Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Төрт күндік жұмыс аптасы тиімді ме?

Төрт күндік жұмыс аптасы тиімді ме?
ашық дереккөз
Төрт күндік жұмыс аптасы тиімді ме?
Биылдан бастап елімізде жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім негізінде төрт күндік жұмыс аптасы тәжірибесі енгізілуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге осындай өзгерістер енгізуді ұсынды. «Төрт күндік жұмыс аптасы енгізіледі екен» деген хабарды жаңалықтардан естігенде елең етпеген жан болмаған шығар. Мұндай өзгерістердің артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап көрген халықтың пікірі сан-саққа жүгірді. Жалпы төрт күндік жұмыстың тиімділігі бар ма? Осы сауалға жауап іздеп көрсек.

Жаңа жұмыс кестесінің ережелері қандай?

Жұмыс аптасына қатысты өзгерістер 2023 жылдың 6 қаңтарында Парламент Мәжілісіне берілген Еңбек кодексіне толықтырулар енгізуді көздейтін әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң жобасында қарастырылған. Депутаттар талқылауына берілген құжатта ҚР Еңбек кодексінің «Жұмыс уақыты және оның түрлері» бабына өзгеріс енгізу ұсынылған. «Тараптардың келісуі бойынша еңбек шартында 5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен 4 күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі. Толық емес жұмыс күнімен (ауысыммен) немесе толық емес жұмыс аптасымен жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақытының балансы бойынша жұмыс сағаттарының қалыпты саны тиісінше азаяды», деп жазылған құжатта. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған түсіндірме құжатта 4 күндік жұмыс кестесімен қызмет ететіндерге үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленбейтіні жазылған. «Толық емес жұмыс күні (ауысым) немесе толық емес жұмыс аптасында жұмыс істейтін қызметкерлерге үстеме жұмыстарға ақы төленбейді. Мысалы, қызметкер бес күндік жұмыс аптасында күніне 4 сағат жұмыс істейді. Алайда бір ай ішінде өндірістік қажеттілікке байланысты қызметкер 3 рет жұмыста қалып, 6 сағаттан жұмыс істейді. Айдың соңында жұмыс беруші бұл қызметкерге үстемеақы төлемейді. Өйткені жұмыс уақытының балансына сәйкес бес күндік сағат нормасы 144 сағатты құрайды және жұмыс режиміне сәйкес оны азайту қарастырылмаған. Осыған байланысты жұмыс уақытының теңгерімінде көзделген уақыт нормасы қолданылатын жұмыс режиміне пропорционалды түрде азайтылуы тиіс екенін заңнамалық түрде бекіту ұсынылады», деп көрсетілген Мәжілістің қарауына берілген заң жобасында. Министрлік дерегінше, толық емес жұмыс кестесімен қызмет ету жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығына, еңбек өтілін есептеуге әсер етпейді. Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Жанат Мұхатаеваның айтуынша, заң негізінде жекелеген өндірістерде әртүрлі апталарда бір мезгілде бес күндік және төрт күндік жұмыс аптасын белгілеу қажеттілігі туындайды. – «Жұмыс уақыты» деген 71-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылады: «Еңбек шартында тараптардың келісімі бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі»; Осыған байланысты 78-баптың 2-тармағы «Үстеме жұмыстардың шекті саны» 4, 5 күндік жұмыс аптасына бөлінеді: «2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында айына 12 сағаттан, ал жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жылына 120 сағаттан аспауға тиіс». Тиісінше 84-бапта демалыс күндері төрт күндік жұмыс кестесіне белгіленген. Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасында жалпы демалыс күні жексенбі болып саналады. Бес күндік және төрт күндік жұмыс аптасы бар екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартпен немесе еңбек тәртібімен белгіленеді. Бес күндік жұмыс кестесімен бір апта, екінші апта төрт күндік жұмыс аптасымен жұмыс істеу сияқты жұмыс кестесін қолдануға болады. Бұл тәжірибе кеңсе қызметкерлеріне қолданылады және еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Алайда мұндай графикпен мәңгі жұмыс істей алмайсыз. Яғни қызметкер мен жұмыс беруші келісіп, бір ай 4 күннен, бір ай 6 күннен жұмыс істесе болады. Мұндай өзгеріс қашан күшіне енетіні белгісіз. Бір анығы, Еңбек кодексі туралы құжат Мәжіліс қарауында. Бес күндік жұмыс кестесінің жылдық нормасы – 1 960 сағат. Сәйкесінше мына төрт күндік жұмыс аптасына көшкен кезде жылдық норма сақталады. Жалақысына тоқталатын болсақ, Еңбек кодексіне сәйкес жалақы құны азаматтардың белгілі бір жұмысына, оның көлеміне, біліктілік талабына сайкес төленеді. Яғни бұл жерде де жалақы сақталады, – дейді Жанат Жетібайқызы. Еңбек кодексіндегі тағы бір жаңашылдық – еңбекке уақытша жарамсыздық үшін төленетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Яғни бұрын оның сомасы 45 мың теңге болса, енді шамамен 86 мың теңгеге көтерілді. Мәселен, сіз денсаулығыңызға байланысты төрт күн жұмысқа келе алмадыңыз. Сәйкесінше сіздің сол айдағы жалақыңыз жалпы қалыпты алып жүрген жалақыңыздан сәл төмендеу болуы мүмкін. Бірақ жұмысқа жарамсыздық қағазы арқылы шығынды толтырады. Осылайша сізге 86 мың теңгеге дейін жәрдемақы беріледі.

Халық не дейді?

Тұрғындар пікіріне тоқталмас бұрын, ең алдымен, жаңа жұмыс кестесінің қоғамға тигізер оң әсері мен артықшылықтарын айтып өтсек. Сарапшылардың пайымынша, төрт күндік жұмыс кестесі енгізілсе, біріншіден, жұмыскерлердің эмоционалдық жағдайы түзелетін көрінеді. Кәсіпорындардың 78 пайызында жұмысшылардың бұрынғыдан да бақыттырақ, 70 пайызында күйзелістерге төзімдірек бола түскені, ал 62 пайызында жұмыста отырып ауырған адамдар қатары азайғаны байқалған. Сондай-ақ экология да тазара түскен. Жұмыс кестесінің қысқаруына байланысты жұмыс орны мен кеңселеріне баруды азайтқаннан қоршаған ортаға автокөлік құралдарынан келетін қалдықтар кеміген. Сонымен қатар шығындарды үнемдеуде де мұның пайдасы мол екен. Қосымша жұмыс күнінің пайдалы қазба өндірушілер, көлік және көліктік кәсіпорындарға қатысы болуы тиіс. Сондықтан бұл жаңашылдықта экономикалық тұралау да бар сияқты. Төрт күндік жұмыс күніне қатысты қоғамдық пікір де екіге жарылды. Бір тарап «жаңа тәжірибе қызметкер үшін тиімді» десе, екінші жақ «жаңа заңнан ұтар тұсымыз жоқ» деп санайды. Мәселен, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Шәріпбек жаңа заңды қолдайды. – Мұндай тәжірибе көптеген мемлекетте бар және ол халықаралық еңбек стандарттарына сәйкес келеді. Біздің елде де «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жоба әзірленді. Қазіргі уақытта бұл жоба кеңінен талқылануда. Осы орайда төрт күндік жұмыс аптасының форматы Қазақстанның еңбек нарығы жүйесінде өте қолайлы деп санаймын. Бірақ мекемелердің барлығы бірдей бірден төрт күндік жұмыс аптасына ауысады деген сөз емес. Жұмыс берушінің қалауына қарай бес және алты күндік жұмыс кестесі сақтала береді. Бұл шаралар жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығына және еңбек өтілін есептеуге әсер етпейді. Меніңше, қызметтің мұндай форматы егде жастағы, ата-анасы, кішкентай балалары бар қызметкерлерге қолайлы әрі тиімді болады. Бұл жерде жұмыстың атқарылатын уақыты емес, оның сапасы маңызды. Егер қызметкердің білімі, біліктілігі жетік болса, жұмыс режимі еш кедергі жасамаса, жүктелген міндетін төрт күн аралығында да атқаруға болады, – дейді ол. Қала тұрғыны Мақсат Шораев төрт күндік жұмыс кестесінің тиімсіз жақтарына да назар аудару қажет екендігін еске салды. – Жұмыс аптасын қысқартқанмен, оның тиімділігі болмайды деген пікірдемін. Себебі әлеуметтік, экономикалық маңызы бар қызметтерге мұндай жұмыс формасы сәйкес келмейді. Жаңа жүйені енгізуден кейін еңбек өнімділігі төмендейді. Жұмыс аптасы қысқарса, жұмыс күндері қызметкерлер керісінше тез шаршауы мүмкін. Қызметкерлер тапсырманы бес күннің орнына төрт күнде орындау қажеттілігінен күйзеліске ұшырайды деп ойлаймын. Адам үйге әдеттегіден кешірек келеді. Сондықтан төрт күн жұмыс атқаратын адамның өзіне немесе туыстарына жұмсайтын уақыты қысқарады. Сол себептен 5 күндік жұмыс аптасының сақталғаны дұрыс деп ойлаймын, – деді ол. Ал дәрігерлердің айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасы азаматтардың денсаулығына назар аударуына, кәсіби тұрғыда дамуына, жұмыс тиімділігінің артуына оң ықпал етеді. Себебі көп қызметкерлер үнемі жетістікке жетемін деп уақыт өткен сайын қажып, стреске түсіп жатады екен. Төрт күндік жұмыс кестесі енгізілген жағдайда бос уақыты артқан жұмысшылар отбасына көбірек көңіл бөліп, спортпен жиі шұғылдануына мүмкіндік алған. Елімізге белгілі дәрігер, академик Жақсылық Досқалиев: «Адам демалған кезде, біріншіден, миын тынықтырады. Істеріне байыппен қарап, ақылға салады. Осының нәтижесінде тыныққан жұмысшы инновацияға ұмтылып, жаңашылдықтарды жүзеге асыруға тырысар еді. Бұл өз кезегінде адамның өмір жасын ұзарта түсуге де керек. Әрине, қосымша демалыс тек саламатты өмір салтын ұстануға ғана жұмсалуы тиіс», деген пікір білдірген. Ж.Досқалиев өз сөзінде ұзақ жұмыс күнінің салдарынан әлемде жыл сайын 700 мың адамның түрлі ауруға ұшырайтынын мысалға келтірді. Ал төрт күн жұмыс істеп, 3 күн демалатын Исландия, Жапония халқы бізге қарағанда ұзақ өмір сүреді.

Әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар

Тарихқа көз салсақ, бұл режим өткен ғасырда пайда болыпты. Англиялық «Roundpay Metal Finishers» компаниясы 1965 жылы аптасына төрт күндік жұмыс режимін енгізген. Аптадағы жұмыс күнін қысқарту арқылы компания басшылығы әлеуметтік және коммуналдық шығынды азайтпақ болыпты. Бірақ аптасына 40 сағат жұмыс сақталған, яғни жұмадағы уақыт қалған күндерге бөлінген. Компания сол кездегі есебінде бұл тәжірибе сәтті болғанын жазған. Кейін мұндай бастаманы көптеген ірі компаниялар да қолданып көріпті. Төрт күндік жұмыс режиміне қатысты түрлі ақпараттық басылым көздерінде жарияланған мақалаларға зер салып көрген едік. Осыдан екі жыл бұрын пандемия өршіп тұрған кездерде дәстүрлі форматта жұмыс істеудің кемшіліктері байқалды. Қиын жағдайға байланысты Жаңа Зеландия, Жапония мен Ұлыбритания елдері төрт күндік жұмыс аптасына көшудің жолдарын қарастыра бастады. Олардың бұл мәселеге деген қызығушылығын оятқан – «Microsoft» компаниясының Жапониядағы филиалының зерттеу нәтижесі. Аталған компания 4 күндік жұмыс аптасына көшкеннен кейін қызметкерлердің өндірістік қуаты 40 пайызға артып, электр мен жылуға кеткен қаражат үнемделген. Қағаз да аз жұмсалған. Жұмысшылар бұрынғыдан 25 пайызға аз сұраныпты. Тарқатып айтсақ, Жаңа Зеландиядағы «Perpetual Guardian» компаниясының 240 қызметкері аптасына төрт күн 30 сағат жұмыс істеуге көшкен. Нәтижесінде жұмыс уақыты азайған қызметкерлер көп пайда түсіре бастаған. Яғни жұмысшылар белсенді бола түскен. Жұмыс барысындағы кездесулер де азайған. Себебі қызметкер барлық міндетін орындау үшін уақытты үнемдеуге көшкен. Сонымен қатар қызметкерлердің күйзеліске түсуі 45-тен 38 пайызға кеміген. Ал жұмыс пен жеке өмір арасындағы үйлесім 54-тен 78 пайызға артқан. Осы тәжірибені бағалағаннан кейін компания толығымен төрт күндік жұмыс аптасына ауысқан. Бірақ барлық қызметкердің жалақысы сақталған. Өндіріс деңгейі көтеріліп, табыс қысқармаған, есесіне компания энергия, коммуналдық шығынын азайтыпты. Жаңа Зеландияның еңбек министрі Йен Лис-Гэлоуи бұл бастамаға жоғары баға берген. Аптасына төрт күн жұмыс істейтін елдердің кестесі келесідегідей: Нидерландия – аптасына небәрі 29,3 сағат, Дания – 32,4, Норвегия – 33,8, Германия – 34,3, ал Швейцария 34,4 сағат еңбек етеді. Аталған елдерде енгізілген тәжірибенің тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Көріп отырғаныңыздай, қызметкерлердің әл-ауқатына Скандинавия мен Солтүстік Еуропа елдері көбірек мән береді. Бұл бастама елімізде төрт күндік жұмыс аптасына көшу үшін жасалған алғашқы талпыныс емес. Қазақстанда 2014 жылы кейбір компаниялар 40 сағаттық апталық жұмыс режимін 32 сағатқа түсіріп көрген. Дегенмен кейбір зерттеушілер бұл халық саны аз елдер үшін тиімсіз болуы мүмкін дегенді айтады. Оның үстіне қағазбастылық, кеңсеге байлану мәселесі шешілмей, бірден жұмыс күнін қысқартып тастауға ерте деген көзқарас бар. Сарапқа салып көрсек, аптасына 4 күн еңбек етудің артықшылығы да, кемшілігі де бар секілді. Әзірге ел тұрғындарының пікірі бір арнаға тоғыспай тұр. Бәлкім, қалыптасқан стереотиптер кедергі шығар. Десе де заңға енген өзгертулер қабылданып, төрт күндік жұмыс кестесі бекітілетін күннің де ауылы алыс емес. Не болса да адам жұмыс істеу үшін өмір сүрмейтінін ұмытпаған жөн.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар