүру керек емес пе? – Оны білмедім. – Неге екенін айтайын ба? – Айтыңыз. – Себебі сегізіншісі менің жанымда жүр ғой... Әппақ қыз әдемі айтылған әрі әзіл, әрі теңеуге риза кейіппен күлімсіреді. Заман да тауып айтқан сөзіне іштей риза болды. Одан әрі баспалдақпен жоғарыға көтерілді. Түннің бір уағы да болып қалып еді. Қарсы алдарынан кезіккен әппақ қыздың құрбысы: «Қайтайық», деді. Заман оларды таксиге отырғызып, өзі де мәз болып үйіне қайтты. Екі жас әлеуметтік желі арқылы үнемі хат жазысып жүрді. Заманға әппақ қыздың бойындағы ең бір ұнамды қылығы – бұлақтай сыңғырлаған ерке дауысы. Әрдайым оның аудиожазбаларын қайта-қайта тыңдайтын. Кейбір адамның үні сиқырлы болады деуші еді, сондай жанды кезіктірдім деп Заман ерекше қуанатын. Оқу жылы аяғына таяған. Семестрлік емтихан жұмыстарына екеуі бірге дайындалды. Бар материалдарымен бөлісіп, бір-біріне жақсы тілектер айтқан-ды. Сөйтіп, екінші курсты тәмәмдады. Екеуі бір-біріне жазғы демалысқа сәттілік тілеп қош айтысты. Осылайша өз ауылдарына кетті. Екі жанның арасындағы нәзік сезім иірімдерін әлде арақашықтық, әлде жастық ақымақтық шайқайын деді. Жазғы демалыс екі жақынды алыстатты. Жапырақтар сарғылт тартып, күз келгенде Төле би даңғылында Заман мен әппақ қыз ұшырасты. Біріне-бірі сыпайылықпен ғана езу тартып амандасып, жай ғана таныстардай өте шықты. Ара-тұра әлеуметтік желі арқылы азды-көпті сөйлесіп, түнгі көшелерде жолығып қалып та жүрді. Кейде екеуін әдемі достық байланыстырып тұрды, ал кейде бұл екеуінің арасындағы байланыс достықтан да ұлы сезімге ұштасып тұрғандай көрінді. Алғашқы кездегі жүректің түкпіріндегі тұтанған алаудың жалыны әлі де сөнбеген еді. Бірақ екеуінің арасында бір шекара тұрғандай. Нендей шекара екенін ешкім білмейді. Ер жігіттің қарым-қатынаста жасайтын ең үлкен қателігі «әрекетсіздік» болса керек. Мүмкін Заманның тарапынан жасалуы керек қадамдар жасалмаған болар. Адам қараңғылықтың шыңырауына құлаған кезде жарық адамдарды көреді дейтін халық арасында тәмсіл бар. Яғни сол қараңғылықтың түнегінен кім қол созып құтқарып алса, ол адам сана түкпірінде жарық адам ретінде сақталатын көрінеді. Әппақ айдың бетін бұлт жауып, Заманның жандүниесін түнек торлағанда оның нұрлы жүзі елестейтін. Себебі әппақ қыздың бір күлімдегенінің өзі оны талай шыңыраудан алып шыққан. Арақатынас кейде алыс, кейде жақын өрбіді. Арада үлкен үнсіз үзіліс орнады. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде Заман әппақ қыздың ұзатылып, тұрмысқа шыққанын естіді. Төбесінен жай түскендей болды. Әрине, өзгеге қимады. Көңілі құлазып, көзінен ып-ыстық жас ыршыды. Тағдырдан көңілі қалды. Тәңіріне налыды. Енді сүйместей кейіді. Өзінің әрекетсіздігіне қамықты. Бар естелікті жүрегінің түкпіріне жерлеуге тура келді. Тағы бір жыл өтті. Заманның студенттік өмірі аяқталды. Енді тек дипломдық жұмысын ойдағыдай қорғаса болғаны. Жақсылап дайындықпен университетке барды. Тар дәлізде келе жатқан ол ашық есіктердің бірінен досын байқап қалды. «Ассаллаумағалейкүм» деп, күлімдеген досы аудиторияға кіріп келді. Аудиторияда досынан өзге дипломдық жұмысын қорғауға келген бірнеше студент бар еді. Әппақ қыз да осында екен. Бірін-бірі көрген олар іштей таңырқасты. Бұл екеудің арасындағы «құдіретті сезімді» өзгелер біле бермейтін. Әппақ қыз үнсіз. Заман ол үнсіздіктен бір кездері қиылып қана «Қалайсыз?» дейтін сөзді есітті. Ара-тұра сапар шеккен кезінде жол бойындағы әппақ қыздың ауылы көзіне ыстық көрінеді. Көліктегі үнтаспаның дауысын басып, тып-тыныш тына қалады. Ауыл көшелерінен әппақ қыздың күміс күлкісі естілетін сыңайлы...

Бекзат САПАРБАЕВ, Н.Киікбаев атындағы мектеп- гимназияның тарих пәнінің мұғалімі, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар