ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ АЛҒЫС АЙТАДЫ?
Көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурыз – еліміз үшін маңызы жоғары мереке. Бұл күні біз ел болып халықтар достығын нығайтатын, ізгілікке үндейтін Алғыс айту күнін тойлаймыз. 2016 жылдан бері аталып өтіп келе жатқан мәні мен маңызы зор мерекеде ренжіскендер татуласады, әр ұлт өкілдері бір-біріне деген ыстық ықыласын білдіреді. Бүгінде республикамызда 100-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Қызығы, Алғыс айту күнін әлемнің басқа елдері де атап өтеді екен. Бірақ мерекенің идеялық мазмұны, оның тойлану сипаты әртүрлі. Сонымен, санғасырлық тарихы бар аталмыш мейрамды өзге елдер қалай тойлайды?
Америкада Алғыс айту күнін Рождество деңгейінде, өте жоғары сипатта атап өтеді. Мереке күні отбасы мүшелері дастарқан басына толық жиналып, өткен-кеткен оқиғаларды еске түсіріп, бір-біріне шын жүректен алғыс білдіреді. Содан соң барлығы бірге шіркеуге барып, ғибадат етеді.
АҚШ-та Алғыс айту күнін тойлау күркетауықпен ерекшеленеді. Мерекені алғаш тойлағанда үндістер мен қоныс аударушылар орманнан атып әкелген төрт түйетауықты сойған екен. Содан бері күркетауық АҚШ-та Алғыс айту күнінің символына айналғандай.
Ал Либерияда Алғыс айту мерекесі қарашаның бірінші бейсенбісі тойланады және күркетауық етінің жанында міндетті түрде кассава өнімі болады.
Германияда Алғыс айту мейрамын қазан айының алғашқы жексенбісінде, яғни егін алқабында тойлайды және мереке «Erntedankfest» деп аталады. Келесі жылы да егін бітік шықсын деп ниеттеніп, тамаша табиғат тарту еткен тағдырға алғыс білдіреді. Мерекелік дастарқанға жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақыл, ұлттық, дәстүрлі тағамдарын, өзге де дәмді-тәттілер қойылады. Сондай-ақ көшеде фестивальдар өткізеді.
Израильде Алғыс айту күні үш мың жылдан бері аталып өтіп келеді. Бұл Суккот мерекесінде жұртшылық шөл далада ауырмай-сырқамай, аман-сау өмір сүріп жатқаны үшін тағдырға алғыс айтады. Көшелерге шағын шатыр тігіп, жеміс-жидек, көкөністермен дастарқанды әрлеп, отбасы мүшелері бірге кешкі ас ішеді, барлығына алғыс жаудырады.
Кореяда алғыс айту шарасы 15 тамызға қарай, Чхусок деген атаумен тойланады. Мейрам үш күнге созылады. Жол бойында жиын жасалады. Кореялықтар ұлттық тағамын, «сонпхъян» атты күріш бәлішін дастарқанға қойып, халықтық ойындар ойнайды.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала