ИТ ТЕ ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮР
Түркия мен Сирия жерінде болған алапат зілзала бүкіл әлемнің құтқарушыларын аяғынан тік тұрғызды. Бір сәтте қирандыға айналған қала үйлерінің үйінділері астынан адамды лезде таба қою да оңай шаруа емес. Сондықтан бұл істе құтқарушылар иісшіл иттердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар тәсіл.
Түбі бір түрік ағайындардың жағдайына алаңдап, соңғы ақпараттарды «Facebook» әлеуметтік желісінен қарап отырғанымызда Әзірбайжаннан Түркияға келген құтқарушы ит Паша туралы жаңалықты көзіміз шалды. Үйінді астында қалған адамдарды іздеумен айналысып жүрген Паша бүгінде желі жұлдызына айналған. Оның мейірімді көздерін, қызмет барысында аяқ-қолдарының жараланғанына қарамастан әлі де адамдарды тауып жүргенін халық тамсана жазып жатыр. Ал үйінді арасынан адам іздеймін деп мерт болған мексикалық ит Протео жайлы да желіде аз жазылып жатқан жоқ.
Өткенге көз жүгіртсек, иттерді қызметтік мақсатта пайдалану Ежелгі Рим мен Грекияда басталған екен. Ал
иттің анатомиясы мен физиологиясын зерттейтін кинология ғылымы XIX ғасырда қалыптасыпты. Бүгінде біздің
елде де әр облыста кинологиялық қызмет орталықтары бар. Олар негізінен құқық қорғау органдары мен шекара қызметіне тиесілі. Осы орайда біз кинолог мамандар мен олардың адал достары жайлы жазбаққа бел будық.
Сенімді серік болар қызметтік иттер біздің облыста да бар. Иісшіл иттердің жай-күйімен, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында облыстық полиция департаментіне қарасты кинология орталығына бардық.
Кинолог – сирек кездесетін мамандық. Сырттай қарағанда кинологтардың қызметі қызықты болып
көрінеді. Алайда оларға жүктелетін міндеттің ауыр екенін екінің бірі біле бермейді. Жеті қазынаның бірі
саналатын ит адамның әрі серігі, әрі қорғаушысы болған. Ал бүгінгі таңда арнайы үйретілген иттер түрлі қызмет
бабында қолданылып жүр.
Тараз қаласындағы кинологиялық орталықта он кинолог маман жұмыс істейді екен. Мұнда әртүрлі қызметке
дайындалған 49 ит бар. Олар есірткілік зат іздеуде, иіс ізінде, жарылғыш заттарды анықтауда, патрульдік кедендерде одорологиялық қарауылдық, штурмдық бағыттарда қызмет етеді. Ереже бойынша мамандарға 5-6 иттен бөлініп беріледі. Орталықтың аға инспекторы, кинолог Бауыржан Ізбасаровтың айтуынша, күзет, қауіпсіздікті қадағалау, қылмыскерлерді құрықтау мақсатындағы жұмыстарға негізінен бельгиялық және неміс овчаркалары, спаниель, лабрадор, ротвейлер тұқымды иттер пайдаланылады екен.
– Итті жақсы көретін, жаттықтырудың машақатына шыдайтын, төзімді адамдар ғана кинологияға
келеді. Бұл қызмет қырағылықты, тәртіпті талап етеді. Кім болса сол кинолог бола алмайды. Ол итпен тіл
табыса білу керек. Оны күшік күнінен баптап, тәртіпке, дағдыға, қызметке үйрету оңай жұмыс емес. «Тәртіпке
бағынған құл болмас» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, біз де, итіміз де тәртіпке бағынамыз. Сенбесеңіз, міне, көріңіз, – деп, даладағы жаттығу жасап жатқан Лакиге «Тыныш отыр!» деген бұйрық берді. Ит сол орыннан қозғалмады.
Айтпақшы, мұндағы қызметтік иттер бір ғана адамға үйреніп, тек сол маманның бұйрығын ғана орындайды екен. Бауыржан Ермұратұлы мұнда 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді.
– Ит иесін сатпайды, адал келеді. Қазақ итті жеті қазынаның біріне тектен-тек теңемепті. Кейбір достар, қызметтестер сатып кетіп жатады, ал ит олай етпейді. Сондықтан итпен жұмыс істегенді жан жүрегіммен қаладым, – дейді ол.
Осы кезде әңгімемізге Нұрбол Төребек қосылды. Бұл маман да 2009 жылдан бері осында еңбек етіп келеді
екен. Оның Рея, Лаки есімді иттері бар.
– Бүгін кезекшіліктемін. Менің иттерім де кезекшілікте. Күніне болып жатқан түрлі жағдайларға кезекші маман
жауап беріп, иті де қызметке аттанады. Итті 2-3 айлық кезінен дайындаймыз. Оларды Алматы қаласындағы
кинологиялық орталықтан алып келіп, осында қырағылыққа, із кесушілікке, әр бағытқа баулимыз. Ит те бала сияқты қуанады. Есірткі тапқан соң немесе әрбір жақсы әрекеті үшін біз олардың басынан сипап, жылы сөз айтып, қолпаштап, арнайы доппен ойнатамыз. Сонда ит ойнау үшін, қуану үшін тапсырманың, команданың бәрін дұрыс орындауға тырысады. «Боранды күні ит пен бала құтырады» дегендей, қараңызшы, әне,
құтырына ойнақтап жүр, – дейді итінің қылығына риза кейіппен.
Расымен де Лаки тұмсығымен қарды түртіп, доппен ойнап, балаша мәз болып жүгіріп жүр. Біз торда тұрған барлық итті көріп шықтық. Бастапқыда бізді бөтенсіп, арсылдап үргенімен бұйрыққа бағынып, кейін еті үйренді ме, үргенді доғарды. Күшіктер үйшікте жатыр, ал «зейнетке» шыққан төбеттердің орны бос тұр. Олар адам мен қоғамға адал қызмет етіп, уақыты жеткенде мәңгіге ұйықтап кетіпті.
– Байзақтағы жарылыс кезінде осындағы Моно есімді ит екі адамның мәйітін тапты. Біз иттерді бөліп-жармаймыз. Бәрі мақтауға лайық, – деп Б.Ізбасаров сөзін әрмен қарай сабақтады. – Мұнда иттерге ветеринариялық қызмет те көрсетіледі. Ветеринар маман қажетті вакциналарын уақытылы салып отырады. Жарақат алып немесе сырқаттанса дер кезінде көмек көрсетеді. Мұнда әрбір иттің жетістігінің
өзіндік тарихы бар. Ел де біледі, жұмыс құжатында да жазылып тұр. Қылмыстық істің ізін суытпай ашып жүрген Тея есімді бельгиялық овчарка – нағыз кәсіби қызметтік ит. Ол «Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 48 жастағы тараздық тұрғынның үйінен 5 келі 150 грамм есірткі затын тапқан. Ал
Бони болса, «Допинг» республикалық жедел іздестіру шарасы аясында 38 жастағы Шу ауданы азаматшасының
үйінің ауласынан салмағы екі келі есірткі затын анықтаған. Кинологтың айтуынша, қызметтік иттер бар-жоғы 8 жылдан 15 жылға дейін өмір сүреді екен. Әрмен қарай қартайып, көзі көрмегендіктен қызмет етуден қалады. Ондай жағдайда амалдың жоқтығынан итті «ұйықтатады» екен. Амалдың жоқтығынан дегеніміз, ит те болса тірі жан ғой. Кинологтар қаншама жыл сенімді серігі, досы, қорғаушысы болып кеткен «әріптесін» өлімге қалай қисын. Бірақ бұл саланың тәртібі, қағидасы сондай екен. Ұйықтатпай, басқа біреуге берсе, ол арам пиғылмен өзге мақсатқа пайдалануы мүмкін деген қауіп бар екен. Кейде олар қартайып, қызмет етуден қалған иттерін қимағандықтан ажалы жеткенше өз үйлерінде бағады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, иттер бұрыннан орыс тіліндегі командалармен үйретілген. Кинологтар алдағы уақытта қазақша командалар мен бұйрықтарға үйрететін күн жақын екенін айтып қалды.
Ата-бабаларымыздың жыл санау жүйесіне енген итті қызметке баулып, қоғамдық тәртіпке бағындырып жүрген кинолог мамандарға сәттілік тіледік. Жазушы Қадыр Мырза Әлі: «Ит – бір бөлек, иттік – бір бөлек, иттікті ит емес, адам жасайды», деген екен. Кейде «ит өмір», «ит екенсің» деп жатамыз. Бірақ осыны ойланып айтып жүрміз бе? Біле білсек, ит екеш ит те адамға, қоғамға адал қызмет етіп жүр...
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала