Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жөнсіз үгітке жол бермейік

Жөнсіз үгітке жол бермейік
ашық дереккөз
Жөнсіз үгітке жол бермейік
Облыс бойынша бірмандаттық (мажоритарлық) жүйемен сайлау өткізу үшін 192 сайлау округі құрылды. Оның ішінде 18-і облыстық, 27-сі қалалық, 147-сі аудандық сайлау округтері. Бүгінде кандидаттарды тіркеу аяқталып, 18 ақпаннан бастап үгіт жұмыстары басталып кетті. Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидаттардың, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспасөз басылымының таралымы барлық кандидаттар, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар үшін бірдей болуға тиіс. Кандидаттардың және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына, онлайн-платформаларға шығу кезектілігі жазбаша жолданымдардың келіп түсу ретімен немесе жолданымдар бір мезгілде келіп түссе жеребе бойынша белгіленеді. Сайлау алдындағы жария іс-шаралар кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесу өткізу арқылы жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс. Сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықта қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады. Осы мақсатта облыс бойынша жергілікті атқарушы органдармен кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 242 үй-жай айқындалды және үгіттік баспа материалдарын ілу үшін 308 орын белгіленіп, олар стендтермен, тақталармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасауда және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, үнпарақтар, ұрандар мен өзге де үгіт материалдарын басып шығару үшiн бiрдей сомада қаражат қарастырады. Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым (баспа материалдары бойынша – олардың басылған жері және таралымы), тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан ақысы төленгені туралы мәліметтер болуға тиіс. Үгіт материалдарын Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде дайындауға, анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы. Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады. Кандидаттар сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуына және ойын-сауық, спорттық iс-шараларын ұйымдастыруына болады. Кандидаттардың тарапынан сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге және қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады. Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеліп соғады. Қазақстан Республикасының аккредиттелген қоғамдық бірлестіктері және коммерциялық емес ұйымдары атынан ҚР азаматтары байқаушы ретінде сайлау процесіне қатыса алады. Қоғамдық бірлестіктер және коммерциялық емес ұйымдарды аккредитеудің тәртібін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Қазіргі таңда облыстық сайлау комиссиясының атына төрт қоғамдық бірлестіктен сайлауды бақылау туралы өтініш келіп түсті. Бұл өтініштерге жұмыс барысында жауап берілетін болады. Облыста шамамен 720 мыңға жуық сайлаушы бар. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 26-1 бабының 1-тармағына сәйкес, тиісті әкім әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссияларына береді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін нақтылау жұмыстарын жүргізуде, сайлаушылардың нақты саны сайлаушылар тізімдері учаскелерге берілгеннен кейін анықталатын болады. Облыста бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылған 791 үміткерден 691 кандидат тіркелді (75,2 пайыз). Оның ішінде өзін-өзі ұсынған кандитдат саны – 410 (59 пайыз). Облыстық мәслихатқа 18 округ бойынша 73 кандидат, қалалық мәслихатқа 27 округ бойынша 93 кандидат, аудандық мәслихаттарға 147 округ бойынша 525 кандидат тіркелді. Орташа алғанда бір мандатқа 3,6 адам тіркелді. Облыс бойынша жалпы саны 499 сайлау учаскесі бар. Оның 131-і Тараз қаласында, 368-і аудандарда орналасқан. Сондай-ақ 449 сайлау учаскесінің 21-і жабық сайлау учаскелері. Олар әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерінде және тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында орналасқан.

Сара МӘДИЕВА, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар