Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік қызметкердің міндеті
Мемлекеттік қызметші мемлекеттің айнасы, мемлекеттің табысты жұмыс істеуінің кепілі болғандықтан, бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде.
Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңа Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайының алдын алуға бағытталған.
Жаңа редакцияда кодекстің құрылымы өзгеріп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Әсіресе, ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген. Өз кезегінде халықпен өзара қарым-қатынас мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің негізгі сапасы болғандықтан, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде халықтың сұранысына бағдар ұстану және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Әдеп кодексінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің бір өкілі. Сондықтан өз ісіне, сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына жауап бере алатындай болуы керек. Жеке адамдар арасында болсын, мемлекеттер арасында болсын, кез келген қарым-қатынас әдеп шеңберінен шықпаса ғана тиімді әрі нәтижелі болмақ.
Әдеп нормалары мен қағидаларын сақтау боынша тұрақты түрде мемлекеттік қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары және қызметтік этика нормаларын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-пихологиялық ахуалдың жай-күйін зерделеу мақсатында әр тоқсан сайын анонимді сауалнама және мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Сонымен қатар, Инспекцияның әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің қызмет уақытында және қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануы, қоғамға жат мінез-құлық оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және адамгершілікке нұқсан келтіретін жағдайларға жол бермеуі тиіс. Осы мәліметтерді анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Ақпараттық қызмет» жүйе базасынан (әкімшілік құқық бұзушылық бойынша) мәліметтер алынып зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейханов. Еліміздің болашағы үшін мемлекеттік қызметкерлер адамдық парасаты мен кәсіби біліміне байланысты, өз қызметін адал және абыроймен атқаруы қажет.
Нұрғали НИЯЗҚҰЛОВ, Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының әдеп жөніндегі уәкілі