Балақайлар бақ сынасты
Қаратау қаласындағы «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасы аудандағы оқу-тәрбие жұмысы жан-жақты қамтылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бірі саналады.
Осы «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасында тағы бір елең еткізер шара өз мәресіне жетті. Бұл жолы мұнда әншілік, бишілік, сазгерлік, ақындық өнері бойынша бүлдіршіндер отбасымен бірге өнер сайысына түскен еді. «Кішкентай жұлдыздар» деп аталатын бөбекжайішілік шығармашыл балалар байқауына өнерді серік еткен алты бүлдіршін ата-анасымен бірге қатысып, мықтылар анықталды.
Өнер сайысының алдында сөз сөйлеген бөбекжай-балабақша меңгерушісі Ләззат Сейдалиева жүрегі лүпілдеп, үміті желкілдеп, үкісі үлпілдеген кішкентай жұлдыздарға сәттілік тіледі. Оларды қанаттандыратын ой қозғап, бүлдіршіндермен бірге өнер көрсетуге келген ата-аналарға алғыс білдірді.
Бұл сайыста әр топтан қатысқан балақайлар анасы, әжесі, әкесімен бірге жеңіске деген құштарлықтарын танытып, көрермендердің ықыласына бөленді. Әсіресе І кезең бойынша еркін биден өнер көрсеткен бүлдіршін Альтаир Жидебай мен оның анасы Жаннұр Жидебаеваның «Үнді биі», бүлдіршін Амира Марат пен анасы Сәлима Әбілханның «Қара жорға» биі көпшілікті бір серпілтіп тастады.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...» демекші, байқауға қатысқан «кішкентай жұлдыздардың» өнері бір-бірінен асып түсіп жатты. Ән өнері тіпті тартысты өтті деуге болады. «Қызғалдақ» тобының тәрбиеленушісі Альбина Абзалқызы мен анасы Роза Сүйіндікова орындаған «Атамекен» әні көпшілікті үлкен әсерге бөлесе, «Алтын бесік» тобының бүлдіршіні Алиасқар Ализах пен оның әкесі Бауыржан Дүйсенәлиев орындаған «Әкем-әнім» әні сахна төрінде қалқып, тыңдармандар жүрегінен орын алғаны анық. Сондай-ақ осы жұптың орындауындағы «Тамаша» әні де көрермендердің ду қол шапалақтауына ұласып, екі әнші көпшіліктің көзайымына айналды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, байқаудың бас жүлдесіне бүлдіршін Алиасқар Ализах пен әкесі Бауыржан Дүйсеналиев лайық деп танылды. Қалған өнер иелері де сый-сияпатсыз қалған жоқ. Бәрі де жүлде иелері атанды.
Осы жерде балаларды ән өнеріне баулып жүрген бөбекжай-балабақшаның саз пәні жетекшісі Галина Вид, хореограф Айжан Айтбаева, әдіскер Гұлнұр Сапақова және «Алтын бесік» тобының тәрбиешісі Гүлзат Науанованың еңбегі зор.
Жаңыл БЕКТАЕВА, «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі, Талас ауданы