Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамға қамқор жүрек керек

Қоғамға қамқор жүрек керек
ашық дереккөз
Қоғамға қамқор жүрек керек
БҰҰ-ның дерегінше, республикамызда жылына 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады екен. Күйеуінен қорлық көрген қыз-келіншектер қатары пандемия кезінде тіпті көбейе түскен. Осыған орай елімізде тұрмыстық зорлық құрбандарына пана болатын мемлекеттік және жекеменшік дағдарыс орталықтары көптеп ашылуда. Бұдан бөлек барлық аймақта әйелдерді отбасыдағы ойраннан қорғау топтары қызмет етеді. Алайда әлімжеттік көрсету тыйылар емес. Қоғамда жұмыссыздықтан ішкілікке салынып, отбасына зәбір көрсетіп, шаңырақтың берекесін алатын азаматтар аз емес. Өкінішке қарай алтын бесік ауылдарда да мұндай жағдайлар жиі орын алып жатады. Ата-аналары шалғайда тұратын осындай халге душар болған қыз-келіншектер жетерлік. Тағдыры тұйыққа тірелген мұндай жандарға, олардың балаларына дағдарыс орталықтары үлкен көмек көрсетеді. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қиын өмірлік жағдайға түскендерге арналған дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова 27 орынға арналған орталықтың тарлық етіп жатқанын айтады. – Дағдарыс орталығы облыс әкімінің шешімімен 2014 жылы ашылды. Қаражат тікелей мемлекеттен бөлінеді. Орталық 27 орынға арналған. Бүгінге дейін 1 000-нан аса ана қабылдадық. Өткен жылы орталыққа 208 қызмет алушы келген. Оның 53-і әйел. Қалғаны балалар. Бізге келетін әйелдердің басым бөлігі көпбалалы аналар. Бір-екі баламен келетін аналар аз. Бес-алты, тіпті тоғыз баласымен келгендер бар. Қазіргі таңда 25 әйел қызмет алуда. Орталық 27 орындық. Орын аз болғандықтан әйелдер сыймай жатыр. Отбасында зорлық-зомбылық көріп, біздің көмегімізге жүгінген әйелдерді қабылдауымыз керек. Бірақ бізде орын аз болғандықтан кейбірін қабылдай алмай жатырмыз. Облыс бойынша дағдарыс орталығы Қордай ауданы мен Тараз қаласында жұмыс істейді. Биылдан бастап басқа аудандарда арнайы кабинеттер ашамыз. Бір психолог, бір әлеуметтік қызметкер келген әйелдерге көмек көрсетіп отырады. Қазіргі таңда аталған кабинеттер Шу, Сарысу, Жуалы, Меркі аудандарында қызмет көрсетуде. Ақпан айында Жамбыл ауданында ашылады. Жыл соңына дейін немесе жарты жылдықта қалған аудандардың барлығынан ашамыз. Тараз қаласындағы орталық облыстың барлық ауданынан және республика бойынша зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қабылдайды, – дейді орталық басшысы. Қоғам болған соң әрқилы пікірлердің айтылмай тұрмайтыны тағы бар. «Таяқтың екі ұшы болады» демекші, дағдарыс орталықтарының көптеп ашылуының да кері әсерін тигізетін тұстары жетерлік. Қыз-келіншектеріміз мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты басқаша түсініп, қит етсе жақыннан «қамқор төркін» тауып алып, киім-кешегін буып-түйіп, балаларын жетектеп орталықты паналауды әдетке айналдырса ше? Алайда көпшілік тарапынан да жиі-жиі айтылып қалатын бұл ойымызға орталық басшысының айтар өз уәжі бар. Айтуынша, дағдарыс орталығына әйелдер себепсіз келмейді. – Орталықта Тараз қаласындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы мен қалалық жұмыспен қамту орталығының сарапшыларынан құралған арнайы комиссия жұмыс істейді. Орталыққа келген кез келген әйел қабылдана бермейді. Алдымен арнайы комиссияның сынынан өтуі керек. Әйелдерге түрлі сұрақтар қойылып, жағдайлары анықталады. Зорлық-зомбылық, қорлаудың да неше түрлісі бар. Оларға сол бойынша баға беріледі. Содан соң ғана қабылдаймыз. Бұған дейін болмайтын нәрсені себеп етіп, тірліктен қашып немесе басқа өмірді аңсап келгендер болған жоқ. Себебі қазір қоғамда сондай пікірлер қалыптасып жатыр. «Арқа жылы болса арқар ауып несі бар» деген мақал бар ғой. Үйде жағдайы жақсы болса, ешкім қашпайды. Жақсы әйел тыныш үйінен кетіп қалып, басқа жерді паналамайды. Бізге келетіндер шынымен күйеуінен зорлық-зомбылық көретіндер. Соңғы кездері күйеулері былай тұрсын, енелері де сыйғызбай, үйден қуылған қыз-келіншектердің де саны артып келеді, – дейді ол. Ал жуырда облысымызға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев келгенде «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали осы мәселеге қатысты ойын білдіріп, түйткілдің салдарымен емес, себебімен күресуді күшейту керек екенін жеткізді. – Елімізде әйел-аналар, қыз балалар үшін өмірдің түрлі қиын жағдайына тап болғанда паналайтын, көмек қолын созатын орталықтар бар. Ойнап жүріп от басқан, ерте жүкті болған қыздарға «Ана үйі», тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге дағдарыс орталықтары қызмет көрсетеді. Отбасында зәбір көрген әйелдердің қатары жыл өткен сайын артпаса, кеміп жатқан жоқ. «АMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасында өңірде отбасын қолдау, отбасылық кикілжіңдерді шешу және әйелдер мен балаларды уақытша панамен қамтамасыз етумен айналысатын 234 орталық ашылады деп жоспарланған. Тараз қаласында және Қордай ауданында дағдарыс орталықтары бар. Сонымен бірге Байзақ ауданында да мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде тағы бір орталық ашылады деп күтіліп отыр. «Өңірлерде осынша дағдарыс орталығын ашу керекпіз» деген ұранмен ұлттық менталитетімізді ұмыт қалдырмасақ екен. Қырық рудан тұратын, түрлі этностар шоғырланған аймақтарда болмаса, қазақы аудандарда мұндай орталықтар ашудың тиімділігі қандай? Соңғы жылдарда ерте жүктілік, әкесінің қызын зорлауы, баласының ата-анасын пышақтауы, жантүршігерлік қылмыстардың түр-түрі шалғай ауылдарда, елді мекендерде орын алуда. Қазақты тойшыл деп кінәлаймыз, бірақ ауылдағы қазақтың тойдан басқа «ермегі» қалмады. Сондықтан дағдарыс орталығынан гөрі, дағдарыстың алдын алатын орталықтарды көбейту керек! –дейді Эльмира Инаятқызы. Бүгінде елімізде тура жолдан тайғандарды жолға салатын оңалту орталықтары, балаларды қамқорлыққа алатын аналар үйі секілді орындар көп. Жалпы бұл қоғам қамқорлыққа мұқтаж болып тұрғанын аңғартса керек. Алайда дәріні де шамадан тыс көп ішсе, ол уға айналатынындай болашақ ұрпаққа кері әсерін тигізбесе екен дейміз.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар