Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өз өміріңді бағала!

Өз өміріңді бағала!
ашық дереккөз
Өз өміріңді бағала!
Бүгінде күйбең тірлікте шешімін таппай келе жатқан мәселе көп. ХХ ғасырдың обасы, нашақорлық, ішімдік, шылым шегу қоғамның айықпас дертіне айналды. Дегенмен соңғы уақыттары шешімі қиындап бара жатқан мәселе, яғни адамның өз-өзіне қол жұмсауы күн өткен сайын белең алуда. Ғылыми тілде «суицид» аталған термин ХVII ғасырда пайда болған. Десек те ХVIIІ ғасырдың ортасына дейін қоғамда бұл ұғым пайдаланылмаған. Тек ХХ ғасырдың басында адамдардың өз-өзіне қол жұмсауының етек алуына байланысты ғылымда «суицидология» атты дербес зерттеу саласы қалыптасты. Жыл сайын 10-20 миллион адам суицид жасауға бекінеді. Олардың бір миллионға жуығы жарық дүниемен қош айтысады. Психологтар өзін-өзі өлтіру оқиғаларының 60 проценті көбіне көктем, жаз мезгілдерінде іске асатындығын алға тартуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша әлем елдерін үш топқа бөлген. Өзін-өзі өлтіру көрсеткіші өте төмен елдерге Грекия, Италия, Гватемала, Филиппин, Албания, Доминикана, Армения жатады. Өзін-өзі өлтіру көрсеткішінің өте жоғары шегін Жапония, Венгрия, Эстония, Ресей, Литва, Латвия көрсетуде. Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 53 кісі өзіне қол салып қаза табады екен. Бұл көрсеткіш Орта Азия елдері бойынша Қазақстанда ең жоғары деңгейде деген дерек келтіреді. Бұл ретте ДДСҰ өзін-өзі өлтірудің 800-дей себебін анықтап отыр. Олардың ең негізгілері – жеке өмірдегі кикілжіңдер, үмітсіздік, махаббаттағы ыза, айналасындағылармен түсініспеушілік, жұмыстағы келеңсіздіктер, түртпекке тап болу, қорлық, кемсітушілікке ұшырау. Біріншіден, суицидке балалар бармайды. Басым жағдайда жасөспірімдер өмірмен қоштасуға бел буады. Себебі буыны қатаймаған өрен сөз көтермейді. Ересек адамдарда екеуара отбасылық жағдай мен кедейлік, қаражат тапшылығы, жазылмайтын дерт немесе мүгедектік, секталарда кездесетін фанатизм, психикалық аурулар, рухани азғындық, өзін ешкімге керексіз сезіну, өмірден түңілу, жақын адамынан айырылу, оқшаулану, жалғыздық, жазадан қорқу, жақындарымен сыйыса алмау, торығу, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы, үнемі жолы болмаушылық сынды себептер әсер етеді, – дейді ауданаралық аурухананың психиатр дәрігері Бақтыбай Тілеуімбетов. Дәрігердің айтуынша, мұндай қайғылы оқиғаны болдырмау мақсатында ауданда арнайы орталықтар мемлекеттік мекемелерде ағарту-түсіндірме шараларын жүргізіп тұрады. Осындайда күйбең тірліктегі мәселелерін іштей тынып, шеше алмай жүргендер кеңес сұрайды. Ал жас өскіндердің өзін құзға тастатпау үшін оған көп көңіл бөлінуі қажет. Қазіргідей қарбалас өмірде отбасылық қарым-қатынасқа аса қатты мән берілмейді. Сондай-ақ толық емес отбасы мен ата-анасы қарамай, өз-өзімен қалған балаларға ерекше бақылау керек дегенді алға тартады психиатр. Сонымен қатар ұдайы зерттеулердің қорытындысы бойынша, суицидтік мінез-құлықтың жіктеулеріндегі айырмашылықтары қарастырылатын шынайы дүниені әр алуан формада бейнелейді. Мамандар өзін-өзі өлтіру – шынайы суицид, өзін-өзі өлтіруге талпыныс – аяқталмаған суицид деп жіктейді. Брукбенк суицидті арнайы немесе әдейі өзін-өзі өлтіруге ниеттенген және парасуицид әдейі өзін-өзі жаралау, бірақ та өліммен аяқталмайтын ниетті актіге негізделген деп пайымдаған. А.Личконың пікірі бойынша, суицид жасөспірімдерде жариялылық, аффективті және шынайы болады дейді. Е.Шир ниеттенер алдындағы суицидтікті мінез-құлық, тежелмейтін, амбивалентті, импульстік және жариялылық түрлеріне бөледі. ДДҰ өз-өзіне қол жұмсаудың 80 тәсілін анықтаған. Қазіргі таңда асылу, суға кету, улану, ғимараттан, көпірден, жартастан, тағы басқа да биік жерлерден өзін тастап жіберу тәсілдері кең тараған. Бұдан бөлек қару арқылы өзін-өзі өлтіру, өзін-өзі өртеп жіберу, әдейі нәр татпай ашығып, демін тауысады. Сэппуку Харакири Жапониядағы өзін-өзі қанжарлау, қылышқа құлау Көне Римде де кездескенін айтады. Өмірден түңілгендер көбіне тамырын кесу арқылы көп қан жоғалтып, қансырап өлу, техникалық құрал қолдану, пойыздың, машинаның астына түсу, тоққа ұрыну жолдарымен бұл фәниден баз кешеді. Ғалымдардың айтуынша, суицидтің үш түрі бар. Біріншісі – шынайы суицид. Оған барған адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз болып жүреді, өлгісі келеді. Нақтырақ айтсақ, өмірдің мәнін жоғалтады. Екінші түрі – жария суицид. Өзін-өзі өлтіргісі келгендердің көбі өлместен бұрын өзгелердің назарын өзіне аударғысы келеді. Мәселен, біреумен ренжіссе қолына суық қару алып, болмаса арқан, жіп ала жүгіріп «өлем» дейді. Үшінші түрі – жасырын суицид. Бұл түрінде адам өз-өзін өлтіру жақсы іс еместігін түсінеді. Бірақ қиындықтан шығар шара, жол жоқ болып көрінгендіктен өлімге апаратын істерге бас тігеді. Мұндай жолмен көз жұмғандардың басым бөлігі өліміне кінәліні көрсетіп хат жазып қалдырады. Олардың арасында маңайындағылардың баршасына, келесісі жақын адамына және бірі бастығына болған оқиғаның себепкері деп кінәні артып кетеді. Бүгінде оқу ордаларында жастар үшін ювеналды полиция тобының инспекторларымен, психолог, діни бірлестіктер өкілдерімен, педагог мамандармен бірлесе бас қосу жұмыстары жүргізіліп отыру керек. «Жастар арасындағы суицидтің алдын алу» үшін білім алып жатқан студенттердің ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырып, профилактикалық мәнді, маңызды лекциялар оқылып тұрса ата-аналарға да үлкен көмек болар еді. Тиісті орындардың қашанда әрбір жанға қол ұшын тигізуге әзір екендіктерін біле жүргеніміз абзал. Әрбір оқу орындарында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбында «Бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектеп ынтымақтастығы», «Интернет желісінің оқушы психологиясына әсері», «Жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау», «Балалар қауіпсіздігін ұйымдастыру, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері» тақырыбында ата-аналар жиналыстары, кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары өткізіліп тұрады. Әрине, мұның бәрі өз саласының маманы үшін қауіптің алдын алуға арналған еселі еңбек. Дегенмен желдің соққан бағытын бақылап, қасіретті болдырмау отбасы мүшелеріне жүктеледі. Себебі суицид – ауру, рухани азап және психологиялық дағдарыс, ішкі күшті жанжал болғандықтан соңы өлімге әкеліп соғатын жағдайдың алдын алу үшін тікелей мамандарды уақытында жұмылдыру керек. Психиатр дәрігердің кеңесіне сүйенсек, стреске ұшырап, жүйкесі жұқарғандарды дәріханада босатылмайтын арнайы мемлекет бөлген дәрілермен емдеуге болады. Сондықтан осындай келеңсіз жайттарды байқаған сәтте шұғыл әрекет еткен абзал. Мамандар мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі дегенді жеткізді. Сол басты байлық саналатын адам өмірін қорғау – әрбір азаматтың алдында тұрған мәселе. Ал бала тәрбиесіне, ең әуелі, ата-ана мүдделі болуы тиіс. Оның мектептен тыс уақытта немен шұғылданатынын, қайда барып, не істейтінінен хабардар болып, бағыт-бағдар беріп отыру – әрбір ата-ананың бұлжымас парызы. Статистика бойынша, көктем, жаз мезгілдерінде сейсенбі күні суицид жасалу қаупі жоғары болады. Күз, қыс мезгілдерінде сәрсенбі, бейсенбі күндері суицидтің жасалуы төмен болады деп қарастырылады. Сонымен қатар суицид көбінесе депрессия кезінде, алкогольдік токсикомания, психопатия және аффект кезінде жиі кездеседі. Өзін-өзі өлтіруге көбінесе жеке проблемалар итермелейді. Қазіргі кезде жастар өздерінің өмірлерін бағалай алмайды. Егер бір проблеманы шеше алмай жатса, олар өз өмірлерін қиюға даяр болады, өйткені олардың ойларынша олар тек осылай ғана тыныштық, уайым-қайғысыз өмір және махаббат табатын сияқты. Көбінесе жасөспірімдер мен балалар жерлеу рәсімін көз алдарына елестетіп, ата-аналарының жылағандарын елестетіп, олардан өш алмақ болады. Адам өліміне әлеуметтік жағдайлар, жалғыздық та үлкен әсерін тигізеді. Бірақ кейбіреулер ұрсысып, өзін-өзі өлтіретін болса, енді біреулері түрмеде отырып бостандықты аңсайды. Уақыт – бізге берілген мүмкіндік. сондықтан өз болашағымызға балта шаппайық!

Нұржамал РСЫМБЕТОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар