Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫН ЖАЛҒАЙМЫН»

«БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫН ЖАЛҒАЙМЫН»
ашық дереккөз
«БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫН ЖАЛҒАЙМЫН»
Жас өрендеріміз оқушы кезінен түрлі додаларда топ жарып, алға суырылып шығып жатса, ең алдымен «Қай ауылдың тумасы?», «Қай мектептің оқушысы?» деп сұрау салып жатамыз. Неге десеңіз, әр баланың дамуына өскен ортасының, білім мен тәрбие алған ордасының да үлесі зор. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мадияр Бексұлтанов та Төле би ауылындағы Мұхтар Әуезов орта мектебінен әлемдік деңгейге дейін танылып, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген былғары қолғап шебері. Өткен Барыс жылы барыстай айбыны бар Мадияр үшін олжалы жыл болды. Боксшы наурыз айында Иордания мемлекетінің Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатынан қола жүлдегер атанып, абыройымызды асырса, араға бірнеше ай салып Сербияның Врбас қаласында кадеттер арасында өткен «6th JUNUOR NATIONS CUP» халықаралық турнирінде чемпион атанып, қуанышымызды еселеген еді. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, оқушы кезінен оза шауып, әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп жүрген Мадияр Бексұлтановпен сұхбаттасуды жөн деп санадық. Мадияр, бокспен қанша жасыңнан бастап шұғылдана бастадың? Боксты таңдауыңа не түрткі болды? Алғаш рет рингке шыққан сәтің есіңде ме? – Бала кезімізде туыстарымыздың үйіне барсақ болды, үлкен ағаларымыз кішкентайларды күрестіруді қызық көретін. Жеңіп жатсақ әкелеріміз, ағаларымыз әжептәуір марқайып қалатын. Бала күнімде жұдырығым жуан болса керек, әкем қос алақанын тосып, «Соқ-соқ» деп отыратын. Халқымызда «Әке балаға сыншы» деген аталы сөз бар. Бойымдағы қайтпас қайсарлығымды, спортқа жақындығымды әкем байқап, 9 жасымда спорт мектебіне өзі алып барды. Сол кезде рингті алғаш рет көріп, өзім қатарлы балалармен жаттықтым. Әр күні әкем бокстың қандай әдіс-тәсілдерін үйренгенімді сұрап, өзінің білгендерімен де бөлісетін. Жаттықтырушылардың табандылығының, әкемнің қадағалауының арқасында шыңдалу үстіндемін. – Өмірлік мақсатыңды спортпен байланыстырасың ба? Спортта кімді үлгі тұтасың? – Спортқа келіп, боксты таңдаған күннен бастап алдыма бірнеше мақсат қойдым. Шүкір, бокстың арқасында ата-бабамның аяғы тимеген шетелдерді көрдім. Әлемдік шаршы алаңдарда мықты деген қарсыластармен жұдырықтастым. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға аянбай күш жұмсауға бекіндім. Қандай да бір байрақты бәсекеге қатысқанда көк туымның көкке көтерілгенін көруге асығамын. Бала күнімде теледидардан Олимпиаданы көргенде Қазақстан спортшысы жеңіске жетсе қуанатын едік. Әнұранымыз естіліп, көк туымыз көкте желбіресе ерекше толқимын. Мен спорт саласында Сидней Олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен талантты боксшы Бекзат Саттархановты үлгі тұтамын. Небәрі 20 жасында қыршын кеткен ағамыз жеңіс тұғырына көтерілген 2000 жылы мен тіпті дүние есігін ашпаған да едім. Жастайынан спортқа әуес болып, 20 жасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан І дәрежелі «Барыс» орденін алған тұңғыш спортшы ретінде тарихта және біз секілді жандардың жүрегінде қалды. Бекзат ағамыздың жеңісті жолы бізге бұйырып, қазақтың арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ұлдары көбейе берсін! – Жаттықтырушыларың жөнінде айтып өтсең. – Кез келген мықты спортшының артында білікті бапкер мен жанкешті жаттықтырушы тұрады. Жеңіс пен жеңілісті спортшымен бірдей көтеретін мамандар көп жағдайда көзден тасада қалады. Жеке жаттықтырушылар спортшының спортқа деген алғашқы қадамын басқызса, өсе келе бас бапкер атлеттің кәсіби спорттағы жолын бағдарлап, нағыз спортшы ретінде қалыптастыруға негіз болады. Түптеп келгенде, спортшыны жеңіске де, жеңіліске де жетелейтін жаттықтырушы болып табылады. Алғашқы бапкерім Ақан Үсенбаев ағамыз болатын. Ақан ағаны Шу өңірі жақсы біледі. Ол кісі талай талантты боксшыларды түлетіп, қыран құстай баптады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Ақан ағаның шәкірті болғаным үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Білікті бапкерімнің арқасында бокстың түрлі әдіс-тәсілдерін үйрендім. Бапкерім тек боксқа баулып қоймай, өмірге де қажетті тәлім-тәрбиесін аянған емес. Ер жігітке тән қасиеттердің бойымыздан табылуына да көп септігін тигізді. Ал қазіргі таңда Ақан Үсенбаев ағамыздың шәкірті болған Бағдат Толыбаев ағамыз қанатының астына алды. Білікті ұстаздың алдын көрген Бағдат ағам да ұстаз жолын жалғастырып, бізді шынықтырып, баптап-баулуда. Қандай жетістікке жетсем де әуелі Алла, одан кейін білікті бапкерлерімнің арқасында жетіп отырмын. – Қандай қасиеттер ер жігіттің бойынан табылуы тиіс деп ойлайсың? Бүгінгі замандастарыңа көңілің тола ма? – «Ер жігітке жарасар, қолына алған найзасы, би жігітке жарасар, еліне тиген пайдасы» деп Бұқар жырау бабамыз текке айтпаса керек. Бүгінде жанымызға найзаны серік етпесек те былғары қолғап киіп, еліміздің намысын ту қылып ұстап жүрміз. Жігіттің бойынан еңбекқорлық, жауапкершілік, шыдамдылық сынды қасиеттер табылуы тиіс деп білемін. Еңбек қана ер адамның еңсесін тіктеп, асығын алшысынан түсіреді. Ал шыдамдылық қай сәтте де қиындықты көтергенде қара нардай қайыспай, қарсы келген кедергіге төтеп бере алуға септеседі. Жауапкершіліктің жүгі ауыр. Бұл сөздің үдесінен жігіттің жақсысы ғана шыға алады. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтпақшы, осы қасиеттердің үдесінен шығуға тырысып бағамын және замандастарымның бойынан да осы қасиеттер табылғанын қалаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК, журналист, Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар