Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЦИФРЛЫҚ АУТИЗМ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

ЦИФРЛЫҚ АУТИЗМ АЛАҢДАТЫП ОТЫР
ашық дереккөз
ЦИФРЛЫҚ АУТИЗМ АЛАҢДАТЫП ОТЫР
Әлем ғалымдары теледидар, ноутбук, смартфон мен планшеттердің алдында тым көп уақыт өткізетін балалардың көпшілігінде аутизмге тән белгілер бар деген қорытындыға келді. Бұл құбылыс виртуалды аутизм немесе электронды экрандар тудыратын цифрлық аутизм ретінде сипатталуда. Цифрлық аутизм – баланың ұялы телефонға ерте (2-3) жастан бастап тәуелді болуы. Бастапқыда бала психологиялық тұрғыдан қалыпты дамып, айналасында болып жатқан жайттарға уақытында назар аударады. Барлық сәби сияқты қоршаған ортамен араласып, білімін жан-жақты толықтырады. Бірақ уақыт өте келе ұялы телефонға байланып, шынайы достарын виртуалды әлемдегі кейіпкерлер алмастырады. Осылайша біртіндеп басқалармен қарым-қатынасқа түсуі азаяды. Тіпті кейбір балалар атын атап шақырып жатқанда естімегендей отыра беретін күйге түседі. Яғни бұл аутизм түрінің пайда болуының басты себебі – ересектер тарапынан шектеудің болмауы екенін айтады мамандар. Әлемді алаңдатқан дерт елімізге де ақырындап дендеп еніп келеді. Бұл жөнінде сенатор Нұртөре Жүсіп Сенаттың жуырда өткен жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында: «Ғалымдардың айтуынша, аутизм – «ХХ ғасырдың обасы». Ал цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті» деген болатын. Депутат қазіргі таңда бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да цифрлық аутизм белгілері байқала бастағанын атап өтті. Балалар смартфонды ұзақ ұстауының салдарынан есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр. Олардың өз бетінше ойлауы, ұзақ мәтіндерді қабылдауы, айналаға назар аударуы қиынға соғып отыр. «Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елестете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді», деді депутат. Сенатор гаджетизация мен заманауи технологияға қарсы тұру да дұрыс емес екенін айтты. Депутат осыған байланысты мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитеттеріне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтып беруін ұсынды. Сонымен қатар сенатор өскелең ұрпақтың денсаулығына бақылау жүргізуге тікелей байланысты ұсыныстарын да ортаға салды. «Үкіметке жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беруді, Алматы қаласындағы А.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салуды ұсынамыз. Сонымен қатар логопед және офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейткен маңызды», деді Нұртөре Жүсіп. Сенатордың сөзін Тараз қалалық №14 балабақшаның меңгерушісі Назира Нұрбекова да құптайды. Балабақша меңгерушісі баланың гаджетке әуестігі анасының құрсағында жатқанда пайда болатынын айтады. – Балалар аутизмінің көбеюі жайлы жуырда Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған онлайн жиында да сөз болған еді. Жалпы аутизм бала ананың құрсағында жатқан кезден бастап пайда болады деп ойлаймын. Себебі аяғы ауыр әйелдердің көбі смартфонда отырады. Ол балаға әсер етеді. Ондай балалардың тілі кеш шығады. «Баламның тілі неге шықпай жатыр?» деп, баласы балабақша жасына жеткенде ғана ата-анасы уайымдай бастайды. Тіпті кейбірі анасының да, әкесінің де кеш сөйлегенін алға тартып, сөйлеп кетеді деп аса мән бермейді. Бірақ бала 1 жаста өзінің жас ерекшелігіне байланысты тиісті бірнеше сөз айта білуі керек. 2 жаста одан көбірек білуі керек. Мен қызмет ететін балабақшада 4-5 жаста әлі тілі шықпаған балалар бар. Біздің балабақшаға сөйлемек түгіл, дұрыс тамақ іше алмайтын да балалар келеді. Таңғы ас берсек ішпейді, нан жемейді. Сөйтсек, ол балалар тек ішіне айран немесе басқа сұйық тамақ құйылған бөтелкені ғана солқылдатып ішеді екен. Білесіздер ме, олар түйір тамақты шайнауды білмейді. Ата-аналардан сұрастырып көрсем, көбісі баланың алдына смартфонын қойып беріп, қолына бөтелкені ұстата салады екен. Телефонға үңілген бала ондағы қимылдарға кіріп кеткені сонша, не ішіп жатқанын білмейді де. Тісі шыққан бала түйір тамақты шайнап, дәмін сезініп жей алмаса не болғаны?! Қазіргі таңда балабақшаға шамамен 20 бала келеді десек, үш-төртеуі мен айтқандай сөйлемек түгіл, тамақ ішуді білмейтін балалар, – дейді Назира Омарханқызы. 2022 жылы Тараз қаласында ашылған «Асыл-Мирас» аутизм орталығына бүгінге дейін аутистік спектр бұзылысы бар (аутизм) 414 бала тіркелген. Оның 302-сі Тараз қаласынан, 112 бала аудандардан тіркелген. Екі ауысыммен жұмыс істейтін орталықта бір күнде 150 бала түзету көмегін алады. Ал қазіргі таңда аутистік спектр бұзылысы бар 220 бала аптасына 3 рет сабақ кестесіне сәйкес 1 сағаттан түзету көмектерін алады екен. Орталық басшысының орынбасары Сымбат Кеңесханқызының айтуынша, бүгінгі таңда аутизмге шалдыққандар саны едәуір көбейген. Оған цифрлық технологияның себепші болып жатқанын жасырмайды. – Біздің мекемеге психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысымен көбіне қарым-қатынасы мен әлеуметтік өзара әрекеттестіктің бұзылу белгілері бар деген диагнозбен келеді. Және оған қоса психикалық дамудың тежелуі және коммуникативтік бұзылыстарға байланысты сөйлеу тілінің ерекшеліктерінің дамуы диагнозы бекітіледі. Яғни «Цифрлық аутизм» деген заманауи дерттің әлі толық зерттелмеуіне байланысты диагноз ретінде қойылмайды. Цифрлық аутизмнің классикалық аутизмнен айырмашылығы оның жүре пайда болуында. Сонымен бірге аутизмнің мұндай заманауи түрі гаджеттерді көп қолдануына қатысты айтылады. Бұл жерде сандық аутизм дерті мультимедиялық плазмалар, планшеттер, смартфондарды көп ұстаған бала бойында одан сайын дами бастайды. Өкінішке қарай, аутистік спектр бұзылысы бар балалар көбейіп жатыр. Оған көбіне жоғарыда айтқан цифрлық технологияның үлесі бар екенін жасырмаймыз, – дейді маман. Қазір бала емес, ересек адамдардың өзі қанша уақытын телефонда жоғалтып жатқанын байқамайды. Әлеуметтік желіге 1-2 минутқа ғана кіреміз дегенімізбен, байқамай 3-4 сағатымызды сарп етіп жататынымыз жасырын емес. Әлеуметтік желіде берілген ақпараттың басты мақсаты да сол – адамды ұялы телефонға жіпсіз байлау. Баламызды смартфоннан ажырату үшін алдымен өзіміз оны аз қолданып, уақытымызды пайдалы іске жұмсауымыз керек. Ал бала ата-анасынан көргенін істейді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар