Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Сергек» желтоқсан айында іске қосылады

«Сергек» желтоқсан айында іске қосылады
ашық дереккөз
«Сергек» желтоқсан айында іске қосылады
«Жол – экономиканың күретамыры». Қазір бұрынғыдай жолаушыны зәрезап еткен, шұрық – тесік, ойдым-ойдым жолдардың қатары айтарлықтай азайған. Жыл өткен сайын ел мен елді, ауыл мен қаланы жалғайтын тозығы жеткен жолдар қазірде қайта қалпына келтіріліп, тақтайдай тегіс мәнге ие болып келе жатыр. Бұл экономика еңсе тіктегелі бері еліміздің түкпір-түкпірінде жол құрылысын жүргізу жіті қолға алынып, оның сапасының да талапқа сай болуы баса назарда ұсталынуының жемісі.  Жалпы, жыл сайын өңірімізде жүздеген, мыңдаған шақырым жол жөндеуден өтеді. Облыста 4376 шақырым автомобиль жолдары бар болса, оның ішінде 1237 шақырымы республикалық 1756 шақырым, облыстық 1383 шақырымы аудандық мәнге ие жолдар. Бұдан бөлек 5662 шақырым елді мекен көшелері бар. Биыл республикалық және жергілікті бюджетті қосқанда жол саласына барлығы 16,2 миллиард теңге бөлініпті. Аталған қаржы есебінен Тараз қаласында 9,4 шақырым жол қайта жаңғыртылса, облыстық маңызы бар 194,1 шақырым аудандық мәндегі 53,6 шақырым жол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қоса алғанда 357,5 шақырым елді мекен көшелері жөнделіпті. Бұл шаруаның атқарылуына өңірдегі 252 жол жөндеу жобасының іске асырылуы арқау болған екен. Осы жылдың 8 айында жоспардағы 605,2 шақырым жолдың 338 шақырымына (55 пайыз) жаңа асфальт төселіпті. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішінің межесі 97 пайыз болса, (2021 жылы 95 пайыз) оның ішінде 50 пайызы жақсы, 45 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екенін айтады. Елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті қазір 82 пайызға жеткізу көзделсе керек. Былтыр бұл көрсеткіш 79,2 пайызды құраған екен. Дегенмен жол салып жатқан кей мердігерлердің жолдың сапасына мән бермейтіні оқта-текте болса да қоғам тарапынан айтылып қалып жүр. Қазір басқарма тарапынан бұған жол бермеу басты назарға алынған сыңайлы. Бұл туралы Б.Жәнібеков: «Жол жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында «Жол активтерінің Сапа орталығымен» келісімшарт жасасуға жергілікті бюджеттен жалпы 119 миллион теңге бөлінді. Осы мекемемен бірлесіп, құрылысы жүріп жатқан жолдардың сапасын зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Зерделеу жұмыстары әлеуметтік желілерде тікелей эфирде жарияланып, халық нақты ақпаратпен, яғни ашықтықпен қамтамасыз етілуде. Жыл басынан «Жол активтерінің Сапа орталығымен» бірлескен 557 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 1195 сынама алынды. Нәтижесінде тиісті тарапқа 152 ескерту беріліп, кемшілікті жою бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бекітілген бірлескен іс-шараларға сәйкес облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулерді жүргізу жұмыстары жалғасуда. Дегенмен ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалуынан автожолдардың мерзімінен бұрын тозу фактілері толастамай тұр. Инспекцияда жылжымалы бекеттер санының жетіспеуінен жергілікті жолдар өз деңгейінде бақыланбай жатыр. Бұл бағытта жағдай түзелген жоқ. Әйтсе де жылдың 6 айында жылжымалы көліктік бақылау постарында 69 әкімшілік хаттамалар толтырылып, кінәлілерге 4 миллион теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке бүгінде 3 миллион 300 мың теңге өндірілді», – дейді. Темір тұлпар тізгіндегендердің кейбірі тақтайдай тегіс жолға түскенде жүйріктей жүйткитіні белгілі. Ал жылдамдықты белгіленген межеден асырудың, қасақана жол ережесін бұзудың соңы жол апатына ұрындыратыны анық. Бұл тұрғыда да басқарма тарапынан атқарылып жатқан шаруалар аз емес көрінеді. Соның бірі – «Сергек» камерасын орнату. – Бүгінгі таңда «Тараз қаласындағы зияткерлік қауіпсіздік жүйесі және жол трафигін талдау – «Сергек» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру аясында бекітілген адрестік бағдарламаға сәйкес, жеке әріптес тарапынан 130 нысанда 413 дана жалпы бейнебақылау камерасы орнатылып, оның 165-і іске қосылды. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтау осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Жүйе толық іске қосылғаннан кейін ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Мемлекеттік техникалық қызметінің ақпараттық қауіпсіздік жүйесі талаптарына сәйкестік рәсімдері жүргізіліп, осы жылдың желтоқсанында нысанды пайдалануға беру көзделуде, – дейді Бақытжан Оразалыұлы. Тараз қаласында іске асырылатын бұл жобаның құны 5 230 418 теңге болса, іске асыру кезеңі 2022-2027 жылдар аралығы. Мемлекеттік-жекешелік объектісін құрудың жалпы кезеңі 9 ай екен. Нысан 60 ай пайдаланылатын көрінеді. Жобаның негізгі техникалық-экономикалық параметрлеріне келсек, 35 желілік учаскедегі мен 13 қиылыста аппараттық-бағдарламалық кешен орнатып, 450 нысанға 1250 жалпы бейнебақылау камераларын қою, деректерді өңдеу және талдау орталығы, деректерді өңдеуге және талдауға арналған серверлер, деректерді сақтау жүйесі, коммутациялық және маршруттаушы жабдықпен қамту көзделген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар