Өңірлік басылымдардың өзіндік жолы бар
Жаһандану дәуірінде жалт-жұлт етіп көзді арбаған, көңілді аулаған желінің әсері ме, әйтеуір кейінгі кезде «Қазір ешкім газет оқымайды» деген сарында пікір білдіретін адамдар көбейді. Мұндай ойды басқа-басқа, ұстаздардың ұстазы деп әспеттеліп жүрген білім беру ұйымдарының басшылары айтқан соң не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Осындайда «Қоғамға газет қажет пе?» деген заңды сұрақ туындайды. Бір ғана саланы алайықшы. Кейбір мұғалімдердің айтатыны: «Педагог мәртебесі туралы» заң бар. Бізді ешкім газетке жазылуға мәжбүрлей алмайды». Жарайды делік. Ал енді сол педагог кейінірек «Маған шұғыл бір мақала шығару керек болып тұр. Әйтпесе аттестациядан өте алмайтын түрім бар. Сіздерде дайын мәтін бар ма?» деп хабарласқанда еріксіз таңғаласың.
Сол сияқты бір іс-шара ұйымдастырып, соған тілшілерді шақыру мақсатында редакцияға хат жолдайтын мекемелер аз емес. Арнайы шақырып тұрған соң ақпараттық қолдау көрсетеміз. Бірақ сол мекеменің бірде-бір дана газетке жазылмайтынын қалай түсінуге болады? «Мүмкін болса, шыққан мақаланың PDF-нұсқасын жібере аласыздар ма?» деп баспасөз хатшысы қоңырау шалып тұрады. Мұндайда түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіре алмайтын басшыларға сын келеді. Әйтпесе қоғамға газет керек. Міне, осындай бір-біріне кереғар ұғымдардың шырмауында мазасыз күй кешіп жүргенімізде Астанада өңірлік мерзімді басылымдар форумының өтетіндігі туралы естіп, қуанып қалғанымыз рас. Шыны керек, БАҚ-тың ауқымды бір саласын ғана қамтыған мұндай форматтағы басқосу бұрын-соңды болған емес. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлерге іссапар кезінде көптеген редакцияларға ат басын бұрып, басылымдардың жай-күйімен танысқан болатын. Сонда жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу жолдарын Астанада ойласуға уәде еткен-ді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, елордада екі күнге созылған ерекше басқосу өтті. Көкейде жүрген көп сұрақ қойылды. Сан сауалға салмақты жауап берілді. Сонымен, біз маңызды жиыннан не түйдік?
Келісіп пішкен тон келте болмас
Бірден айту керек, бұл басқосудың есептілік үшін емес, баспасөзге қатысты мәселені бүге-шігесіне дейін талқылауға арналып ұйымдастырылғаны байқалып тұрды. Жиынға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат ат арытып келді. Екі күн бойы түрлі сессиялар, мастер-кластар, тағылымды талқылар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдістері, конвергенттік журналистика, газет тарату және жеткізу, баспа БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру секілді 7 панельдік сессияда маңызды мәселелер талқыланды. Шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов арнайы қатысып, сөз сөйледі. – Баспасөз басылымдары тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші негізгі ақпарат құралы болып отырғаны сөзсіз. Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген да-налығы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде баспасөз басылымдарының жыл санап көбейіп келе жатқанын айтуымызға болады. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматық қоғаммен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік БАҚ мәселелері, атап айтқанда, оқырмандар саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Сол үшін еліміздегі БАҚ өкілдерінің кәсіпқойлығы мен сапасын одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Халықты арзан дүниелермен емес, пайдалы ақпаратпен сусындатып, рухани, мәдени, танымдық, ұлттық құндылықтармен байыта білгеніміз абзал, – деді Алтай Көлгінов. Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары өңірлік БАҚ мә-селелерін жақсарту үшін жауапты министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек екенін айтты. Ол министрлікке аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ қазақстандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Форумның алғашқы күнінде «Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ» тақырыбында өрбіген бірінші панельдік отырыста қазіргі заманғы баспасөздің ахуалы, жаңа заманға бейімдеу сияқты мәселелер кеңінен талқыланды. Бұл тұрғыда «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев, «М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан, «National Geographic Qazaqstan» журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Сұрақ-жауап кезеңінде қызу пікірталас өрбіді. Оқырман сұранысына ие болу үшін өңірлік газеттерге жаңғыру, жаңашылдық қажет екендігі айтылды. Осы орайда «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев газеттер әлі де бәсекеге қабілетті екенін, қажетті менеджменттің тетіктерін білу арқылы оқырман санын әлдеқайда көбейтуге болатынын тілге тиек етті. – Кез келген газетке жарнама берген тұтынушы ең алдымен сол газеттің сапасы мен санына мән береді. Әлеуметтік желідегі парақшалар қаншалықты жылдам болса да газеттердегідей ақпаратты жан-жақты толыққанды бере алмайды. Сол себепті біздің холдингте газет пен сайттың ұжымы бөлек. Олар бір-біріне бағынбайды, сондықтан да олар дербес. Сонымен қатар заман көшіне ілесу қажет. Мысалы, біз «TikTok» пен «YouTube» әлеміне өзіміз еніп, кеңінен пайдалануымыз керек. Басқа жол жоқ. Аудитория біздің соңымыздан емес, біз аудиторияның соңынан жү-руіміз керек, – деді Ысқақ Егембердиев. Ал «М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан шетел тәжірибесіне сүйеніп, әлем бойынша баспасөздің ахуалы туралы сөз қозғады. Ол конвергентті журналистика төңірегіндегі ойымен де бөлісті. Яғни тілші мақала жазумен ғана шектелмей әлеуметтік желіде белсенді болу, фото, видео түсіру, монтаж, дизайн жасай білу, оқиға орнынан тікелей эфир жүргізу сияқты қабілеттерді меңгеруі қажет. Сонда ғана ақпарат таратудың маңыздылығы артады, деді спикер.Газет оқымайтын мұғалім интеллигенция өкілі ме?
Қанша адам болса, сонша пікірдің болуы заңдылық. Дегенмен форум делегаттары арасынан мінберге шығып сөйлеген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанның сөзі көптің көңілінен шықты. – Өңірлік мерзімді басылымдардың ортақ мәселесі осы жерде айтылады деген соң Қазақстанның төрт тарабынан келдік. Менің журналистика саласында жұмыс істеп жатқаныма 40 жыл болыпты. Спикерлердің біліміне, білігіне қатты қызығып отырмын. Бірақ, өкінішке қарай, өңірлердегі жағдай басқа. Біз Америкада тұрып жатқан жоқпыз. Қазақстан дейтін мемлекетте өмір сүріп келеміз. Мұнда халық саны 19 миллион адамның о жақ, бұ жағы. Жарнама тарту туралы ұсыныс Астанада, Алматыда жүзеге асатын шығар. Ал ауылды жерде ше? Мына әңгіме ол жерге жүрмейді. Ең алдымен біз бір нәрсені анықтап алуымыз керек. Жалпы газет дейтін ақпарат құралы ма? Меніңше, газет ақпарат құралы емес. Газет – идеологиялық құрал. Мысалы, осы жиын туралы жазатын болдық. Ол кімге керек? Ең ерте дегенде ол оқырманның қолына ертең тиеді. Сонда ол қандай ақпарат болды? Оны мына жерде отырып әлеуметтік желілерге салып қояды. Демек, газеттің ақпараттық құны төмен түседі. Егер газет идеологиялық құрал болатын болса, ойымызды айтайық. Бұл идеология кімге керек? Мемлекетке керек пе, осыны айқындап алу қажет. Егер мемлекетке идеология керек болатын болса, қазіргі жағдайға түсер ме едік? Негізінен мемлекет идеологияға күнделікті бас ауыртуы керек деп ойлаймын. Ол идеологияның негізгі құралы – газет. Ал мемлекетке идеология керек болса, оған газет те керек. «Бұл – нарық. Газетке өзің жазыл. Оған ешкімді зорлауға болмайды» деген әңгіме Еуропада немесе Америкада жүретін шығар. Қанша жерден алты университет бітіріп келсеңіз де ол Қазақстанда жүрмейді. Сондықтан зорлау керек. Бұл қадам «Оқы, адам бол!» деп зорлау. Қазақта «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген мақал бар. Адам жақсы нәрсеге талап қою арқылы үйренеді. Мұғалім – ауыл интеллигенциясының жарқын өкілі. Ауылдағы №1 зиялы. Сонда газет оқымайтын интеллигенция бола ма? «Педагог мәртебесі» деген заң бар. Соған салсаң газетке мәжбүрлеп жаздыруға болмайды дейді. Ал енді кейбір мұғалімдердің әлеуметтік желіге жазғанын оқыңыздаршы, бір сөйлемнен 7-8 қате кетіп отырады. Сондай жандар біздің балаларымызды оқытып жатыр. Мұғалімдік дегеніміз – кәсіп. Инженер, веттехник дейтін де кәсіптер бар. Бір кәсіптің бір кәсіптен артықшылығы да, кемшілігі де жоқ. Егер «Педагог мәртебесі туралы» заң керек болса, онда басқа кәсіптерге қатысты да заң керек. Осы орайда менің бір өтінішім, «Журналистер туралы» бөлек заң қабылдау қажет, – деді Абай Балажан.Тарату қызметіне қатысты түйткілдер
Бүгінде басылымға жазылуды ұйымдастырудан кейін басталатын тарату қызметіне қатысты да түрлі сын-ескертпелер айтылып жүр. Яғни мерзімді газеттер көп жағдайда оқырманға уақытында жетпейді. Форум барысында осы тұрғыда туындаған сұрақтарға «Қазпошта» акционерлік қоғамының өкілдері жауап беруге тырысты. Дегенмен өткір-өткір сындар айтылды. Бұл тұрғыда біз де жарты айдан бері республикалық газетке қол жеткізе алмай отырғанымызды айтып, сауал қойдық. Тағы бір әріптестеріміз қашан онлайн жазылу жүйесі іске қосылатынын, неліктен әлі жүзеге аспаған тарату қызметіне толық көлемде алдын ала ақы алынатынын білгісі келді. Осы жерде «Сыр-медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаев өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Айта кету керек, 2010 жылы «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің редакциясы біріктіріліп, «Сыр медиа» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылған. Құрылған сәтте мекемеде 85 қызметкер жұмыс атқарыпты. 2011 жылы ақпан айында кәсіпорын жанынан облыстық деңгейде қоғамдық ой-пікірлерге, ұсыныстарға сараптама жүргізетін ақпараттық-талдау орталығы құрылып, штат саны 103 бірлікті құрайды. 2013 жылы «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайта ұйымдастырылып, оның құрамында 3 облыстық, 7 аудандық 1 қалалық газет және «Kyzylorda-News.kz» ақпараттық агенттігі, «Ақпараттық талдау» орталығы жұмыс істеп келеді. Тағы бір атап өтерлігі – серіктестіктің өз баспаханасы бар. Мұнда «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» және Атырау, Ұлытау облыстары мен жергілікті жеке газеттерді қоса алғанда 30-дан астам басылым басылады екен. Сонымен қатар газет-журналдарды да өздері таратады. – 2016 жылдың екінші жартыжылдығына дейін серіктестік газеттерін «Қазпошта» АҚ арқылы жаздыру және тарату жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда «Қазпошта» АҚ басшылығы 2016 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап газеттерді тасымалдау тарифтерін 30 пайыздан 50 пайызға дейін көтеру туралы хат жолдады. Одан бөлек «Қазпошта» тарапынан газеттердің уақытылы жеткізілмеуінен оқырмандар тарапынан арыз-шағымдар көбейді. Баспасөзге жазылудан «Қазпошта»-ға түскен қаржыны cеріктестік қызметкерлерінің жалақысы, коммуналдық және өзге де шығындар үшін, яғни өз қаржысына өтінім беріп, сұраныс жасау арқылы алып отыруға мәжбүр болдық. Туындаған мәселелерді тиімді шешу және бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында облыстың географиялық жағдайы ескеріліп, қажетті газет таратушылар саны және жұмсалатын қаржы көлемі есептелді. Осыған орай баспасөз және тарату бөлімі құрылды. Аталған қызметтерді жүзеге асыру үшін қосымша 9 баспасөз маманы, 9 менеджер, 6 газетті сұрыптаушы, 4 мекенжай жазушы, 256 газет таратушы жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде түнгі сағат 2-3-терде баспаханадан шыққан газет өз автокөліктерімізбен 2 бағытта аудан орталықтарына тасымалданып, сұрыпталып, келісімшарт негізінде жұмыс жасайтын жергілікті кәсіпкерлер арқылы облыс көлеміндегі 164 елді мекенге жеткізіледі. Жеткізілген газеттерді облыс көлеміндегі қала, кент және елді мекендердегі таратушылар уақытылы әрбір оқырманға жеткізіп, арыз-шағымдардың тоқтауына қол жеткізілді және «Сыр медиа» ЖШС баспасөзге жазылу және тарату қызметі бір жүйеге түсіп, басылымдарға жазылушылар тарапынан сенім қалыптасты. Сонымен қатар «Сыр медиа» ЖШС-ның 2016 жылы 274 штат бірлігіне қосымша баспасөзге жазылу және тарату қызметін ұйымдастырылуына байланысты 285 штат бірлігі қосылып, жалпы серіктестікте 559 штат бірлікті құрады. Бұл облыстағы жұмыссыздықты азайту жұмыстарына өз септігін тигізді, – деді А.Оңғарбаев.Жаңа заңнан үміт көп
Форум барысында ұйымдастырылған панельдік сессиялардың берері мол болды. Оның бірқатарына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің өзі қатысып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар отандық БАҚ-тың бүгіні мен болашағы жайлы сөз сөйледі. – Цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өзгертті. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатынымыз белгілі. Соның салдарынан көптеген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды. Әсіресе пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен бөлінген қаражаттардан құр қалған редакциялар аз емес. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз, – дей келе, Дарқан Қуандықұлы саладағы мәселелерді шешу жолдарын бірге қарастыру мақсатында бірқатар ойларын ортаға салды. – Біріншіден, біз журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген жаңа заң таяуда жұртшылық талқылауына шығарылды. Ол кеңінен талқылануда. Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз. Сонымен бірге «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға түзетулер әзірленуде. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Екіншіден, Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік. Үшіншіден, аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз. Төртіншіден, Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізіледі. Бесіншіден, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетеміз. Алтыншыдан, пост-шындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Осы орайда онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленуде. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы орайда басылымдардың жарнама берушілермен жұмысты жүйелі жолға қойғаны абзал. Жетіншіден, басылымдарды тарату төңірегінде түйткілді түйіндер бар екенін білеміз. Министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақытылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығы алынып тастау қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Сегізіншіден, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тоғызыншы, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн. Бұл арқылы ұлттық журналистикадағы шығармашылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселелерге тұтас еліміздің назарын аудара аламыз. Оныншы, шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс, – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму минитрі Д.Қыдырәлі. Дүбірге толы дүниеде дәстүрлі БАҚ-та дес бермей тұр. Өңірлердің тарихын тасқа басып, талай таланттың тұсауын кескен қасиетті қарашаңырақ – редакциялар уақыт тынысымен оқырманның әлі нешебір буынына қызмет көрсете беретіндігі сөзсіз. Ең бастысы жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып, сүбелі дүниелерді ұсына білуіміз керек. Ал берері мол басылымды билік те, бұқара да қолдайды.Тұрсынбек Сұлтанбеков Тараз – Астана – Тараз