«ҚЫЗМЕТІМЕ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙТЫНДАР ДА БАР»
Кез келген мемлекет алдымен азаматтарының денсаулығына көңіл бөледі. Елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, дәрігерлерді оқыту мен біліктілігін арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мемлекеттік қолдаудың арқасында облысымызда биылдан бастап аудандық емдеу мекемелерінің медицина мамандары шетелге барып, біліктіліктерін арттырып қайтпақ. Сонымен бірге 6 ауданның ауруханалары біріктіріліп, ауданаралық ауруханаға айналады. Газетіміздің «Оқшау ой» айдарына берген сұхбатында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова осы және өзге де жаңалықтармен бөлісті.
– Жанар Мықтыбекқызы, бұрынырақта облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының үш басшысы істі болып, сол жайлы «Жас Алаш» газетіне мақала жазған журналист Оралхан Дәуіт: «Енді бұл басқарманың басшысы кабинетіне кіреберіс есігінің маңдайшасына «Оңға барсаң – отырасың, солға жүрсең – сотталасың, тіке жүрсең – түрме» деп жазып қоятын шығар», деген еді. Оның үстіне басқарманы 2015 жылдан бері әйел заты басқармапты. Бұл жауапты қызметке өзіңіз іштей қаншалықты дайын болдыңыз?
– Әрине, қобалжу болды. Медицина саласында 15 жылдан аса басшылық қызметтер атқардым. Сол кезде «Егер басқарма басшысы қызметі тапсырылса, қалай болар екен?» деген ой келетін. Бірақ басқарма басшысы болу туралы ұсыныс күтпеген жерден болды. Бастапқыда сабырмен біраз ойландым. Сөйтіп, үлкен саланы сенім артып тапсырып жатқан соң миллион екі жүзден аса халықтың денсаулығы мен тағдырына ықпал етудің оңай еместігін сезініп, бағымды сынап көрейін дедім.
Басқарма басшысы лауазымына арнайы конкурс арқылы өттім. Келгеніме 3 айдан асты. Сын тезіне ілініп кететін кездер де жоқ емес. Жұмысыма көңілі толмайтындар да бар. Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Сол айтпақшы, мен де сынды дұрыс қабылдауға тырысамын. «Сырт көз – сыншы» демекші, жұртшылық біз көрмейтін, біздің назардан тыс қалып жатқан жағдайларды байқап жүреді. Уақыт созбай зерделеп, анықтап жатамыз. Айтылған кемшіліктерді дер кезінде жөндеуге тырысамыз.
– Жаңадан қызметке келген басшыдан ел жаңашыл жақсы бастама күтеді. Кез келген лауазым иесі де басшылыққа келгенде алдына нақты жоспарлар қоятыны анық. Сізде де мақсаттар болған шығар. Орындап үлгерген немесе қолға алып жатқан жоспарларыңыз болса, айта отырсаңыз...
– Өте орынды сұрақ. Жоспар бойынша бірінші кезекте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шалғайдағы жұртшылыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызмет сапасын жоғарылату мақсатында тиісті жоспарлар түзілді. Негізгісі – бастапқы медициналық-санитарлық көмек. Бастапқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыратын болсақ, көп шығынды және жоғары технологиялы медициналық қызметті талап ететін медицинаның айтарлықтай қажеті болмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы Қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Егер жоба талаптарын дер кезінде орындайтын болсақ, онда еліміздің әрбір азаматы тіркелген емханасынан скрининг, профилактикалық тексерілу, консультативтік-диагностикалық кеңестерін алу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістері мен әдептерін үрдіске айналдырып, өмір сүру сапасын жақсартатын еді.
Сөз басында 15 жылдан аса медицина саласында басшылық қызметтер атқарып келе жатқанымды айтып өттім. Содан бергі арманым –
халықтың медициналық сауатын және тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілігін жоғарылату. Сонда өлім-жітімді азайтып, халықтың орташа өмір сүру жасын ұзартуға, өлім қаупін тудыратын көп себептің алдын алуға болады. Осыған сәйкес облысымызда 2021 жылдан бастап қарқынды бастапқы медициналық-санитарлық көмектің құрамында жұмыс істеп жатқан үздік тәжірибелік орталықтар ашылған. Қазіргі таңда тәжірибелік орталықтар облысымыздың 4 ауданы мен қалалық №5 емханада жұмысын бастады. Жоспар бойынша наурыздың аяғы мен сәуір айының басында қалалық №2 емхананың базасынан да тәжірибелік орталық ашу жоспарлануда. Үздік тәжірибелік орталықтың денсаулық сақтау саласына тигізер пайдасы өте үлкен. Орталықта әрбір отбасы мүшелерінің кез келген медициналық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған барлық көмек ұйымдастырылуда. Сондай-ақ орталықта емделушінің мәселесі емхана табалдырығын аттаған сәттен бастап барлық қажеттіліктері бір алаңнан, бір терезеден, бір есіктен және бірнеше мультидисциплинарлық команданың көмегімен шешімін тауып кетуі керек. Осы талап бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Пациенттердің құқығын қорғауға да айрықша назар аударылған. Одан кейін Call-орталық жұмыс істейді. Яғни түскен арыздарды тез арада шешу жолы да қарастырылған.
Орталықта сонымен қатар халыққа принципті интеграциялық көзқарас бойынша әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету де жолға қойылуда. Дегенмен көбісі оны әлеуметтік қорғау саласы мекемелерімен шатастырып жатады. Оған біздің қызметтің ешқандай қатысы жоқ. Үздік тәжірибелік орталықтағы әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету орталықтарының негізгі мақсаты – бекітілген аймақтарындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыны, оның ішінде денсаулық жағдайына айтарлықтай қауіп тигізетін факторларды анықтай отырып, аймақтық дәрігер мен педиатр, терапевт дәрігерлері бірлесіп сол отбасының мәселесін шешеді. Сол жерде шешімін анықтап, егер де біздің медициналық мәселеге қатысты емес болатын болса, үздік тәжірибелік орталық басшылары жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып кеңес құрып, сол жерде шешу жолдары қарастырылады. Осы орталықтардың көмегімен біраз тірлік еңсерілді. Әсіресе қыстыгүні көмірі жоқ үйлерге көмір түсіру, балаларды мектепке, ал екі қолға бір күрек таппағандарды жұмысқа орналастыру секілді шаруаларды атқардық.
Биыл облысымызда 3 ауданаралық көпбейінді ауруханаларға құрылымдық өзгерістер жасалып, оларды қайта жаңғыртып, іске қосқалы отырмыз. Алдымен Меркі, Т.Рысқұлов аудандық ауруханалары қосылып, ауданаралық аурухана болады. Одан кейін Шу, Мойынқұм аудандық ауруханалары бірігіп, көпбейінді жоғары мамандандырылған аурухана болып құрылады. Үшіншісі – Талас пен Сарысу. Сонда 150 мыңнан аса халық облыстық ауруханада көрсетіліп жатқан жоғары мамандандырылған көмекті аталған 3 ауданаралық ауруханалардан алатын болады. Тағы 4 бөлімше қосымша ашылады. Онда инсульт, нейрохирургиялық орталықтармен қоса кардиология бойынша ангиография, коронарография жасауға мүмкіншілік болады. Осы 3 бөлім көпбейінді ауруханаларда ашылса, сол жергілікті 500 мыңға жуық тұрғын Таразға немесе басқа жаққа сабылмай, тұрғылықты жерден-ақ тиісті медициналық көмек алады. Мұның бәрі Денсаулық сақтау министрлігінің 2023-2024 жылдарға бекітілген жол картасы аясында атқарылуда.
Соған сәйкес қазіргі таңда қайта құру, күрделі жөндеуден өткізу, қосымша құрал-жабдықтармен жабдықтауға тиісті құжаттар жасалып, Денсаулық сақтау министрлігіне өткізілді. Енді 2023 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап аталмыш жобаларымыз іске асса, жыл соңында немесе келесі жылдың басында 6 ауданның тұрғындарына жоғары санаттағы қызмет көрсетеміз деген үмітіміз бар.
Енді 500 мың халық ауданаралық ауруханалардан емделсе, облыс орталығындағы үлкен-үлкен ауруханаларымыздың төсек-орындары бос қалуы мүмкін. Сол нысандарда республикалық деңгейдегі көрсетілетін жоғары технологияларды қажет ететін медициналық қызметтерді дамыту жоспарда тұр. Сол кезде өңір тұрғындарына Тараз қаласынан-ақ қажетті сапалы қызмет көрсетсек деп жоспар құрып отырмыз. Яғни өзге қалаларға, мемлекеттерге барудың қажеті болмайды. Қазіргі таңда мұндай қызметтің облыста онға жуық қана түрі көрсетіледі. Ал енді осы жобаны нақты жоспарлап, тиісті шараларды бекітіп отырмыз. Облыстық көпбейінді және қалалық көпбейінді ауруханаға күрделі жөндеу мен қосымша жапсарлама салынатын болады. Шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыруды талап ететін стандарттарға сәйкес қабылдау бөлімін саламыз. Сонымен бірге құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді.
– Ауқымды реформа жасалғаннан кейін маман тапшылығы туындамай ма?
– Жоғарыда айтқан ауданаралық аурухана ашылатын аудандардан хирург, травматолог, нейрохирургия, кардиохирургия бойынша мамандарды Түркияның Стамбұл қаласына оқуға жібердік. Ол жерден мамандарымыз шеберлік-сағатынан өтіп келді. Бұрындары мұндай оқуға тек облыс орталығындағы дәрігер мамандар ғана баратын. Енді ауылдардағы хирург, нейрохирургтарымызды тағы да Стамбұлға, Ресейге, өзіміздің Астана мен Алматыдағы ұлттық орталықтарға кезең-кезеңімен оқуға жіберіп, біліктіліктерін арттырғалы отырмыз.
Ақпан айының соңы мен наурыз айының басында тағы да оқуға аттанғалы отырған 15 дәрігер маманның тізімі дайын тұр.
Жуырда Стамбұлдың ең жоғарғы клиникасы бізбен келісімшартқа отырды. Олар біздің мамандарымыздың тәжірибесінің толығуына барынша жағдай жасап, күрделі оталарға қатысуға мүмкіндік беруде. Себебі біз бұған дейін шетелдік көптеген компаниялармен бірігіп, тәжірибе алмасу мақсатында жұмыс істедік. Бірақ ол жаққа барғанда мамандарымыздың көңілі толмай келетін. Неге? Себебі пациентке жасалатын кез келген отаға қатысып, ассистент болып атсалысуға мүмкіндік бермейтін. Олар тек сырттан қарап қайтатын. Ал жоғарыда айтқанымдай, Стамбұлдағы клиника отаға қатысып, скальпель ұстап үйренуге рұқсатын берді. Келісімшарт негізінде ол жақтың білікті профессорлары бізге келіп, облыстағы немесе қаладағы күрделі отаны талап ететін, бірақ шетелге шығуға мүмкіншілігі жоқ науқастарға шеберлік-сағат ретінде ота жасап береді.
– Ай соңында Стамбұл қаласына 15 маман барады дедіңіз. Олар қай ауданнан?
– Тізімде барлық аудандардан хирург, кардиолог мамандар бар. Кардиологтарды аритмология бойынша дайындаймыз. Ал хирургтарды нейрохирургия және травмотология бойынша жібермекпіз. Травматолог мамандар да бар ішінде. Бірақ көбінде хирургтарды алып жатырмыз.
Сонымен қатар жаһандық білім мониторингі есебі бойынша қазір Ресеймен, АҚШ-пен келісімшарт жасалуда.
– Салада жалақы бойынша мәселе бар ма?
– Жалақы мәселесі облысымызда ғана емес, жалпы республикада да өзекті болып тұр деп ойламаймын. Себебі жыл сайын Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да, Үкіметке берген тапсырмаларында да медицина қызметкерлерінің жалақысын жоғарылату бойынша тиісті міндеттерді жүктеп келеді. Былтыр да дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға, орта буын қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеру жөнінде талап қойылып, оның бәрі орындалып, жыл соңында айлықтарын толықтырылған түрде алды. Президенттің тапсырмасына сәйкес өткен аптада үлкен жиналыс өтті. Жиын қорытындысымен биыл дәрігерлерге 30 пайыз, орта буын қызметкерлеріне 20 пайыз, медицинаға қатысты емес мамандарға 20-25 пайыз қосуға тапсырма беріп, айлыққа қосылатын үстеме қаржы белгіленіп, мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда облысқа 13 миллиард 800 миллион теңге қосымша қаражат берді. 2023 жылдан бастап орта есеппен дәрігердің жалақысы 560 мың теңгені құрайды. Медбикелердің орташа айлығы 250 мың теңгеден асады. Әрине, бұл жерде әр қызметкердің жұмыс өтілі, басқа да критерийлер барлығы есептеледі. Яғни жалақы бойынша бізде мәселе жоқ.
– Сенімгерлік басқару туралы айтып өтсеңіз, мұның тиімділігі қандай? Сол сенімгерлік басқаруға берілген кейбір емханалардың жұмысына жиі сын айтылып жатады...
– Облыс әкімінің қаулысына сай денсаулық сақтау басқармасы облыс бойынша медициналық қызметті ұйымдастырушы-басқарушы орган саналады. Осыған сәйкес біз әрбір медициналық мекеменің халыққа көрсететін қызметінің тиімділігінің, қолжетімділігінің сапасын тексеріп, зерделей аламыз. Бүгінгі таңда сенімгерлік басқарушылық пен жеке емханалар және мемлекеттік емханаларға сапа жөнінен қойылатын талап бірдей. Яғни халықтың тағдыры сеніп берілгеннен кейін тапсырмалардың орындалуы мемлекеттік мекемелермен бірдей сұралады. Жасырмаймын, осыған байланысты жекеменшік және сенімгерлік басқарудағы мекемелердің басшылары тарапынан наразылық туындады. Бастапқыда түсініспеушіліктер болды. Кейін келісімшарттарын қарап, қосымша түзетулер енгізуді дайындап, ұсыныс жасалды. Бірақ жоғарыда атап өткен медициналық мекемелер аймақ бойынша бәрібір басқарушы органдарға есеп беруі тиіс. Сол себепті олар келісе ме, келіспей ме, біз бәрібір талап етеміз. Олардың негізгі құрылтайшысы – облыс әкімдігінің қаржы басқармасы. Басқармамен жасалған келісімшартқа сәйкес қаржы басқармасының талаптары бір бөлек, біздің басқармамен жасалатын қосымша келісімшарттың талаптары бір бөлек. Егер біздің талаптар орындалмайтын болса, біз өзіміздің басқарма тарапынан облыс әкіміне, қаржы басқармасына аталған мекемемен келісімшартты бұзу немесе жою жөнінде ұсыныс бере аламыз.
– Осы уақытқа дейін келісімшарттың бұзылу дерегі тіркелді ме?
– Жоқ, әзірге болған жоқ. Бірақ сенімгерлік басқарушылардың немесе жекеменшік мекемелердің иелеріне бірнеше рет хат жолданды. Әсіресе «Almaz Medical Group» орталығы бойынша өте көп шағымдар айтылады. Сонымен бірге қалалық №9, №6 емханаға қатысты арыз-шағымдар да аз емес. Бірақ хаттың кері байланысы бойынша зерделеу жұмысы жүргізіліп, кемшіліктер уақытында жойылуда.
– Қазіргі таңда медициналық ешқандай білімі болмаса да өздері диагноз қойып, биологиялық белсенді заттарды ұсынатын компаниялар көбейіп кетті. Кейбір азаматтардан осы фирмалардың дәрумендерін ішіп, жазылып кеткендерін де естіп жатамыз. Тіпті біреулер ауырып-сырқамаса да қорап-қорап қылып сатып алып, қабылдап жатады. Бұған не айтар едіңіз?
– Денсаулық сақтау министрлігінің талаптары бойынша, әрбір емдік дәрі-дәрмек немесе биологиялық белсенді заттар Қазақстанға кіруі үшін олардың мемлекеттік тіркеуден өтуге рұқсаты болуы керек. Қазір олардың елімізге рұқсатпен кіріп жатқаны да бар, рұқсаты жоқ, заңды белден басып келіп жатқандары да бар.
Медицина ғылымдарының кандидаты ретінде, жоғары санатты дәрігер ретінде биологиялық белсенді заттарды емдеуші дәрі деп есептемеймін. Дәлелді медицинада расталмаған. Яғни ешқандай ауруды емдемейді. Оларды тек адамның ағзасын жақсарту үшін қосымша қолдау беретін қоректік зат ретінде білемін. Егер адамның дені сау болса, ондай дәрумендер мен қоспаларды қабылдаудың қажеті жоқ. Тіпті дәріханалардың өзінде сатылатын дәрумендердің қорабында «талдау нәтижелерінсіз ішуге болмайды» деп жазылады. Министрліктің талаптарынан өткен кез келген дәрі өнімінің өзінде де сондай ескертулер жазылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала