Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Форсайт-сессия форматындағы форум

Форсайт-сессия форматындағы форум
ашық дереккөз
Форсайт-сессия форматындағы форум
Қазақстан халқы тілдері күніне орай, «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық форум өтті. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған форумға өңіріміздегі тіл жанашырлары қатысты. Өңірде тіл саясатын насихаттауды мақсат еткен форум форсайт-сессия форматында жүргізілді. «Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік тілді дамыту жолдары» тақырыбындағы форсайт-сессияға қатысушылар «Ардагер тіл жанашырлары мен ғалымдар», «Орта және жас буын тіл жанашырлары», «Ақпарат және медиакеңістік өкілдері», «Мемлекеттік тілді жетік меңгерген, белсенді этнос өкілдері» болып 4 топқа бөлініп, өзара пікір алмасты. «Болашақ туралы ойлау, зерттеу, болжау» деп аталған алғашқы бөлімде әр топтан бір қатысушы шығып берілген тақырып бойынша өз жұмысын қорғап, баяндама жасады. Екінші кезеңде болашақ туралы сұрақ-жауап арқылы пікірлесіп, соңғы шешуші кезеңде мемлекеттік тілді дамыту үшін басқармаға арнайы жобалар ұсынып, ол жобалардың маңыздылығы туралы түсіндірді. Ғалымдар, қоғам белсенділері, мұғалімдер, басшылар, саясаткерлер мен ақындар және медиа саласының мамандары қатысқан іс-шарада орамды ой, ұтымды ұсыныстар айтылды. Форумда сөз алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Салтанат Кусёва: «Тіл – қоғамдық құбылыс. Тек қоғам бар жерде, ұжым бар жерде тіл өркендеп қанат жаяды. Адам баласы дүниеге келген сәттен айналадағы жаңа ұғымдарды, табиғат құбылыстарын ана тілінде ұғына бастайды. Бесік жырларынан бастап сан ғасырлар бойы халқымыз дәріптеп, дамытып келген қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани байлықтарды адам ана сүтімен бойына енген туған тілі арқылы игеріп, игілігіне айналдырады. Өткеніне көз жіберіп, ой елегінен өткізіп таразылайды, болашағына қол созып болжайды, ғылым көкжиегіне шығарып самғатады, келешегіне жол сілтейді. Әр халықтың тілі, білімнің кілті, сол ұлттың болмысы екенін ескерсек, Абайдың даналығын, Махамбеттің батылдығын, Бұқардың ақылмандығы мен жанашырлығын, Абылайдың данышпандығын, Бөгенбай мен Қабанбайдың батырлығын түйсініп, рухани өмірімізге азық етеміз. Ұлттың рухани көсемі, тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс өткен форсайт-сессия туған халқымыздың күші мен құдіреті болып саналатын ана тіліміз – қазақ тілінің төрдегі тұғыры, биіктегі мәртебесі жайында өзге этнос өкілдерімен бірге зерделеп, бір арнаға тоғыстырды деп ойлаймын, – деді. Форум соңында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова тіл жанашырлары мен мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында белсенділік танытып жүрген азаматтарға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстап, форумға қатысқан барлық тіл жанашырларын басқарманың Алғыс хатымен марапаттады.

Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар