«Қазақ» газеті және ұлт зиялылары
ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық рухын көтерген «Қазақ» газетін зиялы қауым өкілдерінің топ бастаушысы, ұлттың ұлттығын сақтауда бар күшін салған ұлт ұстазы, күрескер ақын, қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының империялық биліктің қысаң саясатына қарамастан шығарып, қазақ ұлт интеллигенциясымен бірге өткір мәселелерді көтеріп, қаншама қиыншылық көрсе де басылымды шашауын шығармай шығарып отыруы ерлік іспеттес.
Ахмет Байтұрсынұлы бес жылдай өмірін осы «Қазаққа» қиды. Газеттің мазмұнды болуына ерекше мән берді. Қазақ халқы үшін сол кездерде құлағы, үні, тілі болып, айналасына ұлт болашағын ойлаған қазақ азаматтарын біріктіре білген «Қазақ» газетін Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың жан жарасына айналған жер, тіл, дін, оқу және тағы басқа мәселелерді көтеретін басылымға айналдырды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығаруға 1913 жылдың 5 қаңтарында Орынбор генерал-губернаторының рұқсатын алды. Газеттің алғашқы нөмірі сол жылы 2 ақпанда Орынбордағы «Кәрімов, Хұсайыновтар баспаханасында» басылып шықты. Газеттің бір жыл болуына орай жарияланған «2-нші феурал» деген бас мақалада тәуекел деп газет шығаруды бастағанда небәрі 750 сом ғана қаражат болғанын, жабылуға шақ қалғанда жұрт болып жабылып көтермелеп басылымның жабылып қалмауына жәрдем бергенін, одан әрі халық игілігіне қызмет етуге жол ашқандығын айта келе: «Жұрт азаматтарының бірсыпырасы пұл жағынан, бірсыпырасы қаламмен білім жағынан, бірсыпырасы екі жағынан да жәрдем етті», деп, «Қазақ» атынан алғыс білдірген.
Басылымда алғашқы санынан бастап аса маңызды деген қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелері көтеріліп, соның төңірегінде пікірталастар туындаттырып отырды. «Қазақ» алғашқы санында алдағы уақытта «Құрметті оқушылар!» деп аталған мақаласында, біріншіден, оқырмандарын дүниеде болып жатқан істермен, айтылып жатқан сөздермен таныстыруға, екіншіден, басылымға әлеумет басына қызмет еткен білімді, пікірі көп көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдары басшылық жасап тұратындығын, үшіншіден, бұл басылымның халыққа білім таратушы, төртіншіден, халықтың даушысы бола алатындығын сеніммен жеткізді. Сөйтіп, қазақтың әрбір халінен хабар беріп, құлақтандырып отыруды өзінің міндетіне алды. Газеттің не үшін «Қазақ» деп аталуының мәнісін «аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты» деп түсіндіре, басылымның ұлт үшін қызмет ететіндігін жеткізе, бірлесе қызмет етуге шақырған еді.
«Қазақ» газетін ұлттық деңгейге көтеріп, ел жанашыры болған, оның тоқтаусыз 1913-1918 жылдар аралығында жарық көруіне, оның тартымды да маңызды болуына қыруар еңбек еткен Ахметтей адамдар дүниеге бір рет қана келері сөзсіз. Ахаң ұйымдастырған «Қазақтың» біз білетін 266 саны жарық көріпті. Алғашқы жылдары «Қазақтың» 44 (1-44) нөмірі, 1914 жылы – 47 (45-92), ал 1915 жылы – 70 (93-163), 1916 жылы – 57 (164-211), 1917 жылы – 69 (212-257), 1918 жылы 8 (258-266) нөмірі шыққан. Газетке жазылу бағасы бір жылға – 3 сом, жарты жылға – 1 сом 45 тиын, үш айға – 1 сом, ал жеке сатылуы 5 тиын болды. Бастапқыда газеттің төрт нөмірі «Қазақ» деген жазумен шықса, бесінші санынан бастап киіз үйдің суреті салынып, оның етегіне «Қазақ» деп айшықталып жазылып, 4 бет көлемінде басылып, аптасына бір рет, 14 түрлі бағдарламамен шығуды көздеді.
Қиын-қыстау уақытта «Қазақтай» басылымды жарыққа шығаруды 1913 жылдан бастап 1917 жылдың қыркүйегіне дейін Ахмет Байтұрсынұлы абыроймен атқара білді. «Қазақ» бетінде сыни, өткір мақалаларды жариялағаны үшін оған ақшалай айыппұл салынды. 1928 жылы жазған өмірбаянында Ахмет Байтұрсынұлы: «1913 жылы «Қазақ» газетінің ашылуын ұйымдастырдым, оның редакторы ретінде қызмет атқардым. Аталмыш газетті редакциялап жүргенде бірнеше мәрте әкімшілік жолымен айып тартып, тұтқындалдым. Сондай-ақ Қарқаралы стансалық приставының пошта абыройын төгетін мағлұматтарды баспасөзге шығарды деп айыптауына байланысты ісім сотқа берілді. 1917 жылдың соңына дейін редактор болып істедім», деп жазады. Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына орай жарияланған өмірбаяндық очеркінде Міржақып Дулатов оның «Қазақ» газетін шығарудағы ерекше еңбегін бағалай отырып, газет өзінің өмір сүрген жылдары елдегі келеңсіз жайттарды, парақорлықты, алаяқтықты айқын сынға алғаны үшін бірнеше рет патша әкімшілігі тарапынан салынған айыппұлды төлеуге мәжбүр болғанын келтірген болатын. Сөйтіп, «Қазақ» патша әкімшілігінің қатаң бақылауына ілігіп, әрбір жарияланған мақалалар жіті тексерілді.
«Қазақтың» халық үшін атқарар ұлттық маңыздылығын көре білген Ахметтің қасында Әлихандай ақылшы, демеушісі, Міржақыптай серігі болды. Ол газеттің шығуына қыруар күш жұмсады. Ахмет Байтұрсынұлымен бірге басылым бетіне сыни мақалаларды батыл түрде жариялап отырды.
«Қазақтың» шығуына оның бастырушысы болған Мұстафа Оразаев көп еңбек сіңірген. Бұхара қаласындағы діни медреседе, Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алған Мұстафа «Қазақ» газетін шығару ісінде ұйымдастырушылардың бірі болса, әкесі Ахмет ишан газетті шығаруға қаржылай көмек көрсетіп, оқу-ағарту ісіне арнап мақала жариялаған. Сөйтіп, газет бірінші санынан 46 санына дейін Мұстафа Оразаевтың қаражатымен шығып тұрса, ал 47 нөмірінен бастап газеттің басылуын «Азамат» серіктігі қолына алған. «Азамат» серіктігінің құрылуының себебін редакторлар Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов «Қазақтың» 1913 жылы 15 желтоқсандағы 42 санына жариялаған «Алаш азаматтарына» деген мақалаларында газет шығаруда қаражат мәселесінің қиындық туғызып тұрғандығынан, осы серіктікті құрып, соған Алаш азаматтарымен серіктесіп оны шығаруға бет алып отырғандығынан дейді.
Серіктестіктің басты мақсаты «Қазақ» газетін аяғынан нық бастырту болып, оған мүше болып кіретіндер 100 сом жарна төлеуге тиіс болды. Жұрт арасында алыпқашпа сөздер туындамас үшін серіктестік жарна төлеудің мәнісін «ақша өсіріп, серіктестерді байыту емес, істеген істің жұртқа пайдалы болуы, ақша жағына сол пайдалы істерді істеуге, күш, қуат болуға қаражат нәрсе мағынасында қарастырылады» деп түсіндіріп, оған кіретін адамдарды жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен серіктес болуға шақырған.
«Қазақтың» жарық көруін қазақ халқы үлкен қуанышпен қарсы алды және қаржылай тапшылық көрген кездерде қол ұшын беруге әзір болды. Газет қаражатпен көмек бергендерді газетке жариялап, жәрдем бергендері үшін алғыс білдіріп отырды. Жалпы «Қазақтың» жарық көруіне елдің игі жақсы адамдары мен байлары, оқу орындарында оқыған студенттер мен оқушылары қаржылай көмек көрсеткен.
«Қазақ» газеті – бұл қазақ халқының тұңғыш, төл энциклопедиясы. «Қазақ» бірінші орында ұлт мәселесін көтерді. Ұлттық езгідегі жатқан қазақтың ұйқысынан оянып, алдыңғы қатарлы елге айналуына, білімді, мәдениетті халықтардың қатарына көтеруге, ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясының қалыптасуына күш салды. Кейіннен кеңестік жүйе тарапынан қатаң сынға ұшырап, «ұлтшылдықты» насихаттаудың бастауы осы органнан бастау алды деген тұжырымға ие болды. Әсіресе жалған жаламен жазаға ұшыраған қазақ зиялыларын айыптау барысында олардың ұлтшылдықтарын осы газетке жариялаған мақалалары мен осы газетті шығарудағы қызметтерімен дәлелденді.
Газет беттерінен бірінші жаһандық соғыс кезінен бастап, Ресей империясы мен шет мемлекеттер арасында болып жатқан саяси оқиғалары жайында, Балқан соғысы, бірінші империалистік соғыстың басталуы мен оның барысы, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар, соғыс техникасы мен қару-жарақтар, Қытай елінің өз тәуелсіздігін қорғау үшін күрес барысы және дүниежүзілік империалистік соғыстың Қазақстанға тигізген әсері жөнінде мәлімет ала аласыз.
«Қазақ» 1916 жылғы дүрбелең, бұратана атанған халықтарды тылдағы қара жұмысқа алу турасындағы патша Жарлығына қатысты туындаған жағдайды, ұлт зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірлерін талдауға алған бірден-бір басылым. Тыл жұмысындағы қазақтардың ауыр жағдайын көтеріп, дабыл қаққан да осы «Қазақ» болатын.
«Қазақ» газетінің ұлт демократиялық зиялыларының нағыз басылымына айналуы 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін өрістеді. Төңкеріс барысындағы Ресейдің ішкі саяси жағдайына сараптама берген де, қазаққа жол, жөн сілтеген де, патша үкіметі құлағаннан кейін ұлт зиялыларының органына айналып, елдегі саяси жағдай, демократиялық өзгерістердің жүргізілу барысы жайында мағлұматтар жариялап, Ақпан революциясының нәтижесінде құрылған Уақытша үкіметті қолдауға, Құрылтай жиналысына әзірлік жұмыстарын жүргізуге шақырған да осы басылым.
«Қазақ» газеті – «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің үні болды. Алаш қозғалысының әрбір қадамын айнаға басқандай тізіп, аласапыран тұста адаса бастаған қазаққа бағыт берді. «Алаш» партиясының бағдарламасы, оның саяси қызмет барысы туралы, ұлт зиялыларының идеологиялық-демократиялық ой-пікірлері басылды. Бұл басылымдарда жарияланған материалдардың деректік құндылығын соңғы жылдарда жазылған ғылыми жұмыстар дәлелдеп отыр. «Қазақ» арқылы Алаш тарихына байланысты кем-кетігіміз толықтырылды. Газеттен 1917 жылғы қос төңкеріс тұсындағы қазақ халқының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін, саяси жағдайларды, Алаш қозғалысының мүшелерінің қоғамдық-саяси қызметі туралы тың мәліметтер таба аласыз. Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын, оның ішінде ауылшаруашылығы, өнеркәсіп пен сауда мәселесі, ел мәдениеті, әдебиеті, тарих мен этнографиясы да басылымға арқау болған.
Қазақ елі газеттің қараңғыда жүрген халықты жарық сәулеге қарай сүйреуін, оған барлық қырғыз-қазақтар қолдау көрсететіндігіне сенім артуын Ахмет толықтай орындады. Ондағы мәліметтер қаншама ғылыми зерттеулерге, еңбектерге арқау болды.
Бұл газет жаңа өріс алған азаттық күрестің ұйытқысы бола білді. Газет айналасына топтасқан зиялы қауым өкілдерінің шыңдалып, саяси күреске шығуына ұлтқа рух берген М.Шоқай, М.Тынышбаев, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ғ.Қараш, Ж.Жәнібеков, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Ж.Ақпаев, Х.Досмұхамедұлы сияқты зиялылары мен қазақтың игі жақсы азаматтары топтасып, жол сілтеуші, дем беруші болды.
«Қазақ» шынайы жалпыұлттық саяси-қоғамдық газет болып, қазақ өміріне қатысты мәселелерге ой жіберіп, ұстанған бағыт-бағдарын үнемі білдіріп отырды. Жалпыұлттық мүдделер үшін қызмет етуге әр уақыт даяр екендігін, ол үшін әлеуметтік күштерді біріктіру арқылы ұлттық бостандық пен тәуелсіздікке жетуге болатындығын насихаттады. Сонымен қатар басылым саяси-әлеуметтік іс-әрекеттердің ұйымдастырушысы да бола білді.
Елде большевиктік жүйе орнатылғаннан кейін қабылданған әкімшіл-саяси Ережелер мен қаулы-қарарлар өзгерістер әкелгенімен, баспасөз саласы сол қалпында қалып, тек бұрындары шығып отырған газеттер ендігі жерде большевиктік басылымдарға айналып, атауын ғана өзгерткенмен, оның құрамындағы қызметкерлері бұрынғысынша қалыппен жұмыс істеп, қажет деп тапқан материалдарын жариялаумен болды.
«Қазақ» газеті мен оның айналасына топтасқан ұлт зиялылары газет жабылғаннан кейін де өздерінің алға қойған ұлттық мүдделерін басқа баспасөз басылымдарымен де жеткізе білді.
«Қазақ» газетінің ұлтшылдық пиғылды ұстанғандығы отызыншы жылдары ұлт зиялыларын баспасөз барысы арқылы қудалауда көрінді. Газет алашордашылардың идеясын кең насихаттаған құралының бірі делініп, оның айналасына топталған ұлт зиялыларына «кеңес өкіметі тұсында кезінде газет арқылы ұстанған бағыттарын одан әрі өрістетіп, жаңа социалистік жүйенің қалыптасуына кедергі жасады» деген негізсіз айыптар тағылды. Сөйтіп, патша үкіметі кезінде сынға алынған, бірнеше айыптар тағылған «Қазақ» газеті кеңестік жүйе тұсында да нағыз ұлтшылдық пиғылды ұстанған басылым ретінде бағаланды.
Сөзімізді түйіндей келе, Ахмет Байтұрсынұлы ұйымдастырып, басшылық жасаған «Қазақ» газеті өзінің беттерінде қоғамдық мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуға тырысқандығы, еліміздің ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрес тәсілдерін басылым арқылы көтере білуі ХХ ғасыр басындағы ірі жемісі дер едік.
АЛАШТЫҢ ҮНІ
«Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 110 жыл толуына орай Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Ұлт рухын асқақтатқан басылым» атты республикалық конференция өтті. Байыпты басқосуды Алматы қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі, әдебиеттанушы, ғалым Мамай Ахетов жүргізді. Алғашқы сөзді алған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Ысқақов ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және министр Дархан Қыдырәлінің арнайы жолдаған құттықтау хаттарын оқып, «Қазақ» газетінің өткені мен бүгініне тоқталды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «Қазақ» газетінің шығу тарихынан сыр шертіп, оның қазақ руханиятындағы орны жайлы сөз қозғады. Қазақстан журналистер академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Сағымбай Қозыбаев пен тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ханкелді Әбжанов «Қазақ» газетін мемлекет қамқорлығына алу, журналистика факультетінің студенттері арасында кеңінен насихаттау, қайтадан ұлттық басылымға айналдыру туралы ой-ұсыныстарын ортаға салды. Астанадан арнайы ат терлетіп келген саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір сөз басында «Қазақ» газетін 88 жылдан кейін тірілтіп, 2006 жылы қайта шығарған Қоғабай Сарсекеевтің ерлік ісін еске түсірді. Қазіргі ұжымға ардақтыларымыздың кешегі дәстүрін бүгінгі заманға сай жалғастыра берулеріне тілектестік білдірді. «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдардағы сандарын төте жазудан қазіргі жазу үлгісіне көшіріп, кітап шығарып жүрген «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес келелі ой, кесімді пікір айтты. Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынова «Қазақ» газеті: Төте жазу, емле алғаш сыналған Алаш үні», тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Қазақ» газеті және ұлт зиялылары», Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы Райхан Имаханбет «Қазақ» газеті – ұлттық болмыстың көшбасшысы» тақырыптарында баяндама жасады. Алаштанушы-ғалым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай «Қазақ» газетіне қатысты мәлім де беймәлім деректер келтірді. «Қазір «Қазақ» газетін зерттеп, онда есімі анықталмаған тұлғаларды анықтап жатырмыз. Жалпы газетте 3 866 бүркеншік есім бар, яғни олардың кім екені анықталмаған. Болашақта біз «Қазақ» газетінің негізінде «Бүркеншік есімдер сыры» деген кітап дайындаймыз. Әлі «Қазақ» газетінің 17 саны табылған жоқ. Табылмаған нұсқалар шетелдегі абоненттердің сақталған коллекциялық қорларынан немесе Ресейдің мұрағаттарынан табылып қала ма деген үміт бар», – дейді Елдос Нүсіпұлы. Конференция соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Ысқақов «Қазақ» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі Серік Шайманды «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен, бас директор Қали Қамбаровты, бас редактор Жасұлан Мәуленұлын, тілші Қызжібек Әбдіғаниқызын «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Ал «Қазақ» газетінің құрылтайшысы Махмұт Нәлібаев Алаш арыстарының аманаты, ұлт айнасына айналған тарихи газеттің дамуына зор үлес қосқан бір топ тарихшы мен алаштанушыларға «Қазақ» газетіне 110 жыл» мерейтойлық төсбелгісін табыстады. Конференция аясында бұрынғы мен бүгінгі «Қазақ» газетінің тігінділері, 1913-1918 жылдардағы газеттердің төте жазудан қазіргі жазу үлгісіне көшіріліп, жарық көрген кітаптар көрмесі қонақтар назарына ұсынылды.Светлана СМАҒҰЛОВА, тарих ғылымдарының докторы