Мәдениет
«Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым...» немесе исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті туралы не білеміз?
- author AR-AY
- 7 ақпан, 2023
- 275
«Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым...» немесе исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті туралы не білеміз?
Исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті – балалар ауыз әдебиеті және балалар жазба әдебиеті болып екіге бөлінеді. Сол кезеңдегі балалар ауыз әдебиеті өте бай болған. Оларға құстар, ағаштар, су иесі, жел иесі туралы мифтік әңгімелер, пайғамбарлар туралы әңгімелер мен қиссалар, дастандар мен өлең-жырлар, сол дәуірде өмір сүрген батырлар мен ойшыл-данышпандар туралы әңгімелер, мысал әңгімелер, ертегілер, аңыз әңгімелер, жұмбақтар, жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдер, тағы басқа дүниелер жататыны белгілі.
Мысалы, құстар туралы мифтік әңгімелер қатарында «Құстар», «Пайғамбардың келіні», «Байұлы» (бірінші түрі), «Сүтақ», «Байұлы» (екінші түрі), «Бөдененің құйрығы неге қысқа?», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Кісі һәм ит», «Иттің «еншісі», «Жарқанат неге түнде ұшады?» сынды туындыларды атап өтуге болады. Ал ағаштар жайында «Қарағай мен сексеуіл туралы», «Тобылғы, баялыш, арша туралы» сияқты көптеген ертегілер, аңыз әңгімелер, тақпақтар, өлең-жырлар, қиссалар мен дастандарды мысалға келтіре аламыз.
Исламдық түркі дәуіріндегі балалар жазба әдебиетіне отырарлық Әбу-Насыр (Әбу Насыр әл-Фараби), Қожа Ахмет (Қожа Ахмет Иасауи), бақырғандық Сүлеймен (Сүлеймен Бақырғани), баласағұндық Жүсіп (Жүсіп Баласағұн), қашқарлық Махмұт (Махмұт Қашғари), жүйнектік Ахмет (Ахмет Жүйнеки) үлес қосқанын айта кетуіміз керек.
Отырарлық Әбу Насырдың «Қашықтасың, туған жер», «Бауырым қанша сүйгенмен», «Тамылжып бал тыныштық айналамнан», «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» атты балаларға арналған өлеңдері балалар әдебиетіне ежелгі дәуірлерде өмір сүрген ақындар да көңіл бөлгенін дәлелдейді. Демек, Әбу Насырды балалар әдебиетін қалыптастырушы, балалар әдебиетіне өзіндік үлес қосқан ақын деп айта аламыз.
Ақын «Қашықтасың, туған жер» атты өлеңінде:
Қашықтасың, туған жер-қалың елім,
Небір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен,
Қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен..., – деп, туған жері Отырарға деген сағынышын өлең жолдарымен білдіреді. Балалық шағы Отырарда өткен ақын өзінің ойнап-өскен туған жерін сағына жырлайды. Ақын жүрегі туған жер деп соғады, өтіп жатқан өмірін-жылдарын өлеңмен өреді:
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Ақын надан, сауатсыз адамдардың билікке, ел басқаруға құмарлығын сынайды, ондай адамдардың іс-харекеттерінен түңіледі, «көкірекпен сезініп, күрсінеді»:
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі...
Ақын таңертеңнен кешке дейін, күн сайын, ай сайын, жыл сайын өмірдің қайнап жататындығын, сол қайнаған өмірдің ішінде адамзатты құраушы адамдардың ғұмырының мәңгілік емес екендігін тағы бір еске салып өтеді. Жалған дүниенің қуанышы мен қайғысын басынан өткізіп, арман мен мақсат жолында бар күш-жігерін жұмсап, фәни дүниеден көзді ашып-жұмғанша өтетінін терең оймен, салиқалы ақылмен жазып кетеді:
Жататын дәйім жаңғырып,
Бұл ғұмыр емес мәңгілік.
Бейопа мына заманда,
Бақұл боп кетер адам да.
Жастарға «Заман талабына сай еңбек ет, халқыңа қызмет қыл, жүректің мол отымен еңбек ет, алдыңа қойған арманыңнан бір сәт ауытқыма, білімді серік қылып, ұлы мұрат жолына түс, еліңнің мақтанышы бол, мемлекетіңнің қорғаны бол...» дейді:
Сонда да беріп кетеміз,
Жүректің отын молында.
Арманды аңсап өтеміз,
Біз ұлы мұрат жолында.
Отырарлық Қожа Ахметтің (Қожа Ахмет Иасауи) хикметтерінен балаларға арналған өсиеттердің лебін байқауға болады. Ақын діни-ағартушылық бағытта хикметтер жазып, балаларға адалдық пен имандылықты, мейірімділікті насихаттайды:
Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында ораза ұстап әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып тәубе қылдым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Бақырғандық (түркістандық) Сүлейменнің имандылық, еңбекке баулуды мақсат ететін өлеңдері балалар мен жасөспірімдерді, жастарды заман ағымына сай өмір сүруге баулиды. «Құдайға құлшылық еткің келсе...» атты өлеңіндегі «Таңсәріде тұруды әдет қыл» желісі жастарды имандылыққа, еңбекке тәрбиелеуді, өмірді сүюді, өмірді сүю арқылы Құдайға құлшылық етуді, осынау асыл қасиет арқылы адамгершіліктің биік шыңына жетелеуді үндейді:
Құдайға құлшылық еткің келсе,
Таңсәріде тұруды әдет қыл.
Өзіңді (тозақ) отынан құтқарғың келсе,
Таңсәріде тұруды әдет қыл.
Сәріде тұрғандар ер болады,
Алладан үлес алады...
Жүсіп Баласағұнидың нақыл өлеңдері мен білім туралы ойлары да балаларға арнап айтылғанымен, жас ұрпақтың ақыл-өсиет туралы үғымының кеңеюіне, білім туралы ойларының тереңдігіне, бала психологиясына әсер етер күші орасан.
Ақын нақыл өлеңдерінде «Ойлап ап, жақсы сөйле инабатты, Жауабың болсын қысқа, тиянақты...» деп терең ойдың тұңғиық жүгін сөзге жүктейді. Адам баласы сөз айтқанда нені болса соны шатпақтап айта бермеуі тиіс емес пе?. Ауыздан шыққан әрбір сөзді ой сүзгісінен өткізіп барып айту керек. «Сөзің (жауабың) қысқа әрі тиянақты» болсын дейді. Бұл көпіріп сөйлей бермей, дүйім жұртты саналы сөзбен, тиянақты оймен аузыңа қарат деген ұғымды аңғартса керек. Отыз тістің арасынан шыққан отыз ауыз сөзің үшін ертең жауап бересің, немесе отыз тістің арасынан шыққан отыз ауыз сөз дүйім жұртқа ақыл-өсиет болып даруы тиіс дейді: «Басқа амандық, табыс күтсең ісіңнен, Аңдаусыз бір сөз шығарма тісіңнен...». Көңілің, жаның жаман ойдан, жаман сөзден таза, ісің жұрт қызығарлықтай жағымды, түзу болса, сенің жүзің барлық кезде жарық болатынын «Жаның ізгі, ісің түзу болғанда, Жүзің жарқын бақи менен жалғанда...» деген жыр жолдарымен жеткізеді. Адам бойындағы ұят, имандылық, адамгершілік қанша көп болса, сол адамның бойынан шындық еш уақытта өшпейді, егер адам бойында осы қасиеттер жоқ болса, онда ол адамда шындық, ақиқаттық болмайды: «Бұған ұят, шындықты әкеп қосыңыз, Көгертетін ерді осы үш досыңыз...». Ақынның өсиеті: «Кісі танымақ болсаң – ісіңе қара», «Арсыз – адамның қоры...». Яғни арсыз адамда жақсы, өзгелер сүйсінерлік қасиет болмайды. Ол – адамның қоры, «арсыз адам» деген жаман атты арқалап жүреді. Ақын «өзіңнің адалдығыңды сезін, арамдыққа жаның қас болсын, сонан соң ғана дос таңда, жүкті әліңе қарап көтер, әліңе қарамай жүк көтеріп, өзгелерге күлкі болма...», дейді. «Өзіңе қарап дос таңда, Әліңе қарап жүк көтер...» деген тармақтар осындай ойды қаузайды. Ақынның: «Жай алмақ болсаң – көршіңді қарастыр, Жер алмақ болсаң – суын сұрастыр...» дегені де ақылға қонымды, ойыңды ізгілікке жетелейтіні рас. «Жақсы көршімен өмір сүру қандай ғанибет, үй салмақ болсаң ең бірінші судың бар-жоғына назар аудар» дегенді меңзейді. Сонымен бірге: "Маңайлатпа өсекшіні жырынды, Біліп алып, елге жаяр сырыңды...», дейді. Мұның бәрін балалар мен жасөспірімдер жастайынан біліп өссе, одан ақылды жан болмас сірә. Біздің қазақта: «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл бар. Ақынның: "Нені көрсе, бала бесік-ұядан, Өмір бойы соны шалар қиядан...» деген нақылы осы сөздермен үндеседі. Ел-жұрттың өнегелі адамды сыйлайтынын, оның орны әрдайым төрде болатынын: "Биязыны жұрт хош көріп тұрады, Инабатты кісі төрге шығады...», деп өрнектейді.
Қашқарлық Махмұттың ел аузынан жинаған мақал-мәтелдері, білім туралы ойлары балалар тәрбиесінің алтын қазығы деп атасақ та болады. Баланың санасына оң әсер ететін, ой-өрісін тереңдететін, қоршаған ортаға үңіле қарауға ықпал ететін, дүниеге деген көзқарасын арттыра түсетін ақыл сөздері исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиетінің асыл мұралары болып саналатыны анық. «Бір-бірлеп мың болар, Тама-тама көл болар», «Хас батыр өткінші жаңбырдай», «Білімді мірдің оғындай» деп айтылатын нақылдары жастарды терең ойлануға баулиды. Әсіресе білім туралы: «Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар», дейді. Яғни адам бұл өмірден өтеді де кетеді, артындағы білімі – жазған хаттары, өсиеттері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалады. Ойшыл: «Білікті адам айтпай-ақ жаныңды ұғар», дейді. Мұнда да білімді адамның өзгелерден мәртебесінің жоғарырақ екенін атап айтып тұр. Немесе: «Білімдіден сөз тыңдасаң, күш тасыр, Үйренгенді желге ұшырмай іске асыр...» дегені де тамаша тағылым. Мұнда да білімді адамның қоғамдағы орнының биікте екенін айтып, оның өнегесінен үлгі алып, қоғамда өз ойыңның жемісін халыққа ұсын дегендей ой салады. Сондай-ақ: «Білімдінің сөзімен бұзу оңай торды да, Ақыл сөзді сіңірсең, жоғалмайтын сол мұра...» деген өнегелі сөз айтады. Немесе: «Белгісі болса –
жолдан жаңылмас, Білімі болса – сөзден жаңылмас...», дейді. Яғни адамның алдына қойған арман-мақсаты айқын болса, жетпей қоймайды, арман мен мақсат адамның жүріп келе жатқан жолының белгісі, адам баласы сол белгіні көздеп арман-мақсатына сапар шегеді деген ұғымды меңзейді. Сондай-ақ білімді адам қай кезде де сөзден жаңылмай, сөз тауып кететіндігін, сөзбен дүйім жұртты аузына қарататындығын үйлесімді жеткізген. Ал мына ойы өсіп келе жатқан баланың, жасөспірімнің санасына құйыла түседі: «Ұлым саған айтайын өсиетін дананың: «Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым...».
Жүйнектік Ахметтің «Ақиқат сыйы», «Жалғыз Алла жайында», «Өлім мен өмір жайында», «Пайғамбар жайында», «Төрт сахаба жайында», «Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны жайында» атты өлеңдері балалар мен жасөспірімдерді адалдыққа, имандылыққа, адамгершілікке баулып, білімнің пайдасы, адамзаттың өсіп-өркендеуіне әсер ететін қуатты күші жайлы поэзиялық өрнекпен жырлайды.
Ақынның «Ақиқат сыйы» атты өлеңінде:
Ей, Алла, көп мінажат етем саған,
Ең әуелі рақымың мен аңсаған.
Мақтауға лайықты тіл жете ме,
Төгейін тіл өнерін, жар бер маған! десе, келесі туындысында:
Білімді – алтын көзі ашылатын,
Надан жан – қара бақыр шашылатын.
Білімсіз тең бола ма білімдімен,
Азамат – білікті әйел, ез ер – қатын, –
деп ой сабақтайды. Яғни білімді алтын көзіне балайды, ал надан, топасты қара бақырға теңейді. Білім алуды насихаттау, білімді адаммен білімсіз, надан адамды салыстыра сипаттау өз дәуіріндегі поэзиядағы үлкен жетістік екенін айта кетуіміз керек.
Ақынның:
Сүйекте жілік болар, ерде – білік,
Ақыл ғой ердің көркі, етте – жілік.
Жіліксіз ет секілді білімсіздік,
Қол созбас сүйексізге бұл тіршілік, – деп, жігіт бойындағы ақыл мен біліктіліктің адамгершілікке жетелейтінін, білімсіздіктің «жіліксіз ет секілді» болатынын атап көрсетеді.
Ахмет Жүйнекидің поэзиялық туындыларының маңызы уақыт өткен сайын адамзат игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз. Ақиқатты ту қылып, шындық үшін күрескен ақынның шығармалары жастардың санасына ақыл болып кіріп, оларды ізгілікке, адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелейді.
Исламдық түркі дәуіріндегі балаларға арналған ардақ сөзге толы ақындардың поэзиялық туындылары өскелең ұрпақтарды имандылыққа, білімге жетелеп, өнерге деген құштарлығын арттыра түсетіндігі даусыз.
Меңдібай Әбілұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Келесі мақала