Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАСТАРДЫ КӨП СЫНАМАЙМЫН, ҚАМШЫЛАЙМЫН»

«ЖАСТАРДЫ КӨП СЫНАМАЙМЫН, ҚАМШЫЛАЙМЫН»
ашық дереккөз
«ЖАСТАРДЫ КӨП СЫНАМАЙМЫН, ҚАМШЫЛАЙМЫН»
Қазақта дауысын созса алты қырдан ары асыратын әншілер аз болған жоқ. Кешегі Біржан сал мен Ақан серіден бері қарай үзілмей келе жатқан дала дауысының ырғағы әлі бұзылмады. Сөзіміздің айғағы – бүгінгі Димаш Құдайберген сияқты талантты жастар. Ал аға буын әншілерге келсек, өкінішке қарай, қатары көп емес. Қанша биікке көтерілсе де қарапайымдылықтан таңбаған қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтіп жүрген аға буынның қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының және Талас ауданының Құрметті азаматы, күміс көмей, жезтаңдай әнші Әбиірбек Тінәлі де бар. Бүгінгі таңда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында актер болып, шәкірт тәрбиелеп, өзінен кейінгі жастарға үлгі өнеге көрсетіп жүрген ағамызбен аз-кем сұхбаттасып қайтқан едік.

– Балалық шақ – әр адамның бақытты шағы. Ал сіздің балалығыңыз қаншалықты бақытты өтті? Әңгімені осыдан бастасақ... – Балалық шағым бақыттың не екенін білмей өтті десем, қателеспеймін. Өйткені бақыт іздеген емеспін. Әрі әке-шешемнің әлпештеуінің арқасында зәру болмадым да. Өзім табиғаты таңғажайып Талас ауданына қарасты Ойық ауылында туыпөстім. Әкем Берденнің тағдыры қиын болыпты. Менің анама дейін үш әйел алыпты. Үш әйелінен отызға жуық баласы болған. Алайда үш әйелі де, олардың балалары да шетінен о дүниеге аттанып кете беріпті. Үшінші анамыздан туған ең кенжесі де көз тиді ме, сөз тиді ме, әйтеуір, аяқасты мұрнынан қан тоқтамай, 5 жасында қансырап қайтыс болыпты. Содан кейін әкеміз біраз есеңгіреп қалыпты. Сонымен не керек, ауылдың ақсақалдары жиналып, Қонақбай деген атамыздың 16 жасар қызына құда түсе барыпты. Ол біздің шешеміз Қалиман еді. Тәңірдің жазуымен үш ұл, бір қыз дүниеге келіпті. Мен ең кенжесімін. Сондықтан да мені әке-шешем айрықша қанатының астына алды. Бір өкінішім болса, ол әкемнен ерте айырылғаным дер едім. Мен ол кісіден сегіз жасымда қалдым. «Әкелі бала мақтаншақ, әкесіз бала жасқаншақ» дегеннен бе, әлде өзімнің тумысымнан ба екен, елге қосылмай бұйығы болып өстім. Оңаша қалғанды ұнататынмын. Ал анам Қалиман эпостық жырларды жақсы айтушы еді. Айтқанда да әуендете нақышына келтіріп, таңды-таңға жалғап жырлайтын. Әрі әр кейіпкердің болмысын ашып, олардың бейнесін әртүрлі сарынмен көз алдыңа келтіруші еді. Мен соны тыңдап ұйықтап, соны естіп оянатынмын. – Әнші болғаныңыз содан екен ғой... – Мүмкін. Өнер адамға ананың сүтімен қонатыны ақиқат қой. Ал кейіннен арманымның алауын тұтатқан ауылдағы пошташы еді. Біздің ауылдың пошташысы Несіпбай деген егде жастағы кісі болатын. Сол кісінің төбесі сонадайдан көрінгенде-ақ біз өз-өзімізден мәз болып қуанушы едік. Ол кісінің бір аяғы жоқ болғандықтан таяққа сүйеніп жүретін. Ауылға жақындағанда Құдайдың құдіретімен көк есекке мініп алып, белгісіз бір әнді тамылжыта ыңылдайтын. Мен