Өнерлі өрге жүзеді
Жуырда №6 орта мектепте көркем еңбек және бейнелеу өнері, музыка, әлеуметтік-психологиялық қызмет, кәсіптік бағдар беруші және дефектология мұғалімдерінің «Гармония» әдістемелік бірлестігінің пәндік айлығы өтті.
Айлықты өткізудің мақсаты – ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізу арқылы «Көркем еңбек және бейнелеу өнері», «Музыка», «Әлеуметтік-психологиялық қызмет», «Дефектология», «Кәсіптік бағдар беруші» пәндері бойынша педагогтардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, білім алушылардың көркемдік-эстетикалық дамуы бойынша озық инновациялық педагогикалық тәжірибені тарату.
Байқау барысында әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Әлия Қадырханова айлық іс-шараларды өткізу бағдарламасымен мектеп ұжымын таныстырды. Ұйымдастырушылық кезеңде педагог-психолог Саида Хабиева педагогикалық ұжым үшін «Жанға арналған дәрі қобдишасы» психологиялық акциясын өткізді. Кәсіптік бағдар беруші педагог Қаламқас Омарбекова 9-сынып оқушылары арасында «Мамандық таңдау» кәсіптік бағдар беру бойынша тренинг өткізіп, мектеп оқушылары үшін «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында суреттер көрмесін ұйымдастырды.
Айлықты өткізуде мектеп оқушылары арасында түрлі конкурстар мен тренингтер ұйымдастырған мектептің психологиялық қызметі ерекше белсенділік танытты. Педагог-психолог Әлия Қадырханова 10-сынып оқушыларымен «Өмір керемет!», сондай-ақ ұлдарға арналған «Жігіт сұлтаны» байқауын, педагог-психолог Саида Хабиева қыздар арасында «Ару қыз» сайысын ұйымдастырды.
Айлық аясында көркем еңбек мұғалімдері Нұржігіт Боранбаев, Гулистан Кахарманова, Дина Салыбекова көркем кескіндеме, макет және бұйымдарды безендіру арқылы түрлі ашық сабақтар өткізіп, сыныптан тыс іс-шаралар мен сәндік-қолданбалы өнер көрмесін ұйымдастырды.
Музыка пәнінің мұғалімі Салтанат Әмір түрлі музыкалық аспаптарды пайдалана отырып, «Халық әнін түсіндіру» тақырыбында 5 «А» сыныбына қызықты, көңілді ашық сабақ өткізсе, ұстаздар Салтанат Ержанқызы және Ақнұр Тілешбаев мектептің білім алушылары мен педагогтары үшін мерекелік кеш ұйымдастырды.
Мектептің дефектологы Жайна Бейсенәлі 4 «Е» сыныбына «Зейін мен танымдық қызметті дамыту» тақырыбында дефектология бойынша ашық сабақ өткізсе, ал мектеп педагогтары үшін «Ойын технологиялары – балаларды дамыту құралы ретінде» коучингін қолға алды.
Мектеп тәлімгері Пакизат Қауынбай слайдтарды, презентациялар мен бейнероликтерді рәсімдеуге, іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ мектептің өзін-өзі басқаруы ұйымымен бірлесе мектеп оқушылары үшін «Галстук пен бантик күні» байқауын ұйымдастыруға атсалысты.
Айлықтың қорытындысы бойынша мектептің ең белсенді қатысушылары, педагогтары мен білім алушылары грамоталармен марапатталды.
Әлия ҚАДЫРХАНОВА, №6 орта мектебі «Үйлесімділік» әдістемелік бірлестігінің басшысы, Тараз қаласы
Келесі мақала