Президент кеңесшісі Дулати жастарымен кездесті
Облысқа Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Жастар сарайында жамбылдық жастармен кездесті. «Жастарды қолдау – тұрақтылық пен орнықты дамудың негізі» атты тақырыпта өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, өңірде жастар саясатымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды мәлім етті.
Сөз тізгінін алған Мәлік Нұржанұлы жастарға заман талабынан туындаған қажеттіліктер мен ұлттық құндылықтың басымдығы, жаһанданудың ықпалы мен ұлттық тәрбиенің өзегін ажыратудың маңыздылығы, дұрыс әрі құнды мақсат қоюдың жастарды кәсіби тұрғыдан өсіретінін жіліктеп түсіндіріп берді. Әр адамның басты бағдаршамы кітап болу керектігін баса айтқан Президент кеңесшісі елімізде өткізіліп жатқан саяси науқанға еліміздің жастары да өз үлестерін қосу керектігін түсіндірді.
«Кім болашаққа сеніммен қараса, соның болашағы жарқын. Ал кім күмәнмен қараса, оның өмірі де күмәнді, ала-құла күйде өтеді. Сондықтан, келешекке сеніммен қараңыздар», – деген Мәлік Нұржанұлы жас ұрпақтың көздеген мұраты асыл, мақсаты биік болуы керектігін алға тартты.
– Әрбір мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары ұстайтын Президентіміз көпшіліктің сеніміне ие болып отыр. Өздеріңіз білетіндей мемлекет басшысы жақында ғана Жамбыл өңірінде болып, бірнеше жерлерді аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Жалпы Жамбыл өңірі құт қонған мекен. Тараз қаласы – тарихымыздың темірқазығы. Тарихтан белгілі «Атлах-Талас» шайқасынан кейін әлем елдерінде ислам діні қанат жая бастады. Адамзат баласы үшін асыл дініміз ислам Қазақстан бойынша ең алғаш «Қарахан» мемлекетінде, анығырақ айтсам осы Тараз өңірінде таралған.
Сондай-ақ Жамбыл жерінде қарымды қаламгер, классик жазушы Шерхан Мұртаза туып-өскен. Ол кісінің кітаптарын көзі тірісінде түрік тіліне аудару бақыты бұйырған жанмын. Жазушының «Ай мен Айша» кітабын түрікшеге аударып болған соң түрік елінің мықты Атаман Калибоза деген жазушысы аудармамды редакциялады. Кітапты оқып отырып «Шынымды айтайын, біздің елде Шерхан Мұртазадай кемеңгер жазушы жоқ. Мен бір ғана «Ай мен Айша» романымен ғана шектеліп қалмаймын. Жазушының барлық романдарынымен танысып шығамын. Ол үшін алдағы уақытта қазақ тілін үйренетін боламын» деп жоғары баға берген болатын. Өзге елдің жазушылары осылай құрметтеп жатса, шынында да өресі биік тұлға екен ғой деген ойға қалдым. Осындай мықты тұлғалары бар, тарихи маңызға ие киелі өңірді келешекте өркендетіп, құлпыртатын сіздерсіздер.
Сөз соңында айтарым мемлекетте орын алып жатқан саяси өзгерістерге бір кісідей атсалысыңыздар. Баспасөз беттерінде жарияланған ел ішіне іріткі салатын, теріс пиылдағы мақалалардың жетегінде кетпеңіздер. Ақ пен қараны ажырата біліңіздер, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Мұнан соң университет ректоры Мұхтар Байжұманов Президент кеңесшісіне университеттің жетістіктерін баяндап өтті. Өз кезегінде жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.