сол кісінің ыңылына ұйып, әуенін қайталай беретінмін. Сол кісінің әуеніне деген іңкәрлік мені ән әлеміне алып келді. – Ән әлеміне Несіпбайдың ыңылы алып келсе, театр сахнасына келуіңізге не түрткі болды? – Шамамен 5-6-сынып оқып жүрген кезім болса керек, ауылға Сәкен Жүнісовтің «Жаралы күндер» деген пьесасын әкеліп қойды. Соны көргеннен кейін бойымда театр сахнасына деген қызығушылығым артып, әлгілердің артынан қуып жүріп бес-алты ауылға қойған концертін тамашаладым. Содан бастап актер боламын деп шештім. – «Жаралы гүлдер» драмасы сізді несімен қызықтырды? – Онда соғысқа кеткен адамдардың артында қалған бала-шағасының тағдыры, екінші дүниежүзілік соғыстың ауыл адамдарына әкелген тауқыметі балалардың арқасына аяздай батқаны баяндалады. Жоқшылық пен көзін ашпай жатып ата-анасынан айырылу баланың санасын біржолата есейтіп жіберетіндігі даусыз ғой. Иә, ондағы кейіпкерлер – сол замандағы балалардың бәрі де сұрапыл соғыс балалығын ұрлаған жаралы гүлдер еді. Олар жылайды, қабырғасы қайыса қайғырады, бірақ бір сәтке де арманынан алыстаған емес. Тыраулап ұшқан тырналар легіне үн қосып, өздерінің арман-тілегін жолдайды, болашақтан үмітін үзбейді. Ондағы Бақыт бастаған балалардың халық басына қара бұлт үйірілген тұстағы арман мен үмітке толы ішкі психологиялық көңіл күйін айшықтап, сараптаған бұл пьеса балалық шақтарын, сұрапыл соғыс жалмаған буынның боямасыз күйін бүкпесіз баян етеді. Олардың бала болғанына қарамастан жұмысқа жегілуі, жетім деп елдің қинауы, бәрі де тағдыр. Міне, сол елдің, халықтың тағдыры мені театр сахнасына алып келді. – Тағдыр демекші, сіздің әндеріңіздің қай-қайсысы болмасын тағдырлы. Тыңдаушы  толғандырады. Ал тағдырыңызға әндеріңіздің әсері қандай? – Әкем мені жетпіске таяған шағында көрген. Ол кісі кішкене күнімде мені тізесіне отырғызып, Кенен Әзірбаевтың әндерін айтып беретін. «Бозторғай» мен «БазарНазар» әндерін сол кезден бастап бойыма сіңіріп өстім. Бұл да болса кейін тағдырлы әндер жазуыма себеп болған шығар. Ал енді тағдырыма әндерімнің оң әсері болды деп ойламаймын. Себебі мен «Желтоқсан желі» әнін жазғаннан кейін сахнаға шықпай қалдым десем болады. Шақыртулар сап тыйылды. Бір жағынан, мен жазсам халықтың тағдырына саятын ән жаздым. Кейбіреулер секілді жоғары мансапты адамдарды мақтап, олардың алдында тегін концерт қойып өзімді қорламадым әрі қорлатқызбадым. Сол мінезімнен болса керек, қазірге дейін тәуелді бір шаршы метр баспанам да, ұлтарақтай жерім де жоқ. Алайда өз арманыммен өмір сүріп жатқаным үшін бақыттымын. Әлеуметтік жағдайыма бола әнші болып туғаныма өкінбеймін. – Қазақ «Ән – көңілдің ажары» дейді. Сондықтан да ғасырлар бойы мұң мен дертін, ішкі жарасын ән әуенімен емдеген халықпыз. Ал бүгінгі халықтың дертін әнмен жазу мүмкін бе? – Тағдырлы халықтың әні де тағдырлы болмай қайтсін? Әндерім мұңлы болса, ол халықтың мұңы. Осы халықтың басында бар жағдай менде де бар. Халық пәтерсіз жүр ме?! Мен де солаймын. Халық ашынса, мен де ашынамын. Сондықтан өз тағдырымды және әндерімнің тағдырын халықтан ажырата қарау мүмкін емес. Менің қантамырым – халық. Сол себепті халықтың шерін әнмен тарқатып, дертін жырмен жазуға әбден болады дер едім. Өйткені араққа байланысты «Ас суың ба еді атаңнан қалған», «Қаңтар», «Баспана» деген де әндер жаздым. Мұның бәрі де халықтың жүрегінде, көмейінде. Сондықтан жүректен шығып, жүрекке ұялаған ән халықтың дертін емдейді деуге болады. – Сіздің «Анамның тілі – айбыным менің, анамның тілі – ай-күнім менің!» деп ән шырқаған дауысыңыз әлі ел есінде. Ана тіліміздің бүгіні туралы не айтар едіңіз? – Дұрыс айтасың. Ең алғашқы жазған әнім «Анамның тілі» болатын. Мені ұлттың басындағы әрбір қайғы ойландыратынын осыдан-ақ білуге болады. Қаршадай күнімнен тіл тағдырымен күреске түстім. 10-сынып оқып жүрген кезім. Бір күні үйіміздің қасындағы бір дүкен сүт сатамыз дегенді сот сатамыз деп жазып қойыпты. Бір-екі рет қате жазуды түзету туралы ескертіп едім, олар мені баласынып елемеді. Кейін шыдамай арнайы телеарнаның жігіттерін шақырттым. Сол кезде барып әлгі дүкеннің иесі камераға түсірмеуімізді өтіне жалынып, бір күнде түзетіп жазып қойды. Ол кезде телеарнадан көріну ұят болатын. Камераның құдіреті бар кез еді. Бұл арқылы менің айтпағым, әрбір адам өз тілі үшін күрес жүргізе білу керек. Сонда ғана біздің тіліміз өміршең болмақ. Ал бүгінгі тілдің тағдыры қорқынышты деуге болады. Өйткені қазақ өзі тәуелсіз болғанымен тілі кісенде тұрғандай сезіледі. Жалпы тіл тақырыбы – мәңгілік тақырыптардың бірі ғой. – Қазіргі таңда өзіңіз сияқты халықтың қабырғасынан жаралған өнер иелері бар ма? – Әрине бар. Бірақ аз. Өйткені қазір халықтың мұңын көтергендер емес, биліктің жүгін көтергендер жақсы күн кешетін заман болды. Жастардан ұят кетті. Халық сахнадағы әншіден өзінің тағдырын ести алмайды. Олар мағынасыз әуендерімен масайраған маймылдарды ғана көріп жүр. Ал ондай есіріктерді кейінгі жастар неге тыңдайды? Өйткені олар уланып болған. Біз оларды уланудан аман алып қалғанда олай болмас еді. Мұның уы оңайлықпен  тарамайды енді. Бәлкім, бір буын ұрпақтың басын жұтып барып бір-ақ тарауы мүмкін. – Жастарды көп сынайтын сияқтысыз, жастар сынды қабылдай ма? – Жоқ, көп сынамаймын. Жетілсін, жетсін деп қамшылаймын. Театрға байланысты айтар болсам, қазіргі жастарда сахналық образ болғанымен, өздері жаны жоқ мүсін сияқты. Сахнаның адамы өзінің ойнайтын рөлін жақсы білуі шарт. Мысалы, қазіргі күйшілерге қарасаңыз, бәрінің қолы ғана күй тартады. Нотасын жаттап алған. Ал шынайы өнер иесі сол күйдің ішіне кіріп, халыққа рухани ләззат сыйлай алады. Қазіргілердің қолы күй шертіп тұрса, ойы басқа жақта. «Айлық қашан түсер екен?», «Ана тойға не апарар екенмін?» деген сияқты дүниелерді ойлап отырады. Бұл өнер үшін емес, қарын үшін жүргендердің тірлігі. Сонымен қатар байқасаңыз, қазіргі жастар телефонға маталған. Ойының бәрі телефонда. Бұл қолдағы тірі сайтанның мүсіні. Сені арбап ішіне кіргізіп алады да шығармайды. Сахна сыртында телефон ойнап отырып, кезегің келгенде рөлге шыға салу – салғырттық. Көрерменді санасыз, тобыр деп ойлауға болмайды. Мүмкін олардың ішінде Асанәлі сияқты абыздар отырған шығар, қайдан білесіз? Сондықтан сахна жауапкершілігін әрбір жас білуі керек. Әрі әншіге жаһанды жаңғыртқан дауыстың керегі жоқ, Шын әнші өз әнін айқайламай, көтеретін жерінде көтеріп, түсіретін жерінде түсіріп, жүрекке енеді. Әннің үнін ғана келтіріп орындап шығу кімге керек? – «Өнер адамын басқармау керек, бағалау керек» деп жатамыз. Біздің қоғам таланттарды тани ма? – Талант қашанда қарабайыр елге қарсы жүреді. Басы ноқтаға сыймайды, асау болады. Ал оны жуасытамын, басқарып аламын деудің соңы өзін жазым етумен аяқталады. Бүгін көп адам біреуді басқарғысы, бастық болғысы келеді. Ал таланттар ешқашан біреудің басқаруымен жүре алмайды. – Өнер адамын марапат өсіре ме, өшіре ме? – Ақылы бар адамды өсіреді, ақымақты өшіреді. Сонымен қатар атақты алумен бірге оны арқалап, соған сай болып көтеріп жүру бар. – Сіз Шона Смаханұлы, Болат Бекжанов секілді қазақтың арда ұлдарымен дәмдес-тұздас болып, бірге ойнап-күліп жүрдіңіздер. Ал бүгін сол ағаларымыздың қатары сиреп кетті. Көп жалғызсырайсыз ба? – Кейде өзімді қалың ну қарағайлы орманға жалғыз кіріп бара жатқандай сезінемін. Жалғыз қалған қорқынышты емес, сол жалғыздығыңды сезіну қорқынышты. Мен Болат Бекжановтан бір жасқа ғана үлкенмін. Ол осы театрды басқарып тұрғанда бір күні зейнеткерлікке шықтым. Жұмыстан кету бойынша арыз жазып, Болат досыма кірдім. Ол қолын қойып берді. Бірақ есіктен шыға бергенімде: «Сөйтіп, сен мені жалғыз тастап кетіп барасың ба?» деп қалды. Жүрегім зырқ ете қайта қайырылып, қолымдағы қағазды жыртып тастадым. Ол құрдас болған соң әзіл-қалжыңымыз жарасып, бір-бірімізге бүкпесіз әңгіме айта алушы едік. Ал қазір әңгімемді де тыңдайтын адам қалған жоқ. Жастар сені тыңдамақ түгіл, өзіңе ақыл айтады. – Өнер атадан балаға жұғады деп жатамыз. Соңыңыздан ерген ұрпақтарыңыздан жолыңызға түсіп келе жатқаны бар ма? – Құдайға шүкір, кіші қыздарымның бірі пианиноға барып жүр. Немерелерім кішкентай. Бірақ өнерге деген талпыныстарын мінездерінен байқаймын. Бәрібір бірнеше атадан кейін болса да олардың бойынан менің қаным қайталанатыны анық қой. – Бір әніңізде «Арманға жетпей жалғаннан өткен, данышпандар мен ғұламалар да» деген жолдары бар еді. Өзіңіздің арманыңыз туралы білгіміз келеді. – Менің арманым көп. Адамда арман таусыла ма? Соның біріншісі – жері бар, үйі бар, отбасылық жағдайына алаңдамайтын, тек сахнаны ойлайтын, шығармашылықпен еркін айналысатын жастарды көргім келеді. Екіншіден – сахнаны жын-жыбырдың биінен, үнінен аластап, нағыз перизат өнердің орнына айналғанын көргім келеді. Өйткені қазір әннің қадірі қашты. Сөзін естігенде лоқситын дәрежеге жеттік. Ән деген соқыр көретіндей, керең еститіндей бекзада өнер еді ғой. Мен сол халықпен өнер адамының арасындағы рухани көпірдің қайтадан қалпына келгенін қалаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар