Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оттың ортасынан оралған оғландар

Оттың ортасынан оралған оғландар
ашық дереккөз
Оттың ортасынан оралған оғландар
Тарихқа көз жүгіртсек, 1978 жылы Ауғанстан елінде саяси төңкеріс болып, содан бері соғыс қимылдары тоқтаған емес. Ал 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО саяси бюросы шешімімен Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кірді. Бұл бағытта 40-армия құрылып, оған қолбасшылыққа генерал-лейтенант Юрий Тухаринов тағайындалды. Кеңес әскерінің алғашқы соғыс қимылы 1979 жылы 27 желтоқсанда «Дауыл-333» жауынгерлік операциясынан басталып, 1989 жылы қаңтардағы «Тайфун» операциясымен аяқталды. Бұл жауынгерлік іс-қимылдарға КСРО елдерімен қатар, Қазақстаннан 22 мың адам қатысты. Олардың 800-ге жуығы соғыста құрбан болды және Қазақстан жерінде жерленді. Ал 20-дан астам адам із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енді. 22 мың сарбаздың 10 мыңнан астамы мүгедек болып оралды. 1988 жылы 14 сәуірде Ауғанстан Демократиялық Республикасындағы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне қол қойылды. Сөйтіп, арада бір жыл өткенде келісімде белгіленгендей, 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан Кеңес әскері шығарылды. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы Женева келісімін белгіленген мерзімде орындады. Осылайша 10 жылға созылған соғыс аяқталды. Биыл Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр. 18-19 жасында өмірлерін оққа байлап, ажалдың арасында, қатердің ортасында әскери борышын өтеген жауынгерлердің жүрегіне түскен дақ ешқашан өшпек емес. Солардың бірі – Ұлттық ұлан қатарынан зейнетке шыққан запастағы медицина қызметінің полковнигі Қалыбек Бұралхиев. Кейіпкеріміз 1969 жылы 12 сәуірде Тараз қаласында дүниеге келген. 1976-1986 жылдар аралығында №12 қазақ орта мектебінде білім алып, 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1987 жылы 1-курсты бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылды. Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласындағы әскери бөлімде алты айлық дайындық курсынан өтіп, сержант атағын алып, сол жақта әскери борышын өтеді. Солай 1987 жылдың қараша айынан бастап Ауғанстан жеріне ерікті түрде соғысқа аттанып, Кабул қаласындағы Кеңес әскерлеріне арналған аэродромды күзеткен №29761 дала поштасында қызмет етті. – Бізге артылған міндет өте ауқымды болды. Себебі аэродромға шабуыл жасалу қаупі өте жоғары еді. Әрі аэродромның жанында оқ-дәрілер қоймасы бар болатын. Бір күні сол қауіп шынға айналды. Аэродромға қарулы шабуыл жасалды. Снарядтар қоймасына қарай оқ атыла бастады. Мен қарауылда тұрғанмын. Взводты дереу көтеріп, ашық ұрысқа көштік. Бұл ұрыстан біздің жауынгерлер еш шығынсыз аман шықтық және аэродромның талқандалуына жол бермедік. Кейін белгіленген қызмет мерзіміміз аяқталған соң қайта Өзбекстанның Термез қаласына келіп түстік. Ол жерден бізді Беларусь Республикасының Береза қаласына жіберді, сол жерде мерзімдік әскери қызметімді аяқтадым. Сол тұста «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталдым, – деп әңгімесін сабақтады запастағы полковник Қалыбек Бұралхиев. Қатқан нан мен қара суды қанағат тұтқан жауынгерлердің күні солай өте берді. Оқ пен оттың ортасында бір жыл үш ай жүрген Қалыбек Амангелдіұлы жанындағы қарулас жолдастарымен бірге 1989 жылдың қаңтар айында туған елге аман-есен оралды. Қазақстанға келгеннен кейін аяқсыз қалған оқуын қайта жалғастырды. 1994 жылы дәрігер мамандығын алып, Алматы қаласында санитарлық-эпидемиологиялық орталықта дәрігер-эпидемиолог болып қызмет жасады. Кейін әскери қызметке қайта оралып, 1995 жылы Алматыға іргелес Ұзынағаш ауылындағы 28237 әскери бөлімде төрт жылға жуық медицина қызметінің бастығы лауазымын атқарды. 1999 жылы құқықтық тәртіп әскеріне ауысып, Алматыдағы 7552 әскери бөлімінің медицина қызметінің бастығы лауазымынан Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығындағы санитарлық-эпидемиологиялық орталық бастығына дейінгі қызметтерді абыройлы атқарды. 2017 жылы еткен еңбек пен төккен тердің нәтижесінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының медицина бөлімінің бастығы лауазымынан зейнетке шықты. Бүгінде ердің жасы елуді еңсерген азамат тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқанымызға, ұрпағының түн ұйқысының тыныштығына шүкіршілік етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Ауған соғысының ардагерлері әрдайым жеке құраммен кездесу өткізіп, жауынгерлік жылдардағы естеліктерін айтып отырады, Отанды сүюге, оған адал болуға үйретеді. Ал бұндай игі шаралар Отан қорғаушы ретінде жауынгерлердің бойына рух беріп, ынталандыруға өз ықпалын тигізері анық. Аман жүріңіздер, Ауған соғысының ардагерлері! Кеуделеріңіздегі орден-медальдар ерлік пен батылдықтың белгісіндей жас ұрпақтың патриоттық сезімін маздата берсін!

А.ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар